Жаһандану процесіндегі ұлттық тәрбиенің рөлі
Автор: 1Goldenmoon • Ноябрь 26, 2018 • Доклад • 1,177 Слов (5 Страниц) • 3,751 Просмотры
Жаһандану процесіндегі ұлттық тәрбиенің рөлі
Жаһандану процесіндегі ұлттық тәрбиенің рөліне тереңірек үңілерден бұрын, «жаһандану» мен «ұлттық тәрбие» деген ұғымдарға жеке тоқталып өткен абзал болар. Жаһанданудың негізгі мағынасы «халықаралық бірігу» дегенді білдіреді. Бұл үрдіс – экономикалық, технологиялық, мәдени-әлеуметтік және саяси күштердің кірігуі (интеграциясы). Жаһандану экономикалық, ақпараттық, саяси, экологиялық, мәдени және тағы басқа да болуы мүмкін. Мәдени жаһандану дегеніміз мәдени байланыстардың дамуы мен жаһандық мәдени кеңістікті біріктіретін, «әлемдік мәдениетке кірігу» деген сананың жаңа категорияларының пайда болуы.
Жаһандану үрдісінде әлемдегі барлық елдер бір-бірімен халықаралық тұрғыдан бірігуі керек деген түсінік қалыптасқан. Алайда, жеке дербес ел болу - биік мағыналы ұғым екенін ұмытпайық. Оның іргетасы – мемлекет, анығырақ айтсақ ұлттық мемлекет. Шын мәнінде, тек мемлекет құрған ел ғана әлемдік көшке ілесе алады, өзіндік келбеті бар өркениет жасай алады, ал өз кезегінде өркениет жасай алған ел ғана басқа өркениетті елдермен терезесі теңесе алады. Ресей отарында болған кезеңде «ұлттық», «ұлтшылдық», «ұлттық идея», «ұлттық мүдде», «ұлттық тәрбие» мәселесі туралы сөз қозғау мүмкін болмады. Бұл жайында сөз қозғасаң, бірден интернационалистік идеологияға қарсы шықтың деп айыптайтын...
Әр ұлттың қай кезеңде болмасын алдында тұратын ұлы міндеттерінің ең бастысы - өмірін жалғастыратын салауатты да саналы ұрпақ тәрбиелеу болып табылады. Болашақ ұрпағын жан-жақты, ақыл парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу әр адамның борышы. Тәуелсіздік туы желбіреген егеменді еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, олардың бойына ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін, жерін, Отанын сүюшілік секілді ең асыл қасиеттерді қан мен жанына сіңіруде ата-бабаларымыздан қалған асыл мұра салт-дәстүрлердің негізін ұстансақ өте ұтымды болар еді.
Бүгінгі таңда ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлттық тәрбиені,озық өнегелі дәстүрді,адамгершілігі бар асыл қасиеттерді жастар бойына қалыптастыруда, оны ұтымды пайдалану аса маңызды міндеттердің біріне айналып отырғаны даусыз. Сондықтан ұлттық мәдениеттің, әдебиеттің, тілдің, халықтық педагогиканың тарихы мен болашағы да балабақшадағы, мектептегі одан кейінгі жоғары оқу орындарындағы жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты. Балаға негізінен үш ортадан тәрбие жұғады, үш орта бала тәрбиесіне әсер ететін негізгі фактор. Біріншісі - ата-ана, екіншісі - ұстаз, мектеп, үшіншісі – дос-құрбысы, яғни жүрген ортасы.
Баланың санасы тап-таза ақ парақ іспетті, оған қандай сурет салынатыны жоғарыда айтып өткен үш факторға байланысты. Ата-ана баланы қалай тәрбиелесе бала соған қарай бейімделеді. Ал, ата-ана мен мұғалім бірлесіп жұмыс жасаса, бала бойына ізгі қасиеттерді толығынан сіңіруге болады.
Осы орайда мына тұжырымдамаға тоқталғым келеді :«Әрбір адам ең алдымен өз халқының перзенті, өз Отанының азаматы болу керек екенін, ұлттың болашағы тек өзіне байланысты болатынын есте ұстауға тиіс. Оның осындай тұжырымға келуіне ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер көмектеседі, солар арқылы ол жалпы адамзаттық мәдениетке аяқ басып, өз халқының мәдени игілігін басқа халықтарға жақын да түсінікті ете алады». Ендеше, ұрпақтың ең алдымен ұлттық санасын қалыптастыруымыз қажет. «Ұлтым, тілім, елім, жерім, ұлттық мүдде» деген бірінші орында тұруы қажет. Содан кейін ұлттық санасы қалыптасқан ұрпақтың заманына лайық жан-жақты білімді, көзі ашық, заман талабына сай жаңа технологияларды меңгерген азамат болуы қажет.
Енді ұлттық биік сананы қалай қалыптастырамыз, оны жүзеге асырудың жолдары қандай деген мәселеге келейік. Қазір барлық елдер мен мемлекеттер жаһандану жағдайында өмір сүруге бейімделуде. Жаһанданудың алдыңғы қатарында еркін таңдау, жеке бастама жасай алатын жеке адам бостандығы идеясына негізделген Батыс өркениеті болып отыр. Соңғы жылдары жаһанданудың бір тетігі ретіндегі батыстану – бұл тек батыстың технологиялық жетістіктерін, экономикалық өндірісті ұйымдастыру тәжірибелері мен ғылыми-техникалық мәдениетін қабылдау ғана емес, сонымен бірге адам құқығы, жеке адамның тұлғалық тұрпаты, діни сенімі сияқты т.б. мәдени-өркениеттік қалыптар кешенін де қабылдау болып отыр. Жаһанданудың бұл түрі дәстүрлі қоғамды жақтаушылардың табанды қарсылығына тап болуда. Анығырақ айтқанда, жаһандану барысында Батыс мәдени құндылықтарының басымдық танытуы жергілікті халықтың ұлттық сипатының жоғалуына әкелуі мүмкін деген қауіпті тудырып отыр. Өткен ғасырдың орта шенінен айтыла бастаған өркениет бәсекесі қазір шын мәнінде ақиқатқа айнала бастады. Бәсеке бүгінгі күні экономикада, саясатта, идеологияда, мәдениетте, білімде, ақпаратта, технологияда, тағы басқа салаларда қызу қарқынмен жүріп жатыр. Әрине Батыстың білімі, ғылымы, техникасы, технологиясы, біздер үшін өте қажет, алайда, Батыс өркениетінің қоршаған ортаға тек пайда табу көзі деп қарауға үйретуі, не болмаса адам құқығы деген желеумен трансексуалдар еркіндігінің құндылық ретінде түсіндіруі бізге үлгі бола алмайды. Сондықтан Батыс өркениетіне шамадан тыс еліктеушілік жақсылықтың нышаны емес. Батыстың технологиялық жаңалығына ұмтылу, экономикалық өндірісті ұйымдастырудағы жетістіктерін игеру – қажеттілік. Сонымен бірге бүгінгі күнде рухани тапшылыққа айналып отырған ізгілік, кісілік, адамгершілік, бауырмалдық, әдептілік, тәрбиелік деген құндылықтарды да аса қажет дүние.
...