Қазақстан тәуелсіздік жолында: ұлттық мемлекеттік құрылыс идеялары
Автор: zarinaasimbekova • Октябрь 30, 2020 • Лекция • 5,451 Слов (22 Страниц) • 942 Просмотры
Дәріс №2. Қазақстан тәуелсіздік жолында: ұлттық мемлекеттік құрылыс идеялары
Дәрістің мақсаты:ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси қызметі мен азаттық қозғалыстарын сипаттап, баға беру.
Дәрістің жоспары:
1. ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы саяси жағдай
2. Бірінші дүниежүзілік соғыс және қазақтардың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі
3. 1917 жылғы ақпан төңкерісі және оның Қазақстанға әсер
- ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы саяси жағдай.ХХ ғасырдың басы – қазақ халқының тарихында өзіндік ерекшелігімен келген тарихи кезең болып табылды. Ол алдымен патшалық Ресейдің қоластында болып келген қазақ халқының өз-өзін сақтап қалу мақсатында дүние танымын кеңейту және заман талабына сай білім алуға белсене кірісуімен байланысты болып шықты. Осының нәтижесі ретінде ХХ ғасырдың басында қайталанбас әрі бірегей ұлттық қозғалыстар пайда болып, осы кезеңдегі қазақ халқының жоғын жоқтап, барын түгендейтін қайраткерлеріміз пайда болды. Демек осы бір ұлт-азаттық қозғалыстың тарихи бастауларына көңіл аударып, бекітудің қажеттілігі туындап отыр.
Жалпы ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі мақсаты ұлтты отарлық езгіден азат ету, оның ұлттық мүддесін қорғайтын мемлекеттілігін, тәуелсіздігін қалпына келтіру болып табылады. Ұлт-азаттық қозғалыс тек ұлтты азат етумен шектелмейді. Ұлт-азаттық қоғалыс түсінігіне шаруалардың жер үшін, халықтың демократиялық дамуы үшін болған қозғалысын да осыған қосуға болады. Демек ұлт-азаттық қозғалыс көп қырлы деп айтуға да толық негіз бар. Ұлт-азаттық көтеріліс ұлт-азаттық қозғалыстың бір түрі екендігі белгілі. Мұны алдымен көп халық қатысқан қарулы түрі деп айта аламыз. Көбіне онша ұзақ болмайтын, белгілі бір нақты аймақты қамтитын бір оқиға аймақтық шеңберден шығып, қамтитын аймағы ұлғайып бүкілхалықтық дәрежеге көтерілуі де мүмкін. Қазақ хандығы өз дербестігінен айрылып, патшалық Ресейдің құрамына қосылғалы бері үнемі азаттық пен еркіндікке талпынып келген. Оған дәлел XVIII-XX ғасырларда қазақ даласында Ресей отаршылдарына қарсы бірнеше ірі-ірі ұлт-азаттық қозғалыстардың орын алуын айтсақ болады. Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының, Кенесары Қасымұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы және тағы да басқа ірілі-ұсақты көтерілістер ұлт-азаттық қозғалыстың бір көріністері болып табылады. Әрине бұл көтерілістер қазақ халқының отаршылдық саясатқа қарсы наразылықтың ірілері ғана. Сонымен қатар Сыр қазақтарының азаттық жолындағы көтерілістері де орын алып отырған. Есет Көтібарұлы мен Тентек төренің, сондай-ақ аттары тарихта қалмаған Әзберген Мұңайтбасұлын, патша үкіметіне де, Хиуа хандығына да қарсы күрескен Қарағұл Қонақбайұлы, Дәуіт Асауұлы, Алдаш Байғанаұлы сынды және тағы да басқа тұлғалар патша үкіметіне қарсы қол жинап, күш біріктірді. Бұл көтерілістердің барлығы бірдей ауқымды бола қоймады. Сондықтан оларды ірі және ұсақ көтерілістер деп бөліп қарастырамыз. Сан жағынан өте көп болған көтерілістер алдымен қазақ халқының азаттыққа деген қозғалысының бір сәтке де тоқтамағандығын байқатады. Бұл күрестер мерзімі және таралым аймағы бойынша біркелкі болмағанымен, идеялық бірлігі мен қазақ халқының тәуелсіздігі және дербес даму жолындағы ұлт-азаттық қозғалысының өзара сабақтас оқиғалар желісі деп қарастыру керек.
Аталған қозғалыстардың барлығы отарлық езгі мен қанауды жоюға бағытталды. Мұның ішінде, Ресейдің және көрші мемлекеттердің саясатына, Қазақстанның ішкі өміріне тигізген әсерін жоюға тырысты. Олардың әрқайсысы, яғни ұлт-азаттық қозғалыс көсемдері қазақ халқының жадында ұлт батырлары ретінде қалды. Ал ХХ ғасыр басындағы саяси ахуал мүлдем басқаша еді. Ұлт азаттық қозғалыс алдағы уақытта ұлттың ой-санасының өсуіне байланысты өзгеше сипат ала бастады. Ол – заңды қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудың бейбіт жолы еді. XX ғасырдың басында ұлт-азаттық қозғалысты еуропалық бағытта дамытуды көздеген реформатор зиялы қауым өкілдері қалыптасқан болатын. Оларға тән бір құбылыс олар белгілі бір аймақ емес, бүкілхалықтық мүддені көздеді. Міне ХІХ ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қалыптасқан қазақ зиялы қауым өкілдерінің рөлі ерекше болды. Осы ғасырлар тоғысында басында қалыптасқан қазақ зиялыларының саяси көзқарастары мен қызметтерінің бағыттары әртүрлі болғанымен түпкі мақсаттары ортақ еді. Ол – қазақ халқының мемлекеттілігін қалпына келтіріп, терезесі тең ел болу еді. Осы мақсатқа жету жолында қызмет еткен ұлт зиялыларының бір тобы «Алаш» партиясы төңірегіне жиналған ұлт қайраткерлері болса, М. Шоқай бастаған ұлт зиялы қауым өкілдерінің келесі бір тобы мұсылман қозғалысының өкілдерімен қарым қатынаста болған қайраткерлер құрады. Сондай-ақ қазақ халқының өркендеу жолын социалистік идеядан көріп, осы бағытта қазақтың социалисттік партиясын құрған Мұқан Әйтпенов, Көлбай Төгісов бастаған большевиктік идеядағы зиялылар қалыптасты.
...