Лекции по "Психологии"
Автор: Mereyarmanqyzy • Январь 31, 2022 • Курс лекций • 5,532 Слов (23 Страниц) • 201 Просмотры
[pic 1] «Психология» терминi гректiң екi сөзiнен пайда болған: оның бiрiншiсi – «псюхе»-«жан», екiншiсi «логос»-«сөз,iлiм» деген мағынаны білдіреді. Сөйтiп, бұл сөз «жан туралы iлiм»-деген ұғымды бiлдiредi. Бiрақ, психолгия туралы бұл терминді, кейбір ғұлама ғалымдар «жан туралы «iлiм»-демей, «психика туралы ғылым»- деп атаған дұрыс деп тапты.
Ерте замандарда пайда болып, ғасырлар бойы дiншiлдiк нанымдар мен кейбiр буржуазиялық көзқарастарда насихатталып келген түсiнiктер бойынша адамда тәннен бөлек тәуелсіз «жан» болады, ол «мәңгi» жасайтын жан адамның барлық психикалық тiршiлiгiнің: ойының, сезiмiнiң, еркiнiң иесi де себепшiсi де сол деген. Жан туралы осындай жалған түсiнiктiң пайда болуына алғашқы адамдардың табиғат сырларын дұрыс түсiне алмауы себеп болған. Олар дүниеде табиғатқа бағынбайтын, одан оқшау тұратын ерекше бiр сиқырлы күш бар, ал жан болса, соның бiр көрiнiсi, ұйқы кезiнде ол денеден уақытша шығып кетедi де, адам оянған кезде қайтып келедi, егер келмей қалса, адам өледi деген анимистік қате тұжырымға сенген. Жан туралы, осындай анимистiк барлық нәрседе жан бар дейтiн терiс түсiнiк, пiкiрлер кейбiр тайпалардың арасында күнi бүгiнге дейiн кездеседi.
Адамның жан дүниесi, психикалық құбылыстарды түсiну, екi түрлi ой, екi түрлi бағыт туғызды. Олардың бiрi идеалистік бағыт, табиғат, дүние идеадан кейiн жаратылған десе, бұған қарама-қарсы ғылым, материалистік бағыттың өкілдері материя алғашқы, ал сана соңғы, ол материядан туады деп түсiндiредi.
Психология ғылымының тарихы да біріне-бірі қарама-қарсы жоғарыда аталған екі бағыттың үздіксіз күресіне толы болды, себебі, гректің ұлы ойшыл ғалымдарының бірі Демокрит сол кездің өзінде-ақ жанды (психиканы) оттың атомдарына теңеді, себебі оттың атомдарындай қозғалмалы қасиет деп түсіндірді. Адам жанының мәңгі еместігін, оттың өшіп, өсіп отыратындығын айтып материалистік тұрғыдан дұрыс тұжырым жасады. Ал сол заманның екінші бір ойшыл ғалымы, идеалист Платон керісінше жан мәңгі өлмейді, өшпейді деп қате тұжырымдады. Психикалық әрекетті осылайша екі түрлі көзқарас тұрғысынан түсіну қоғам дамуының кейінгі кезеңдерінде, әсіресе орта ғасырлар заманынан бастап кең өріс ала бастады.
Психология психика мен оның қалыптасу және даму заңдылықтары туралы ғылым. Психология ертеде қалыптасқан ғылымдардың қатарына жатады:-психологиялық ғылыми бiлiмдердiң тарихы екi кезеңге бөлiнедi. оның бiрiншiсi – шамамен 2500 жылға созылған, көш басы Аристотельден басталатын жан дүниесi жайлы түрлi ой-пiкiрлердiң тарихы болды. Осы кезең iшiнде психология басқа ғылымдармен, әсiресе философиямен қосақтаса дамып келдi. Оның екiншi тарихы 1879 жылдан басталады. Осы жылы немiстің атақты ғалымы В.Вунд Лейпциг қаласында тұңғыш лаборатория ұйымдастырып, мұның дербес эксперименттiк ғылым болуына себепкер болды.
Аристотельдің және басқа да ғалымдардың идеялары, ашқан жаңалықтары мен көзқарастары жаңаша сипат алып, біздің аты әлемге әйгілі ғұлама бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби – сан алуан еңбектер жазып, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған данышпан ғалым, адамның жан дүниесінің қыр-сырын ашып көрсететін бірнеше шығармалар жазды. Солардың ішінде: «Ізгі қала тұрғындары», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің өнегелі сөздері»- сияқты басқа да шығармаларында ол бүкіл философиялық жүйені метафизика мен психологиядан бастап, әдеп пен социологияға дейінгі ғылым жетістіктерін кеңінен талдап зерттеді, сонымен қатар әрбір мәселеге анықтама түсініктер береді. Әл-Фараби Аристотельдің еңбектерін, әсіресе оның «Жан туралы» деп аталатын шығармасын жете зерттеп, араб тіліне аударды. Жан дүнесінің сырын зерттеуде Әль-Фарабидің Аристотель ықпалында болғандығы шындық фактор. Ұлы ойшыл ғалым Әл-Фараби психология ғылымы туралы айтқан бір пікірінде: «Дүние материядан құралады, ол жойылып кетпейді, бір түрден екінші түрге көшіп өзгере береді, жан тәннен бұрын өмір сүрмейді, бір денеден екінші бір денеге барып орналасада алмайды» - деген ғылыми тұжырым жасады. Сондай-ақ, ол дүниеге келісімен адамның бойында түрлі күш-қуат пайда болады, сол күш-қуат қабілетінің негізгі түрлері мынандай деп көрсетті, адамды қуаттандыратын күш мыналар деді: «арабша-әл қуат әл газийа; түйсіну қуаты; қиялдау қуаты; ақыл-ой не ойлану қуаты; қозғаушы күш белгілі бір іс-әрекетке ұмтылу қуаты»-деді. Адам бойындағы күш-қуаттың Әл-Фараби атаған түрлері жеке психикалық процестердің атауы мен мәніне дәл келеді. Ол өзінің, екінші ұстазының: «Сөз, ақыл-ой мағынасы туралы ой толғамдары»-дейтін еңбегінде психикалық процестердің барлығына жуығын адамның белгілі мүшелерінің қатысуымен жасалып отыратын материалдық құбылыстар деп анықтап, әсіресе, адам жанының ақыл-ойға байланысты болатындығының ерекше маңызы бар деп көрсетеді. Адам қиялы оның түс көруіне де әсер етіп, іс-әрекетінің ерекше бір жалғасы болып саналады. Түс көруді осы заманғы психологияда дәл осы мағынада қарастырады.
...