Тәуелсіздік бәрінен қымбат
Автор: zhazira.nuarbek • Февраль 13, 2024 • Эссе • 510 Слов (3 Страниц) • 152 Просмотры
“Parasat AJ” жекеменшік орта мектебі, 1 F сынып оқушысы
"Тәуелсіздік бәрінен қымбат"
«Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз.Бәріміздің де туған жеріміз біреу: ол қасиетті қазақ даласы.Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар: ол Тәуелсіз Қазақстан»-деп, Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай Тәуелсіз Қазақстан - деген сөзді естігенде ең алдымен көз алдымызға ашық аспан, байтақ әлем, сол ашық аспан астында өмір сүріп жатқан халықты елестетуге болады. Тәуелсіз Қазақстан сөзінің өзі үлкен абырой, көп күш - жігерді, қайсарлық пен батылдықты дәріптейтін дүние.
Тәуелсіздік! «Тәуелсіздік» дегенде әр адамның бойын мақтаныш сезімі кернейді. Азаппен келген азаттық, тәуекелмен келген тәуелсіздік аса құнды, әрі маңызды тарихи оқиғаның бірегейі болып табылады. Сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз тәуелсіздікті армандады. Міне, сол ата-бабаларымыздың аяулы мұратына, халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманына 20 ғасырдың соңына қарай қолымыз жетті. 33 жыл тарих үшін қас-қағымдай ғана уақыт болғанымен, тәуелсіз Қазақ елі үшін ғасырдың жүгін арқалаған кезең болды. Тәуелсіздікке біз оңай жеткен жоқпыз.Сол 33 жыл ішінде бұрын соңды көз көріп, құлақ естімеген жетістіктерге жеттік. Тарихтың таңғажайып сыйы - Тәуелсіздікті баянды етуді басты мақсат санаған қазақстандықтардың еңбегінің, маңдай терінің арқасында ерен қиындық еңсерілді. Бұл жетістікке еліміз көп қиындықтардың арқасында қол жеткізгенін ұмытпағанымыз жөн. 1991 жылы Қазақстан егеменді ел болды. 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі атанды. 1993 жылы 28 қаңтарда ҚР тұңғыш ата заңы қабылданды. 2006 жылы мемлекетіміздің жаңа әнұраны қабылданды. Сонымен қатар Қазақстан бірнеше елдермен ынтымақтастық орнатып,саяси қарым-қатынасын жақсартты. Еліміздің ұйымшылдығы мен бірлігінің арқасында біз үлкен жетістіктерге жеттік. Өз жолымызды түрлі ғылым мен өнер саласында да таптық. Қазақстанның атын шығарып жүрген керемет спортшыларымыз бар. Сонымен қатар білім сапасы жақсарып, елімізден дарынды жастардың саны көбейді. Мәдениет, өнер жағынан да небір талантты жастар шықты. Осы қиындықтардың барлығын еңсеріп келе жатқан қазақ халқымды көріп, мен өзімді бақыттымын деп санаймын. Міне, әр жыл сайын біз көптеген жетістіктерге жетіп отырамыз. Мен өз еліммен мақтанамын. Өз еліме, өз жеріме қызмет ету үшін мен әрдайым бар күш жігерімді саламын. Біздің маңдайымызға Тәуелсіз елдің азаматы болу жазылыпты. Әлбетте, бұл үлкен бақыт ғана емес, зор жауапкершілік. Сол үшінде кішкентай жүрегіммен жауапкершілікті мен сезінемін. Мен – өркениет өріне қадам басқан еркін елдің өренімін.Бүгінгі бейбіт, шуақты күндерде бағалай отырып, жақсы білім алу, жаңа биіктерге ұмтылу – біз секілді жас ұрпақтың басты бағыты болуы тиіс деп ойлаймын.Әр азаматтың парызы – ана тілімізді білу, рәміздерді сыйлау, дәстүрді құрметтеу, өз Отанын қорғау.
...