Минь империясының қалыптасуы және қоғам, мемлекет (1368-1644жж.)
Автор: azzimma • Февраль 28, 2018 • Курсовая работа • 8,461 Слов (34 Страниц) • 1,148 Просмотры
Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университеті
Шығыстану факультеті
Мамандығы: шығыстану: қытай/ағылшын тілі
Жобалық жұмыс
Тақырыбы:
«Минь империясының қалыптасуы және қоғам, мемлекет (1368-1644жж.)»
Орындаған: Торехан Аружан Аманбайқызы
Өмірзакова Әзима Сәкенқызы
218 топ
Жоба жетекшісі: Есеркепова Жанар Онгаровна
Алматы қаласы
2017 жыл
Жоспары:
- Минь империясының құрылуы
- XV-XVI ғасырлардағы Минь империясының даму сипаты
- Минь империясындағы мәдениет пен ғылымның дамуы
- Минь империясының сыртқы байланыстары
- XVII ғ. халық көтерілістері мен шаруалар соғысының өрлеуі және Минь империясының құлауы
1.Миң империясының құрылуы
Миң әулеті билігінің негізін салған Чжу Юаньчжан 1368 жылы салтанатты түрде таққа отырып, Тай-цзу деген императорлық атты иеленіп, билік еткен дәуірін Хун У деп атап Миң әулетінің негізін салды. (Мин «жарық» пен «от» деген ұғымды білдірді). Ол 1368-1398 жылдары билік құрды. Оның отыз жылдық билік кезеңі қатігездік пен қуғын-сүргіннің заманы ретінде есте қалды. Миң империясының билік аппараты ол ресми түрде жарияланбай тұрған кезде-ақ, яғни Чжу Юаньчжанның көтерілісші қосынында қалыптаса бастаған болатын. Көтерілістің негізгі қозғаушы күші шаруалар болғандықтан, көтеріліс көсемдері жаңа қалыптасқан өкіметтік билікте дәстүрлі қытай мемлекеттілігінің құрылымындағы жетекші билік орындарына ие болуға тырысты. Бұл жаңа өкіметтің қандай әлеуметтік топтың мүддесін көздейтін сипатын айқындады. Сонау 1356 жылы –ақ Нанкинде жергілікті Секретариат (сиң-чжуңшушэң) және Әскери Кеңес (син-шумиюань), сондай-ақ Алты мекеме деп аталған, тек орталық үкіметтік аппаратта ғана болатын жоғарғы атқарушы ұйым құрылған болатын. Чжу Юаньчжанға бағынған жерлердегі ауыл шаруашылығына бақылау жасау үшін арнайы Басқарма (иңтяньсы) құрылады. Чжу Юаньчжанның ордасында оған бұрын да көп көмек көрсеткен және онымен бірге соғыста бірге болған серіктері мен жақтастары – Ли Шаньчан, Сюй Да, Таң Хэ, Сұң Ляң және басқалар қызмет атқарды.
Миң империясының өмір сүрген алғашқы жылдарында, оның әкімшілік аппараты VІІ-ХІІ ғғ. Қытайдың таң-сұң әулеттері билік еткен замандарындағы соның көшірмесіндей болды және сондай-ақ, ол өзіне юань әулетінің кейбір билік үлгілерін де сақтап қалды. Алайда, императорды өкімет билігінен біршама алшақ ұстауға лайықталған осы мемлекеттік құрылым, өзінің жанындағы ең жақын деген адамдарына да сенбейтін және билікті ұзақ уақыт бойы бәсекелестерімен күресте жеңіп алған Чжу Юаньчжанға ұнаған жоқ. Сондықтан ол басқару аппаратын түбірімен қайта құру үшін бірқатар өзгертулер жасай бастайды. Ондағы оның негізгі мақсаты - билікті барынша орталықтандыру және мемлекет басшысының жеке билігін күшейту болатын.
Чжу Юаньчжан өзінің қарапайым ортадан шыққан тегіне қарамастан, барынша білімді адам болды, ол қытайлық тарихи және философиялық дәстүрлерді өте жақсы меңгерген еді. Ол Қытайдың өзіне дейінгі билеушілерінің іс-әрекетімен жақсы таныс болатын, өзі император болған соң, енді ол көп уақытын қоғамдық-саяси және философиялық ақыл-ойдың тамаша классикалық ескерткіштерін оқып-үйренуге жұмсады. Ол сол классикалық туындылардың ішіндегі ең күрделісі - «Даодэ цзинге» түсіндірме жазады. Үлгілі қоғам туралы өзінің түсінігін ол, әрине, қытайлық дәстүрден іздеп, тәжірибені солардан алды. Оның ой-пікірлері мүлік теңсіздігін туғызатын қанаудан азат қауымға арқа сүйеген, аса қуатты императорлық билікті орнатуға бағытталды. Қытай тарихындағы, мүмкін, ең қуатты билеуші бола отырып, Чжу Юаньчжан осы ойларын жүзеге асыруда табыссыз да болмады. Сондықтан осыған дейінгі барлық қытайлық әулеттердің билікке келген алғашқы кезеңіндегі әрекеттері бұнда да байқалды, бірақ Миң әулетінің негізін салушының әрекеті ерекше сипатқа ие болғандығын айтқан жөн.
...