Мағжан – қазақ педагогикасының негізін қалаушы
Автор: rapasheva • Май 10, 2024 • Реферат • 1,766 Слов (8 Страниц) • 93 Просмотры
КІРІСПЕ
Егеменді еліміздің бүгінгі жаңа сипатта даму үрдісі рухани құндылықтарымызды қайта қарап, тарих қойнауында қалып қойған тарихи тұлғалардың ұлт тағдыры жайлы өрелі ойларын жаңғырту міндетін қойып отыр. ХХ ғасыр басындағы қазақтың рухани ой-әлеміндегі көрнекті тұлға Мағжан Жұмабаевтың ағартушылық, педагогикалық мұрасын арнайы қарастыру осындай заман талабынан туындап отыр.
ХХ ғасырдың басындағы тарихи бұрылыстар қазақ ұлтының қалыпты дамуына кедергі жасап, сырттан таңылған империялық құрсаудың қыспағында қалдырды. Ол кеңестік идеологияның ықпалына ұласып, ұлттың өсуін тежеді. Осы саясаттың зардабын бір ғасыр бұрын Мағжан Жұмабаев секілді сұңғыла тұлғалар ғана алдын ала көре, сезе білді.
Ширек ғасыр бойы шығармалары бұғауда болып, «қолы емес, қызыл тілі кісендеулі» болған ақын, жазушы, журналист, фольклорист, тарихшы, философ, аудармашы, ұстаз, қоғам қайраткері Мағжан Жұмабаев артында мол мұра, мол із қалдырған ұлы тұлға. Мағжан қазақ әдебиеті мен мәдениетінің өзге елдер әдебиетімен, мәдениетімен тең болуын қалады. Өлшеулі ғұмырында өлшеусіз еңбек сіңірген ақын қазақ елінің мәдениеті мешеу, тарихы белгісіз «бұратана» ел атануына намыстана қарап, жұрттың көзі ашық, көкірегі ояу болуы үшін саналарына «сілкініс» әкелуді мақсат тұтты. Бұл тұрғыда тек өлең жазып, өлеңмен елді елегізіткеннен бөлек ағартушылықтың айқын жолын ашып, қазақ даласына бұрын-соңды естіле қоймаған, таңсық тақырып педагогикаға көш бастады.
Оның тұлғалық даралығы интеллектілік, эмоциялық, еріктік сфералардың, тұтастай психологиялық және педагогикалық, ағартушылық іс-әрекеттің барлық саласында бірден көрінеді. Ол басқалардың көрмейтінін көре, сезе білетін қабілетінен, ақпаратты өңдеу, қабылдау ерекшелігінен, алдына проблема қойып, оны шеше білудің даралығынан көрінеді.
Ол өз заманының асқан білімді азаматы болды. Төрт жасында ауыл мұғалімінен оқып сауатын ашады. Сол кезде өзінен үлкен ағаларынан, қатарластарынан алғырлығымен асып түсіп, болар бала екенін дәлелдейді. 1905 жылы әкесі Бекен оны Қызылжар қаласындағы қазақ-татар медресесіне оқуға береді. Мағжан мұнда діни сабақтармен қатар араб, парсы, түрік, татар тілдерін үйреніп, шығыстың әйгілі Низами, Сағди, Физули, Навои сияқты ақындарының шығармаларымен танысады. Сонымен бірге қазақтың ауыз әдебиетімен, шығыс елдері мен қазақ халқының тарихымен де сусындайды. Осы медреседе оқып жүріп оның ақындық қабілеті ұшталып, Абай өлеңдерімен де сусындайды.
Медресені аяқтаған ақын «Ғалия» медресесінің табалдырығын аттайды. Бұл жерде де елден ерек ақылымен көзге түсіп, Қызылжарға қайта келгенде халықтың сауатын ашуда сансыз қызмет қылған ұлт ұстаздарының бірі Міржақып Дулатовпен кездеседі. Міржақып жас ақынға орыс тілі мен әдебиетінен дәріс беріп, таным көкжиегін кеңейтеді.
Қайтсем қазақты құлашын кеңге жайған қуатты ел етем, қайтсем халқымның санасына сәуле жағам деген «Алаш» зиялыларының бірі әрі бірегейі болған ақын өзі де өмірінің соңына дейін білім алуын тоқтатқан емес.
І Мағжан – қазақ педагогикасының негізін қалаушы
Мағжан Жұмабаев – ұлы ақын ғана емес, ұлт ұстазы, қазақтың ұлы педагогтерінің бірі әрі бірегейі. Аса білімдар тұлға өзінің білімін де, ақындық талантын да туған халқына қызмет қылуға жұмсаған. Ол өз халқының сол кездегі тұрмысы мен мәдениетінің орыстармен, басқа да еуропалық елдермен салыстырғанда көп артта қалғанын көрді. Көріп қана қойған жоқ, қазақ халқын басқа жұрттан қалмай ілгері басуға шақырды. Ал сол ілгері басудың дұрыс жолы – өнер-білім деп білді. Сондықтан да ол ақындық сапарының алғашқы қадамынан-ақ ағартушылық дүниетанымның аясында толғанды. Оның 1912 жылы Қазан қаласында шыққан «Шолпан» атты тұңғыш өлеңдер жинағының дені осы сарындағы өлеңдерді, яғни педагогикалық, ағартушылық мәнді құраған еді. «Жазғы таң», «Сорлы қазақ», «Өнер-білім қайтсе табылар», «Ләззат қайда?» «Қазағым» сияқты өлеңдері сөзіміздің бұлтартпас дәлелі.
...