Адалдық-адамдық белгісі
Автор: Гульшат Казиева • Февраль 14, 2023 • Эссе • 496 Слов (2 Страниц) • 478 Просмотры
Адалдық-адамдық белгісі
Дүниеде әділдік пен адалдықты ту
еткен адамнан артық ешкім жоқ.
Ш.Уәлиханов
Мен өз ойымды «Тура биде туған жоқ...» деп қара қылды қақ жара, әділдікке жүгінген бабаларымыздың сөзімен бастайын. Қазіргі таңда осы бір асыл сөздің қасиеті қаншалықты, құны қаншалықты? Бұл - Мәңгілік елдің ұрпағы ретінде мені қатты мазалайтын ой. «Адалдық» деген сөзді мен адамның ниеті мен пейілінің ақ болуы, ар-ожданының таза болуы деп түсінемін. Адал болу ең алдымен отбасындағы тәрбиеден басталады. Сонау ықылым заманынан бастау алып келе жатқан ата-баба дәстүрі баланы да үлкенді де тәрбиелеп отырған. Соның ішінде «Тұсаукесер» рәсімін жазып отырған эссеме байланысты айта кеткім келеді. Тәй-тәй басқымыз келіп, бір тұрып, бір құлап жүрген сәтімізде ата-анамыз жолы болғыш, еңбекқор, елгезек жанға тұсауымызды кестіреді. Аяғымызға ала жіп байлайды, оны кесіп, алдымызға домбыра, кітап, ақша (тағы басқа да нәрселер болуы мүмкін) қойып тәй-тәй бастырады. Тіліміз былдырлап, аяғымызды әрең басып жүрген кезімізде аяғымызға не таққанын, алдымызда не жатқанын қайдан білейік? Әйтеуір, жармасып біреуіне қол жеткізгенімізге мәзбіз. Кейін мектепке келіп дүниетанымымыз кеңейіп, айналамызды тани бастағанда түсінгенім: ала жіп байлап, тұсау кесу «біреудің ала жібін аттамасын» деген екен ғой! Бұл не деген керемет дәстүр, таңғажайып ырым! Осындай тамаша дәстүрі бар халықтың ұрпағы адалдықты ту етіп ұстамауы мүмкін емес.
...