Типтік бағдарлама 3 кредит
Автор: 2002Aktai • Ноябрь 23, 2022 • Реферат • 42,897 Слов (172 Страниц) • 215 Просмотры
Қазақстан тарихы
Типтік бағдарлама 3 кредит (135 сағат)
Авторлары:
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.К.Таймағамбетов
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.О.Омарбеков
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ.С. Қаражан
Тарих ғылымдарының докторы, доцент Ж.Б.Кундакбаева.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Ж.Ташенев
Тарих ғылымдарының докторы, доцент З.Т.Садвокасова
Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент З.Майданали
Аға оқытушы А.Т Ахметжанова.
Аға оқытушы С.С.Смагулов
Алғы сөз
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздік пен егемендік алуына байланысты ұлттық тарихи танымда қалыптастыруға, сондай-ақ отандық тарихты оқытуға аса зор мән беріліп отыр.
Ұлттық идентификацияға жаңаша көзқарасты орнықтыру кезеңінде тарихи білім аясында өткенді қайта пайымдау өте маңызды мәселе ретінде қарастырылуы тиіс.
Қазақстан тарихы курсы еліміздің барлық жоғары оқу орындарында барша мамандықтар үшін міндетті оқу пәні ретінде енгізіліп отыр. Бүгінгі таңдағы әлеуметтік-гуманитарлық пәндер циклында ол дербес пән болып табылады және Қазақстан Республикасының барлық жоғарғы оқу орындары үшін оқытылуы міндетті пән екендігі ақиқат. Пәннің ерекше статусын бақылау формасын – мемлекеттік емтихан айқындайды. 1995 ж. Қазақстан Республикасының тарихи сана тұжырымдамасы қабылданған болатын. Елбасының жарлығымен 1998 ж. ұлттық тарих жылы ретінде жарияланды.
Қазіргі кезде еліміздегі тарихи білім берудің даму жолдарын қайта пайымдау қажеттілігі туындап отыр. Біздің мамандар отандық тарих бойынша қандай сипаттағы білімді игеруі тиіс?
Білім берудің мақсаты, ең алдымен білім берудің өзінде, яғни студенттің қазіргі қоғамның толыққанды мүшесі болуы мүмкіндігі болуы үшін оны білім, дағды және білікпен қамтамасыз ету. Тарихқа қатысты бұл дегеніміз студенттің өзін қоршаған әлемді бағдарлай білуіне, заманауи үдерістерді тарихи уақыт контексінде сапалы түрде сараптай білуіне қол жеткізу болып табылады.
Қазақстанның жедел экономикалық, саяси және әлеуметтік жаңғыру жағдайында дамуы кезеңінде, еліміздің бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіруі қоғам алдындағы ең маңызды міндет болып тұрған шақта Қазақстан тарихын оқып-үйренудің маңыздылығы арта түсті.
Қазақстанның тарих ғылымы алдында халықтың өзін-өзі рухани жаңғырту мәселесіне атсалысу жауапкершілігі тұр. Атап айтқанда, ғылыми негізделген тарихи білім өткенді сараптау арқылы ұлттық сана-сезімнің оянуын, халықтың тарихи жетістіктерін, әлемдік өркениеттегі рөлі мен орнын айқындауға көмектеседі.
Бүгінгі күні ұлттық тарихты оқып-үйрену жалпыхалықтық бірлікті қалыптастырудың, халықтың тарихи жадын қалпына келтіріп, тереңдетудің, ұлттық сана-сезімді қалыптастырудың, азаматтық пен патриотизмді тәрбиелеудің басты факторларының бірі болып табылады.
Қазақстан тарихын оқыту мақсаттарының бірі студенттерді тарихи ойлауға машықтандыру болып табылады. Студенттер адамзат тарихын тек алға қозғалу, прогресс қана емес, бұл – тұрақты туындайтын проблемаларды еңсеру, әртүрлі шиеленістерді шешу деп түсінуі тиіс. Дәл осы тәжірибенің өзі құндылығы кемімейтін тарихи тәжірибе болып табылады.
Қазақстан тарихы пәні жастардың дүниетанымын қалыптастырушы фактор деп айта аламыз. Сондықтан, отандық тарихты оқыту процесінде оқытушы студенттердің тарихты кешенді, толыққанды қабылдауына, тарихи тәжірибе мен тарихи тағылымдарды сыни пайымдауына мүмкіндіктер туғызуы тиіс. Тағы бір маңызды аспект – оқыту процесіндегі білім беру ерекшелігі бірдей оқиғалар мен қубылыстарды әр-түрлі баяндау болып табылатындығын көрсету қажет. Мұның өзі оның ғылымилығын дәлелдейді, сондай-ақ, нормативтілікке ұмтылатын өткеннің баламасыз тұспалдауларының шынайы ғылымға ешқандай қатысы жоқ екендігін көрсетеді.
...