Кеңестік Социалистік Республикалар одағының
Автор: Gulazamirkhanova • Сентябрь 27, 2021 • Реферат • 7,855 Слов (32 Страниц) • 461 Просмотры
Кеңестік Социалистік Республикалар одағының басшылығы 1920 жылдардың екінші жартысында бүкіл ел бойынша индустрияландыру жүргізіп, өнеркәсіптік державаға айналуды мақсат етті. Бірақ ол кезде Кеңес мемлекетінің экономикалық жағдайы мәз емес, шетелден қарыз алудың да мүмкіндігі болмады: алдыңғы қатарлы державалар – АҚШ, Ұлыбритания, Франция, т.б. елдер КСРО-ны экономикалық және саяси блокадада ұстаған еді. Себебі, 1917 жылы Ресей империясының орнына келген жаңа Кеңес мемлекеті өзінің саяси-қоғамдық құрылысы бойынша мүлде басқа мемлекет болатын. Сондықтан шетелдер КСРО-мен байланыс орнатуға шектеулер қойды, яғни Кеңес мемлекетін мойындамады. Америка Құрама штаттары 1917 жылы үзілген Ресеймен ресми дипломатиялық қарым-қатынасын тек 1933 жылы 30 мамырда ғана қайта орнатты. Тіпті 1929 жылдан бастап АҚШ КСРО-ға қарсы экономикалық соғыс жүргізді, ол 1929-30 жылдардағы «Ұлы депрессия» кезінің өзінде тоқтамады. Басқа елдерге де Кеңес мемлекетімен сауда-саттық жасауға тыйым салды, тек қана астық сатып алынсын деді. Бұны Ұлыбритания, Франция, Италия, тіпті Болгарияға дейін қолдады.
Индустрияландыру барысында Кеңес елінің әр жерінде ірі құрылыстар, теміржолдар салу басталды. Алғашқы сталиндік бесжылдықтар бойынша Қиыр Шығыста Амурдегі Комсомольск қаласы, Норильскіде никель комбинаты, қар мен мұз құрсаған Архангельскіде зауыттар салынып жатты.
Әрине, олардың барлығын азық-түлікпен, басқа керек-жарақпен қамтамасыз ету керек. Бұл үшін алдымен бүкіл елде шаруа қожалықтарын біріктіріп, колхоздар құру қолға алынды. Ұжымдастыру жөніндегі шешім 1927 жылы ВКП(б) XV съезінде қабылданды.
1929 жылы желтоқсан айында КСРО-да жаппай ұжымдастыру жүргізу жөнінде А.Яковлев басқарған комиссия құрылды. Комиссия мүшелері бұл науқанның бағыт-бағдарын, көлемін, өткізу қарқынын белгіледі. Сонда Қазақстанды ең соңғы кезекке қойған екен, себебі территория үлкен, жол қатынасы, байланыс жүйесі жоқ, халқының көпшілігі негізінен мал шаруашылығымен айналысады, сондықтан асықпай ең соңынан өткізу керек. Алайда, кейбір басшылардың ұсынысымен Қазақстандағы ұжымдастыруды Ресейдің ішкі губернияларымен бір мезгілде және жедел қарқынмен өткізу басталып кетті.
Қазақстандағы 1929-30 жылдары ұжымдастыру науқаны көшпелі, жартылай көшпелі халықты отырықшылыққа көшіреміз деген сылтаумен өте тұрпайы жүргізілді. Аздаған малы бар орта шаруалардың өзін қудалап, мал-мүлкін тартып алды. 5 мыңнан астам адамды жер аударды. Шын мәнінде ол кезде қазақ халқы көшпелі емес, өйткені 1930 жылға қарай 20-30 шақырымға дейін көшіп-қонып, қыстауы мен жайлауына баратындар 30-ақ пайыз, 5-10 шақырымға кететіндер 15-20 пайыз, ал шын мағынасында көшпелі өмір сүргендер небары 6 пайыз болған.
Кеңес мемлекетінің саясатына сәйкес (бұл жөнінде Мәскеудегі Саяси бюроның құжаттары бар), қазақтардың кең байтақ жеріндегі әрбір елді мекенге мектеп, емхана салмау үшін, бәрін жинап орыс поселкесі үлгісіндегі орталықтарға жинап қоныстандыру керек – міне, «отырықшыландыру» дегеннің астарында осындай мәселе жатыр. Бұл жөнінде 1932 жылғы 17 қыркүйектегі қаулыда да айтылады.
- Ол кезде Қазақстанда қанша мал басы бар еді?
- 1929 жылдың 1 қаңтарына қарайғы статистикалық дерекке сәйкес, Қазақстанда 44 миллион 723 мың 200 бас мал болған, мал дайындау жоспары – 156 200 бас. 1930 жылы – 29 миллион 549 200 бас мал болса, мемлекетке 2 миллион 718 мың 857 бас мал өткізу жоспарланған. 1931 жылғы дерекке сәйкес, 8 миллион 612 800 бас қалыпты, жоспар – 4 898 011 бас. Ал 1932 жылдың соңында қалғаны – 3 миллион 500 мың бас мал.
Осы ретте айта кетерлігі, ғұлама ғалым, академик Әлкей Марғұлан ағамыз тарих институтында жұмыс істеген кезде қолы қалт еткенде бізден хал-жағдай сұрайтын. Сонда «Әлкей аға, 1930 жылға дейін Қазақстанда мал басы 45 миллиондай болған дейді, сол рас па?» деген сұрағымызға «оған тағы 15 млн мал басын қос» дейтін. Себебі, Арал, Қарсақбай, басқа да шалғай жерлерде салықтан жасырылған немесе есепке енбей қалған қыруар мал бар дейді. Міне, сонда 1929 жылға дейінгі ресми есепке енген 45 миллионға жуық малдан 1934 жылдың 1 қаңтарында 3,5 миллион мал қалған! Бүкіл ел құрығын құшақтап қалды деген сөз. «Жаным – арымның садағасы, малым – жанымның садағасы» деп ар-намыспен өмір сүретін, амандасқанда мал мен жанның амандығын қосып сұрайтын халықтың жағдайы осындай еді сол кезде. КСРО билігі Қазақстанға таусылмайтын азық-түлік көзі бар аймақ ретінде қарады. Сауда және жабдықтау халық комиссариаты (Анастас Микоян басқарған) жыл сайын жоспар жасайды, Қазақстанға міндетті түрде ең көп мал басын өткізу тапсырылады. Микоянның өзі 1931 жылы қаңтардың аяғында Алматыға келеді. Жергілікті басшылыққа «1931 жылғы Қазақстанның мемлекетке өткізетін мал басының 70 пайызын осы қыста (ет бүлінбейтін кезде) тапсырыңдар» деп нұсқау береді. «Шаш ал десе бас алатын» шолақ белсенділерді айдап салып, елдің қолындағы малды күшпен тартып алады. Негізі, ол кезде мемлекетке алған мал басы үшін өтем ретінде азын-аулақ ақша төленген. Бірақ қазақтарға сол ақшаны да бермепті.
...