Біз рәміздерді құрметтейміз!
Автор: gulzhan.tuleshov • Апрель 7, 2022 • Эссе • 1,225 Слов (5 Страниц) • 615 Просмотры
Әкімбаева Аружан Дүйсенбекқызы
Темір ауданы
Кеңқияқ жалпы орта білім беретін мектебі
9 «А» сынып оқушысы
Тилемисова Индира Анибековна
«Біз рәміздерді құрметтейміз!»
«Біз Тәуелсіздігіміздің нышандарын көздің қарашығындай сақтауымыз керек, қасиет тұтуымыз керек. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті.Өйткені олар – халқымыздың мақтанышы, біздің ең киелі құндылықтарымыз.»
Н.Ә.Назарбаев
Алтайдан Каспийге дейін созылып, жер жаһанның екі дүние бөлігі Еуропа мен Азияны жалғап тұрған, ұлан-байтақ даласында тылсым терең тарихы сыр шерткен, түп-тамыры түркіден тараған, ынтымағы жарасқан қазақ елін құшағына алған Ұлы даланың Тәуелсіздігі мен Егемендігінің белгісіне айналған мемлекеттік рәміздеріміз ұлтымыздың бірегейлігі мен ұлылығын бейнелейді. Мемлекеттік рәміздер – еліміздің өткені, бүгіні мен болашағын сабақтастырған жарқын бейнесі, рухани байлығымыз бен ұлттық салт-санамыздың көрінісі, ата – бабамыздың ежелден аңсаған асыл арманы – Тәуелсіздігіміздің басты нышаны.
Көкбөрідей киесі бар, көк түріктей иесі бар қазақ халқы небір қилы заманның алмағайып аласапыранынан аман өтіп, талай «тар жол тайғақ кешуді» бастан өткеріп, асыл арманның шындыққа айналған, Егеменді ел атанған күнге де бүгін, міне, 30 жыл толды. Тұңғыш Президентіміз болып Н.Ә.Назарбаев сайланды, Елордамыз бой көтерді. 1992 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының рәміздерін қабылдау туралы» Президенттің жарлығы шықты. Әрбір егеменді елдің тарихы мен ұлттық болмысынан сыр шертетін өз рәміздері – Ту, Елтаңба, Әнұраны болады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері қазақ ұлтының мәдениеті мен әбедиетінен көрініс беріп, терең мағынаны ашады. Әрбір Қазақстан азаматы ұлттық рәміздерді ардақтап, қадір тұтып, қастерлей білуі тиіс. Өйткені рәміздердің арқасында барша әлем егемендігімізді мойындап, бүгінде Тәуелсіз ел атанып, жер жаһанның төрінде шекарамызды белгілеп, әлем жайпаған елдермен тереземіз теңесті. 2007 жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қол қойып, ресми жариялаған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы мемлекеттік рәміздерді дұрыс пайдалану негіздерін белгілеп берді. Мемлекеттік Ту мен Елтаңба еліміздің әрбір мемлекеттік мекемесінің маңдайшасында орналастырылып, жаңартылып отырады. Ал Әнұран салтанатты жиналыстар мен мәжілістерде, әр күн сайын телерадио бағдарламалары басталғанда, аяқталғанда және еліміздің маңызды мерекелерінде орындалады. Шет мемлекеттердің басшыларын қарсы алу мен шығарып салу жиындарында да Мемлекеттік Әнұран әуенімен құрмет көрсетіледі. Әнұранның әсерлі үні мен айбынды сөзі әрбір қазақстандықтың бойында патриоттық сезім тудырып, ұлтжандылыққа тәрбиелеп, Отанына деген сүйіспіншілігін арттырып, ішкі әлемін толқытып, жан дүниесін тебірентері сөзсіз. Мемлекеттік Әнұран басталған сәтте ерекше сезімге бөленіп, оң қолымызды жүрек тұсына қойып, көк аспанда желбіреген Туымызға қарап, мақтаныш сезімімен ән шырқаймыз. Еліміздің әнұранына Қазақстан Ресейге бодан болған уақытта қазақтың рухын көтеріп, намысын қайраған, келер күнге деген сенімін арқалаған, халық арасындағы танымал ән «Менің Қазақстаным» негіз болды. Әнін 1956 жылы ақын Жұмекен Нәжімеденовтың сөзіне сазгер Шәмші Қалдаяқов жазған. Әнге мемлекеттік әнұранның жоғары мәртебесін ұсыну үшін және бұдан әрі салтанатты дыбысталуы үшін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев мәтіннің алғашқы нұсқасын өңдеген болатын. Осындай өр тұлғалы азаматтардың арқасында ҚР Мемлекеттік Әнұраны дүниеге келді. Қазақстанның Мемлекеттік Елтаңбасы – егемендігіміздің айшықты айғағы. Елтаңба бейнесіндегі әрбір символдың өзіндік мәні мен мифтік сипаты бар. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері жобасына арнайы байқау ұйымдастырылған еді. Байқау нәтижесінде белгілі суретшілер Шот-Аман Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібековтың жұмысы ҚР Жоғары кеңесінің сессиясында үздік жоба ретінде танылып, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары атанды. Бұл жобада талқылау барысында да Елбасымыз белсенділік танытты. Н.Ә.Назарбаев үшін жаңа рәміздер бірлік бастауына айналып, мемлекеттің бет – бейнесін ашып көрсетуде маңызды болды. Елтаңбадағы әрбір символ қазақ мәдениетінің төл туындыларымен тығыз байланысты. Ортада бейнеленген шаңырақ пен одан таралған уықтар ежелде көшпелі қазақ халқының аспанасы болған киіз үйдің ең маңызды бөліктері. Шаңырақ – ежелден халқымыздың арасында киелі ұғымға ие, ол қашан да отбасының берекесі мен тыныштығының белгісіндей қызмет атқарып келген. Түндіктен бейбіт өмірдің ашық аспаны көрінеді. Шаңырақтың бейнесі Қазақстанның барша халқын бір ту, бір шаңырақ астында ынтымағы жарасқан бейбіт ел болуға үндейді. Ал келесі ерекше белгі – бұл алтын қанатты, мүйізі ай тәріздес арғымақтар. Қанатты тұлпар- қазақ әдебиетінде кең тараған бейне. Ол – жасымас жігер мен қайтпас қайраттың, алға, болашаққа деген ұмтылыстың, талмас талаптың, асқақ мұрат пен жақсылыққа деген үлкен құлшыныстың белгісі. Сондай-ақ арғымақтардың қанаты буылған бидай бейнесіне де келеді. Мұны да еңбектің, байлық пен моллшылықтың нышаны десек артық болмас. Елтаңбаның жоғарғы бөлігінде орналасқан бес бұрышты жұлдыз оның тәжі іспеттес. Бұл еліміздің кемел келешекке қадам басқан даңғыл дара жолында адастырмас жарқыраған жұлдызы болса керек. Төменгі бөлігінде орналасқан «Қазақстан» жазуы да алтын түстес. Елтаңбамыз Қазақстанның егемендігі мен елдігін, рухани байлығы мен мәдениетін, тамыры тереңге жайылған тарихын , өткені мен бүгінін, келешекке артқан үлкен сенімін паш етеді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – тәуелсіздіктің, бостандық пен еркіндіктің белгісі. Туымыздың көк түсті болуы да жайдан-жай емес. Көк түс қаратүнек бұлтсыз, ашық аспан астындағы бейбіт өмірдің көрінісі және Қазақстан халықтарының этно-мәдени ынтымақтастығымен қатар ауызбіршілігіне, жаһандағы халықтар бірлігіне бастап тұр. Нұрға малынған алтын күн өмір бастауы мен молшылықтың, өсіп-өркендеудің белгісі. Ал қанатын құлаштап кеңге жайған қыран құс - еркіндік пен көрегенділікті, ұмтылысты бейнелейтін қазақ халқында көк самғайтын киелі құс. Бұл – бостандықтың символы, биікке самғап ұшқан қыранды ештеңе тоқтата алмайды. Ұлы даланың ұлан-байтақ жері мен шексіз ашық аспанында қалықтаған қыран құс қазақ халқының асқақ рухы мен кеңпейілділігін паш етіп, егеменді жас мемлекетіміздің жаһандық өркениеттің биігіне жетуге талпынысы мен ұмтылысының нышаны болды. Тудың сабының сол жақ тұсында ұлттық өрнек тік жолақ ретінде нақышталған. Ұлттық «Қошқар мүйіз» оюымен өрнектелген тік жолақ қазақ халқының қолөнерінің де ұлттық дәстүрлермен терең тамырластығын танытады. Көк Байрағымыздың осылай көрініс табуы еліміздің белгілі суретшісі Шәкен Ниязбеков ағамыздың шығармашылық белестерінің арқасында. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін Қазақстан әлем сахнасына шығып, талай белестерді бағындырды. Мемлекеттік рәміздеріміз шартарапқа кеңінен танылды. Қазақтың көк Байрағын ғарышкер Талғат Мұсабаев көк аспанда самғатты, жаһан жұрты жиылған әлемдік спорт додаларында еліміздің спорт шеберлері Әнұранымыз бен көк Туымызды биікке көтерді. Мұның бәрі әрбір Қазақстан азаматын ерекше қуанышқа, зор мақтанышқа бөлейді.
...