Сократқа хат
Автор: m01dagalieva • Март 14, 2021 • Эссе • 1,406 Слов (6 Страниц) • 923 Просмотры
Құрметті де, ардақты Сократ! Осы хатты сізге арнаймын деп шештім. Қандай да бір тарихи кітапты алып оқысақ, сіздің философияңыздың бұл кітаптан орын алатындығын байқай аламыз.Сіз өз өңіріңіздің ең алғашқы Афиналық философтарының бірі болып табыласыз. Өмір жолыңызда өткен қуанышты болсын, қайғылы болсын жағдайларды түйе келе, қазірде бізге көптеген нәрсенің анық-қанығын түсінуге баулып отырсыз. Сіздің өмір мен өлім, адам мен қоғам, махаббат пен жанұя, құдай және тағы да басқа философиялық ой-толғауларыңызды оқып, көп түйгенім бар. Әр айтқан сөздеріңіз, ойларыңыз қазіргі философияның дамуына үлес қосып келеді.Сіздің философияңызды оқыған адам ешқашан кем болмайды деп нақты айтар едім, себебі сіздің өміріңіз өз іліміңіздің көрінісі болып табылады. Өз заманыңызда адамдарды оқытып, өз философияңызбен бөлісіп, кейіннен ұлы деген философ шәкірттеріңіз сіздің жолыңызды қуды. Өзіңіз еңбегіңізді жазып қалдырмасаңыз да, артыңыздан ерген шәкірттеріңіз келешек ұрпаққа сіздің еңбектеріңізді мұра етіп қалдырған тұғын. Ксенофон, Платон және Аристофан атты ұлы философтардың, философ болып қалыптасуында сіздің еңбегіңіз зор. Сізді зерттей келе, сіздің жоғары моральды, тапқыр,шынайы,ақкөңіл,батыл және әзілқой екеніңізді білдім. Адамның жақсы деген қасиеттері сізде жиналғандай. Адамгершілігіңіз, қарапайымдылығыңыз және әр нәрсеге деген терең көзқарастарыңыз адамды білім алуға, жақсы болуға итермелейді. Көптеген айтып кеткен сөздеріңізге тоқталып өз пікірімді де білдірсем деп едім. Әрине, сіз секілді философ емес шығармын, бірақта сіздің еңбегіңізді оқып, өз пікірімен, әсерімен бөліскен адамның жазбасын оқу сізге қызық болады деп ойлаймын. Сіз өзіңіздің жұмысыңыздың жетілген кезеңінде философияны табиғатты, болмысты білуге бағытталған рефлексия ретінде түсінуден бас тартқан болатынсыз. Ол ғаламның заңдары туралы философиялық даулардағы сәйкессіздік адам танымының қол жетімсіздігін көрсетеді деп сендіңіз. Адамға тек оның жанының іс-әрекеті бағынышты, ал Құдай жаратқан құдайшылдық, табиғаттың ақыл-ойына қол жетімді емес деп айтқан болатынсыз. Демек, біз үшін басты міндет өзін-өзі тану болса керек. Сондықтан Сократтық "жаңа философияның" орталығы өзін-өзі тануға ұмтылатын адам болып табылады. Философия адамды ашып, оны зерттеуі керек, өйткені бізде өзіміз туралы да, айналамыздағы әлем туралы да білімді зерттеп, жинақтай алатын танымдық бастама жатыр. Сізді табиғатты зерттеудің негізгі жауы деп те атап жатады. Адамның ақыл-ойының осы бағыттағы жұмысын құдайлардың ісіне арам және нәтижесіз араласу деп санауыңызда. Сізге әлем Құдайдың жаратылысы сияқты көрінеді, соншалықты ұлы және құдіретті, ол бәрін бірден көреді, естиді, барлық жерде бар және бәріне қамқор. Құдайлардың еркіне қатысты нұсқаулар алу үшін ғылыми зерттеулер емес, бал ашу қажет секілді. Сіз құдайларға ұқыпты түрде құрбандық шалып және барлық діни рәсімдерді мұқият орындадыңыз. Бұл тұрғыда сіз Афинаның кез-келген тұрғынынан еш айырмашылығыңыз жоқ еді. Оны тіпті шәкірттеріңізге де жасауға кеңес берген болатынсыз. Сіздің ойыңызша философияның негізгі міндеті діни және моральдық дүниетанымның негіздемесін, табиғатты білуді, табиғи философияны қажетсіз және құдайсыз іс.[1] Бұл жерде мен сіздің философияңыздың негізгі міндетімен келіспеймін, өйткені табиғат пен табиғи философия туралы білім тек философия тұрғысынан негізделмеу керек, сонымен бірге бұл философияның маңызды бөлімдерінің бірі деп санаймын. Философияны былайша айтқанда ғылыми тұрғыдан емес, сондай-ақ біз философияны адами тұрғыдан да қарастыруымыз қажет. Яғни бұл тек қана ғылым ғана емес, сонымен қатар айналамыздағы әлемді білуге деген ұмтылыс, әр адамның табиғи қалауы деп қарастырған жөн секілді.Сіздің алға қойған басты міндетіңіз өзін-өзі тану болды. Алайда адам өзін-өзі тану үшін, өзінің мен дегенін тану үшін және әлемдегі маңыздылығын, өмір сүру мақсатын түсіну үшін, менің ойымша, өмір сүретін әлемді білу қажет. Мен дінге қарсы емеспін, керісінше мен сенушімін, бірақ діннің көмегімен көргеннің бәрін түсіндіруді дұрыс емес деп есептеймін. Ерте ме, кеш пе, адам қандай да бір оқиғаның, құбылыстың және тағы басқа нәрселердің неге екенін білгісі келеді. Ежелгі гректер табиғат пен оның құбылыстарының ғылыми негіздемесі туралы аз ғана түсінікке ие бола, тек құдайдың күшіне сене отырып, егер бәрі құдайларға тәуелді болса, онда олар мұны қалай жасайтынын білгісі келді. Мен сіздің дінге деген философиялық бағытының мәнін, сіз өмір сүрген кезеңде ғылым табиғатты зерттеумен айналыспағандығымен түсіндіре аламын, барлығы құдайларға қызмет етумен байланысты адамдардың аузынан түсіндірілген болатын. Сіз өзіңіз де терең діндар адам болғандығыңыз анық. «Менің білетінім, ештеңе білмейтінім»[2] деген күмән сіздің іліміңіз бойынша осы адамды өзін-өзі тануға әкелуі керек еді. Сіздің пікіріңізше, өзін-өзі адам рухын білуге жүгініп, ондағы дін мен моральдың негізін табу керек. Осылайша, сіз негізгі философиялық мәселені идеалист ретінде шештіңіз. Ең бастысы - рух, сана болса, табиғат-бұл философтың назарынан тыс, қайталама және тіпті маңызды емес нәрсе деп қарастырдыңыз.Бұл идеалистік этикаңыз теологияға айналды. «Менің білетінім, ештеңе білмейтінім» - деп айтып кеткен тұжырымыңызға тоқталғым келіп тұр.«Жұрт бірдеңе білетін сияқты болып жүреді, анығында еш нәрсе білмейді.Сонда өзімнің білмейтіндігімді білетіндіктен мен басқалардан көбірек білетін болып шықтым» - деп едіңіз.Бұл тұжырыммен толық келісемін. Тұрақты даму және алға жылжу абсолютті білімге, абсолютті шындыққа жақындауды білдіреді. Тұжырымыңыз адамның шындыққа деген ұмтылысын оятуға, оны ойландыруға ынталандырады. Сіз бұл жерде бәрін білетін адамның өзінде де, білмейтін бір нәрсесі болатындығын айтып тұрсыз. Осы тұжырымның мән мағынасы терең дер едім. Бұл әлемнің кеңдігі, үлкендігі сонша,ондағы болып жатырған барлық нәрселерді, құпияларды білу мүмкін емес деп ойлаймын. Ия, көп оқыған адам өзге оқымаған адамдардан гөрі көбірек білетін шығар, бірақ ол адамның да білмейтіні болады. Сондықтан да, әр адам мен білемін деп айтса да, білмейтін нәрсесінің көп екендігін бірге мойындауы қажет. Адам мен ештеңе білмеймін демей, керісінше білмегенін өзгеден сұрап, көп оқып, әрдайым жаңа нәрсені білуден жалықпай, ізденіп, зерттеп, білімін жетілдіре беру қажет. Бірақ, әрқашанда, қай кезде де сіздің айтқан нақыл сөзіңіз факт болып қала бермек. Алайда, негізінде әлемдегі барлық нәрсені білетін жан бар десе және бұл сіздің ойыңызша кім десе қалай жауап берер едіңіз? Мен бұл сұраққа сздің қалай жауап беретініңізді білетін секілдімін. Әрине, Құдай. Сіз дінге өте берік адамсыз. Рухани жағынан мүмкін солай да шығар, алайда теория жүзінде бұл дәделденбеген дер едім. Мүмкін келешек болашақта бұның бәрі зерттеліп, айқын болар, бірақ та қазіргі уақытта бұл дәлелденбеген дер едім. "Мен ештеңе білмейтінімді білемін" - бұл бір нәрсе туралы үнемі білімсіздікті сезіну, үнемі білуге деген ұмтылыс, өзіңіз белгілеген маңызды олқылықты толтыру үшін көп нәрсені білу.Менің ойымша, әр адамның білім алуға құқығы бар. Оның кім екендігі, жасы, мамандығы немесе әлеуметтік мәртебесі маңызды емес. Адам бола отырып, білім арнасына бағыттауға болатын әлеуетке ие бола отырып, неге әр адам өзін философ ретінде сынап көрмеске? Бұған мысал-ежелгі грек философы Демокрит. Ата-бабалары қалдырған мирасын саяхатқа жұмсап, өзінің және қоршаған ортасын танып біліп, кедей болса да, қазірде ұлы философ атанып отыр.Яғни, әрбір адамның философ атануының мүмкіншілігі бар. Көп оқып, зерттеп, талпынса әр адамның қолынан келеді. Тарихта мұндай мысалдар көп, сондықтан танымның табалдырығында адамның кім екендігі маңызды емес, бастысы - ол ақиқатқа жету жолында кім болатындығы. Қорытындылай келе, сіздің философиялық көзқарастарына қатысты менің барлық айтқан пікірлеріме, ойларыма қарамастан, сізді бүкіл әлем аты аңызға айналған философ болып қала бересіз.Өз еңбектеріңізді жазбағандықтан, өзіңіздің философияңызды қарсыласпен диалектикалық пікірталас арқылы түсіндіргендіктен, біз сіз туралы білетін барлық нәрсе шындық па, әлде жалған ба?деген сұрақ туындауы мүмкін. Егер мен сізбен жеке сөйлесе алсам, онда мен басқаша ойлаушы едім. Мүмкін сіз маған көптеген нәрселерге деген көзқарасымды өзгертіп, түсіндіріп, білмегенімді үйретер ме едіңіз. Өкінішке орай, мен тек біздің уақытқа жеткен ақпарат бойынша ғана өзіме қандай да тұжырымдарды айта аламын. Сіздің көреген философ екеніңізге ешқашан күмәнмен қараған емеспін. Сіздің қазіргі ұрпақ үшін жасаған еңбегіңіз зор. Бұл хаттың да негізгі мақсаты да сіздің ақылгөй данышпан екендігіңізді дәлелдеп, сіздің философияңызға деген өз көзқарасымды жазып жеткізу болып табылады. Мүмкін менің көзқарасым дұрыс емес те шығар, бірақ та адам қателік жасаудан қорықпауы қажет. Өмір бойы адамдар көптеген қателіктер жіберіп, соның төңірегінде үйренеді емеспе. Құрметті,Сократ! Мен өз атымнан сізге мың да бір алғысымды білдіре отыра, хатымды өз мәресіне жеткізгелі отырмын. Сіз секілді философты оқып, танығаныма өте қуаныштымын. Сіздің еңбектеріңіз мәңгі болып қала бермек.
...