Ұлы даланы биікке шығару үшін
Автор: sake06 • Октябрь 27, 2018 • Сочинение • 1,335 Слов (6 Страниц) • 821 Просмотры
Ұлы даланы биікке шығару үшін…
Біз – Алтай мен Каспийдің арасындағы ұлан ғайыр аумақты қасық қаны қалғанша қорғап өткен қазақ атты ұлы халықтың ұрпағымыз, Ұлы дала перзенттеріміз. Осындай орасан зор аумақтың тұтастығын сақтап қалу үшін сан ғасырлар бойы ат үстінен түспей күрескен бабалардың тәуелсіздікке жету деген үлкен арманы орындалғанының куәсі болған біздер, расында да – бақытты ұрпақпыз. Ендігі кезекте бабалар аманатын орындап, мемлекет тұғырын берік ұстау, оны одан әрі нығайту, ұлы даланы биікке шығару – біз үшін парыз. Ертеңгі мемлекет экономикасын дамытып, ел тізгінін қолында ұстайтын да, ұлт тағдарына негізгі жауапкершілікті алатын да жастар болғандықтан, өскелең ұрпаққа дұрыс бағытта тәрбие беру, олардың мәдени, рухани және интеллектуалдық деңгейін көтеру өте маңызды. Бұл ретте қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудің, білім беру саласын дамытып, жастардың біліктілігін арттырудың, жеткіншек ұрпақтарға ұлттың рухани құндылықтарын насихаттай отырып, олардың бойына отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімдерін дарытудың атқаратын рөлі айрықша.
Ұлт дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі – оның тілі. “Тіл – қай халықтың болсын басты белгісі” деп Шоқан Уәлиханов айтпақшы, тіл бір ұлтты екінші ұлттан айырмалап, оның дербестігін көрсетіп тұрады. Өз тілінен айрылған немесе тілі қолданыстан шығып қалған ұлт түбінде ұлт болудан қалады. Қазақстанның жағдайында халықаралық қатынастар жасау, ғылым мен техниканы игеру және әлемдік нарыққа шығу үшін бүгінгідей үш тілді саясатты ұстанған әлбетте дұрыс. Алайда, кей жерлерде қазақ тілінің сол өзге тілдердің көлеңкесінде қалып қойып жатқаны, тіпті күнделікті қолданыстан, ауызекі қарым-қатынастан ығыстырылып жатқаны белгілі. Бүгінгі таңда кең өріс алып келе жатқан жаһандану үдерісі де белгілі бір дәрежеде тілдердің қолданысына әсер етуде. Лингвист-ғалымдардың болжамынша, XXI ғасырдың соңына дейін жаһанданудың салдарынан бүгінде әлем бойынша қолданылатын 6800 тілдің 50-90%-ы жоғалып кетуі мүмкін [1]. Жаһанданудың қазақ тіліне де кері әсерін тигізіп, оның қолданысын әлсіретпесіне кім кепіл?! Сондықтан да осы мәселенің түйінін шешіп, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтумен бүгіннен айналысқан жөн. Мәселен, әр қазақ өз отбасында, мектепте, университетте немесе жұмыс орнында мүмкіндігінше тек қазақ тілінде сөйлейтін болса, өзге ұлт өкілдеріне өз тілін үйретуге тырысатын болса, мемлекеттік тілдің қолданысы біршама артар еді. Сонымен қатар, бүгінде қазақ тілінің қолданысы шектеулі бизнес, саясат істерінде және әлеуметтік желілерде мемлекеттік тілдің қолданысын арттыруды қолға алу қазақ тілінің мәртебесін өсіріп, оның мемлекеттік рәміздер секілді ел нышанына айналуына септігін тигізеді. Осылайша, “өзге тілдің бәрін біліп, өз тілін құрметтейтін” ұлтжанды жас буынды тәрбиелеу мемлекетіміздің әлемдік бәсекеге қабілетті болуына да, тіліміздің нығаюына да оң әсерін берері сөзсіз.
Мемлекетті жетілдірудегі келесі негізгі қадам – білім беру саласын дамыту және білікті мамандарды дайындау. Елбасы Н.Ә. Назарбаев атап өткендей, “ХХІ ғасыр – білімді, білікті, бәсекеге қабілетті жастардікі”. Жалпы, болашаққа деген ең бағалы инвестицияның білімге жасалған инвестиция екені баршаға мәлім. Себебі, бүгінгі білімгер – ертеңгі жас маман және экономиканың қозғаушы күші. Біздің жас мемлекетіміз үшін экономиканы дамытуға және индустрияны игеруге білікті мамандар аса қажет. Қазақстан – Менделеев кестесіндегі 109 элементтің 99-ы кездесетін (оның 60-тан астамы белсенді түрде өндіріледі), өндірістік потенциалы жоғары бірегей мемлекет [2]. Еліміздің экономикасы едәуір дәрежеде осы қазба байлықтарды өндіріп, шикізат түрінде экспорттаудан түскен пайдаға тәуелді. Бір қынжылтатын жайт – біздің өзіміз экспорттаған шикізатты өңделген тауар түрінде жоғары бағаға қайта импортауымыз және шикізатты өндірудің өзінде де шетел компанияларының қызметіне жүгінуіміз. Мәселен, Қазақстан экономикасы үшін аса маңызды мұнай және газ саласын алатын болсақ, Каспий алабындағы мұнайдың өндіріс көлемі ең жоғары Теңізшевройл, NCOC және KPO бірлескен кәсіпорындарында Қазақстанның үлесі 20%-дан аспайды [3]. Шетелдік кәсіпорындармен келісімшарттар негізінен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, елдің экономикалық жағдайы қиын болып тұрған уақытта жасалған. Алайда, тәуелсіздік алғалы ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, Қазақстанның үлесі айтарлықтай жоғарыламағаны, біздің мұнайды шетелдіктердің өндіріп, өңдеуі бізде әлі де сапалы мамандардың аздығын көрсетеді. Бізде қазірдің өзінде де Білім Инновация лицейлері, Назарбаев Зияткерлік мектептері секілді дарынды балаларға арналған мектептер, Назарбаев Университет, ҚМЭБИ және ҚБТУ бастаған жоғары білікті мамандар дайындайтын университеттер баршылық және олар өздерінің нәтижелерін беруде. Алайда, жалпы халыққа шаққанда, бұл білім беру институттарында оқитын жастардың үлесі салыстырмалы түрде аз. Облыс орталығынан алыс орналасқан қала, аудан және ауылдардағы мектептердің көпшілігіндегі білім сапасы көңіл көншітерлік емес екендігі, кейбір ЖОО-да академиялық адалдық қадағаланбайтындығы да көпшілікке құпия емес. Сондықтан да ел ертеңі үшін білім беру саласын, ұстаз дайындауды жақсарту, жастарға жарқын болашақтың кепілі білім екенін түсіндіру, индустрияға қажетті мамандардың сапасын арттырумен айналысу қажет. Сонда Қазақстанның өндіруші мемлекеттен өңдеуші мемлекетке айналып, экономикасы мықты, бәсекелестікке қабілеті жоғары ел болуына мүмкіндік туады.
...