Қазақстан елді индустрияландыру кезеңінде
Автор: Арайлым Куанышова • Сентябрь 3, 2021 • Реферат • 1,391 Слов (6 Страниц) • 589 Просмотры
Қазақстан елді индустрияландыру кезеңінде
Индустрияландыруға бағыт алудағы қиыншылықтар.
Республиканың халық шаруашылығын қалпына келтіру әлі аяқталмаған болатын. Өнеркәсіп өндірісі соғысқа дейінгі деңгейінің 61% - ға ғана жетті. 1925 жылы желтоқсан айында БК(б) Партиясының XIV съезі өтті. Онда елді социалистік индустрияландыру бағыты жарияланды. Индустрияландыру – 1) халық шаруашылығының барлық салаларын машина техникасымен жарақтандыру, 2) инфраструктураның дамуы, индустрияланған халықтың пайда болуы.
Индустрияландыру ісі Қазақстанда елдің басқа аудандарына қарағанда біршама кешірек басталып, уақыты жағынан КСРО Халық шаруашылығын дамытудың бірінші бесжылдығымен (1928 – 1932 ж.ж.) тұтас келіп, өлкеде елеулі қиыншылықтармен жүзеге асты.
Ол қиыншылықтар:
1.Қазба байлықтарының толық зерттелмеуі.
2.Байланыс және тасымал құралдарының нашар дамуы. Территорияның 1000 шаршы шақырымына 1 шаршы шақырым темір жолдан келді.
3.Жұмысшы табының сан жағынан өте аз болуы. Халықтың 90 % - і шаруалар еді.
4.Жергілікті мамандардың жетіспеуі.
5.Жаңа экономикалық саясат тоқталып, әскери коммунизм кезеңіндегі әдістердің жаңғыртылуы.
6.Халық билігінің жеке диктатурамен ауыстырылуы.
7.Әміршілдік – төрешілдік басшылық әдісінің енгізілуі.
Осы жағдайлардан өлке экономикасында ауыл шаруашылығының басымдылығы (84,4%) сақталды. Индустрияландыру жағдайында еңбекшілердің жақын арада шешуге тиісті міндеттері:
1.Өлкенің техникалық – экономикалық жағынан артта қалуын жою.
2.Байырғы халық өкілдерін кеңінен тарту жолымен жұмысшы табы мен өндірістік – техникалық мамандарды қалыптастыру.
Қазақстанда социализмнің бұрмалануы 1925 – 1933 жылдары Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болған Ф. И. Голощекиннің есімімен және қызметімен тікелей байланысты. Ол «қазақ ауылы», Қазан лебін сезінген жоқ, сондықтан «Кіші қазан» төңкерісін жасау қажет деген идеясын ұсынды. Голощекиннің бағыты елеулі қарсылыққа ұшырады, сол жағдайда ол И. В. Сталинге хат жазып, онда өлкелік партия комитеті бюросы бағытының өңін айналдыра баяндап берді. И. В. Сталин қысқа әрі мейлінше айқын жауап қайтарды, онда былай делінген еді: «Голощекин жолдас! Мен осы жазбаңызда белгіленген саясат негізінен алғанда бірден – бір дұрыс саясат деп ойлаймын И. Сталин». Осыдан бастап Голощекин идеясына жол ашылды.
Голощекиннің «Кіші Қазан» төңкерісінің бағыты: 1) өлке өнеркәсібін ұсақ және орташа деңгейде дамыту; 2) өлкені шикізат базасы ету.
Голощекин бұл идеясын 1927 жылы ұсынып, 1930 жылы VII өлкелік партия конференциясында нақтылады. Саяси бюро мүшелігіне кандидат А. А. Андреев VI Бүкілқазақтық партия конференциясында бұл бағытты қолдайтындығын мәлімдеді.
Ірі саяси қайраткер және экономист Смағұл Садуақасов «Кіші қазан» бағытына қарсы шығып, өз идеясын ұсынды.
Оның бағыты:
1. Өнеркәсіпті шикізат көзіне жақындату.
2. Қазақстанды ірі өнеркәсіптер еліне айналдыру.
Қазақстанда индустрияландыру жолдары туралы пікір сайыс барысында кереғар көзқарастар қалыптасты: Біреулер «түйеден социализмге» өту мүмкін емес, далада фабрикалар мен заводтар салу шамадан тыс нәрсе» болып табылады, «ұлттық өзіндік ерекшелікті» жояды деп пайымдады, енді басқа біреулер «қазақтандыру өндірісті қымбаттатып жібереді», қазақтармен «өнеркәсіп – қаржы жоспарын орындай алмайсын» және т. б. деп санады.
Жергілікті мамандардың индустрияландыруды жүзеге асыру барысындағы ұсыныс – пікірлері ескерілмеді. С.Садуақасов пен Ж. Мыңбаевтің өнеркәсіпте сақталып отырған отаршылдық құрылымды қайта қарау қажеттігі туралы айтқандары «ұлтшылдық көрініс» деп бағаланды. Өндіргіш күштердің даму деңгейіне, еңбек қорының дәрежесіне сәйкес келетін индустрияландыру қарқыны туралы ескертпелер «ұлыдержавалық шовинизм көрінісі» деп есептелді. Сөйтіп, теориядағы субективизм мен практикадағы әміршіл – ырықсыз әдістер республиканың социализмге бет алуының балама жолын зерттеу мүмкіндігін жоққа шығарды.
...