Атом материя құрылымының негізі ретінде
Автор: akerkekojsybek • Февраль 23, 2026 • Реферат • 3,277 Слов (14 Страниц) • 4 Просмотры
«ҚАРАҒАНДЫ МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ» КОММЕРЦИЯЛЫҚ ЕМЕС АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫ
[pic 1]
РЕФЕРАТ
Тақырыбы: "Атом материя құрылымының негізі ретінде"
Орындаған: Қойшыбек А.Қ
Топ: 2-002 Биомедицина
Қабылдаған: Аширбекова Б.Б
Қарағанды, 2025.
Материя – табиғаттағы барлық объектілер мен құбылыстардың негізі. Оның құрылымы микродеңгейден бастап макродеңгейге дейін күрделі иерархиялық жүйе ретінде қарастырылады. Материяның негізгі формаларының бірі – зат, ал заттың ең маңызды құрылымдық бірлігі – атом.
Химия ғылымында атом ерекше орын алады, себебі барлық химиялық элементтер мен олардың қосылыстары атомдардан тұрады. Атом – химиялық элементтің қасиеттерін сақтайтын ең кіші бөлшек. Яғни, атомды зерттеу арқылы материяның терең құрылымын түсінуге болады. Атом құрылысының теориясы физика мен химияның түйіскен жерінде қалыптасқан. Кванттық механика заңдары атомдағы электрондардың қозғалысын, энергия деңгейлерін және химиялық байланыстардың табиғатын түсіндіруге мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, атом – материя құрылымының фундаменталды негізі болып табылады.
Материяның құрылымы иерархиялық сипатқа ие. Оның әрбір деңгейі белгілі бір заңдылықтарға бағынады. Оның негізгі деңгейлеріне мыналарды жатқызамыз:
- Макродеңгей – күнделікті өмірде байқалатын денелер мен жүйелер (тау, су, ауа, тірі организмдер).
- Микродеңгей – атомдар, молекулалар, иондар.
- Субатомдық деңгей – элементар бөлшектер (электрон, протон, нейтрон, кварктар).
Осы деңгейлердің ішінде атом ерекше орын алады, себебі ол химиялық элементтердің қасиеттерін сақтайтын ең кіші бөлшек болып табылады. Атомды зерттеу арқылы заттардың құрылымын терең түсінуге болады.
Материяның құрылымын түсіндіруде атомдық теория маңызды рөл атқарады. Атомдық теорияға сәйкес барлық заттар атомдардан тұрады, ал химиялық реакциялар атомдардың қайта орналасуы нәтижесінде жүреді.
Атомның осы кездегі моделі және электрон туралы түсініктер бірден пайда болмаған. Атом және электронның, не екенін түсіну үшін атомның құрылысы туралы ілімнің тарихи дамуына көз жүгіртуге болады. XIX ғасырдың соңында физика ғылымында электр разрядтары зерттеле бастады. 1879 жылы ағылшын ғалымы Уильям Крукс шыны түтік ішіндегі ауаны сиретіп, жоғары кернеулі ток өткізгенде катодтан ерекше сәулелер шығатынын байқады. Бұл сәулелер катод сәулелері деп аталды. Катод сәулелері түскен жерін қыздырып, жолындағы жеңіл денелерді қозғалысқа келтіре алатын қасиет көрсетті, яғни олардың массасы мен кинетикалық энергиясы бар екендігі анықталды. Сонымен қатар катод сәулелері электр және магнит өрістерінде ауытқитыны байқалды, бұл олардың зарядталған бөлшектер ағыны екенін дәлелдеді.
Катод сәулелерінің табиғаты қандай заттан шыққанына тәуелсіз болды, яғни олар кез келген элементтің құрамында кездесетін бөлшектерден тұратыны анықталды. Осыдан атом күрделі құрылымға ие деген қорытынды жасалды. Кейінірек катод сәулелерінің теріс зарядты бөлшектер — электрондар ағыны екені дәлелденді.
1903 жылы ағылшын ғалымы Джозеф Джон Томсон атом құрылысының алғашқы моделін ұсынды. Оның пікірінше, атом электрбейтарап болуы үшін теріс зарядты электрондармен қатар оң зарядты бөлшектер де болуы тиіс. Томсон моделінде оң заряд атом көлеміне біркелкі таралған, ал электрондар сол оң зарядтың ішінде белгілі бір тәртіппен орналасқан деп есептелді. Бұл модель «жүзім салынған бәліш» моделі деп аталды. Алайда бұл модель кейінгі эксперименттік нәтижелермен сәйкес келмеді.
...