Жазу теориясының негізгі категориялары мен іргелі ұғымдары
Автор: Ayansyngoi • Сентябрь 20, 2021 • Реферат • 21,450 Слов (86 Страниц) • 845 Просмотры
Жазу теориясының негізгі категориялары мен іргелі ұғымдары
Қазіргі тіл білімінде дыбыстарды, яғни тілдің фонологиялық жүйесін зерттейтін «Фонетика мен Фонология» және жазу, әліпби түрлері, жазу тарихы, т.б. мәселелерді зерттейтін «Граммотология» немесе «Графикалық лингвистика» деп аталатын нақты екі лингвистикалық бағыт бөлініп шықты. Бұл бағыттағы ғылыми ізденістердің алғашқы қағидаты – тілдің дыбыстық жүйесі мен графикалық жүйесінің арасында айрықша күрделі байланыстың болуы, соған сай әліпбидің таңдалуы, жазу дәстүріндегі тілдің өзіндік ерекшелігі мен дамуын сақтау ісінде орасан рөл атқаратындығы сияқты анықтамалардан аңғарылады [1].
Әліпби – белгілі бір жазуда қолданылатын, белгіленген тәртіппен орналасқан әріптердің жиынтығы. Сонымен қатар әліпби табиғи тілдегі кез келген мәтінді жазуға, оларды сақтауға мүмкіндік беріп, ақпарат құралдарын жүйелеуде, оларды іздестіруде, сақтауда аса маңызды қызмет атқарады [2, 49].
Әліпбидің дүниеге келуі кез келген табиғи тілдердегі мәтінді жазуға мүмкіншілік берді. Әліпбидің түзілу принципін ең алғаш батыс семит халықтары жасаған (б.э.д. 3000 ж., Солтүстік Сирия). Олар Месопотамның буындық таңбаларын пайдалана отырып, дауысты және дауыссыз дыбыстардың белгілі ретпен қосарланып жазылатын жүйесін ойлап тапқан. Жалпы әліпбидің шығуы, дамуы туралы В.А. Истриннің «Развитие письма», «Возникновение и развитие письма», Д.Дирингердің «Алфавит», И.Е. Гельбтің «Опыт изучения письма», И.Фридрихтің «История письма», Ч. Лоукотканың «Развитие письма» және т.б. еңбектерді атауға болады.
Дыбыстық-әріптік жазуды бүкіл әлемде 75 пайыз халық қолданады. Дыбыстық-әріптік жазудың ең көп таралған түрлері: латын әліпбиі (30 пайыз) славян-кирил (10 пайыз), араб (10 пайыз) және үнді жазуы (20 пайыз).
Қазіргі әліпбилердің пайда болуы жер шары халқының өркениеттік дамуының нәтижесін көрсетеді. Әліпбилердің қолданысы тілдердің туыстығына сәйкес келе бермейді. Мысалы, славян тілді халықтар кирил және латынды пайдаланады, араб әліпбиі семит тілдер тобына жататын халықтармен қатар, парсыларда (үндіеуропа), ерте кезде түрік халықтары да қолданылған.
Жазу тарихы мәліметтеріне қарасақ, латын әліпбиінің жасалуына, ол жазудың бүкіл еуропа халықтарына таралуына грек жазуы негіз болған. Бірақ әрбір халық (тілі) әліпбиі өз тілінің дыбыстық жүйесіне лайықтандырып әріптердің мағынасын сақтап, формасын өзгерткен.
Графика жазуда қолданылатын таңбалардың жиынтығы, сонымен қатар жазу таңбалары жүйесі мен тілдің фонетикалық жүйесінің арақатынасын, байланысын білдіреді.
Тілдің графикалық жүйесі бір-бірімен белгілі қатынаста анықталатын және біртұтас жүйені құрайтын, тілдің фонологиялық жүйесімен байланысты графикалық бірліктердің жиынтығы деп түсініледі.
Графикалық жүйенің бірліктері құрылымдық-функционалдық белгілері бойынша қызметтік жағынан алғанда екі негізгі топқа бөлінеді: а) графемалар, яғни фонемалық референттері бар графикалық бірліктер; ә) графикалық символ: екпін, тыныс белгілері, дефис, апостраф, пробел, абзац. Бұл дегеніміз әрбір таңба «тұрпат межесін» және «мазмұн межесін» сипаттайтын екіжақты бірлік екендігін көрсетеді.
Грамматология және оның зерттеу обьектісі
Грамматология (гр. gramma — жазу, гр. logos — ұғым, ілім) — жазу туралы ғылым. Грамматология – жазу туралы, жазу жүйесі туралы, жазудың генеологиялық тарихы мен даму жолдары, мәдениеттегі жазудың рөлі мен орнын саралайтын тіл білімінің бір саласы. Бұл саланы алғаш жүйелеп, ғылыми тұрғыдан негіздеген америкалық ғалым И. Е. Гельб. Ол «Опыт изучения письма (основы грамматологии)» атты зерттеуінде алғаш «грамматология» терім сөзін қолдана отырып, адамзаттың жазу тарихына терең талдау жасайды. [4].
...