Әл-Фараби дүниетанымының қалыптасуы
Автор: Dijf6 • Сентябрь 29, 2021 • Лекция • 19,203 Слов (77 Страниц) • 422 Просмотры
Әл-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ФИЛОСОФИЯ ЖӘНЕ САЯСАТТАНУ ФАКУЛЬТЕТІ
ФИЛОСОФИЯ КАФЕДРАСЫ
«Әл-Фараби және қазіргі заман» пәні бойынша
ДӘРІСТЕР
Алматы, 2021
ӘЛ-ФАРАБИ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ЗАМАН
КУРСЫ БОЙЫНША ДӘРІСТЕР
1 ДӘРІС. ӘЛ-ФАРАБИ ЗАМАНЫ, ТАРИХ ЖӘНЕ ОТЫРАР ӨРКЕНИЕТІ.
- Кіріспе
- Отырар өркениеті
- Әл-Фараби дүниетанымының қалыптасуы
Орталық Азия, Қазақстан жəне бүкіл Шығыс халықтарының əлемдік ғылым мен мəдениет тарихында Фараб қаласының (Отырар, Оңтүстік Қазақстан) данышпан тумасы, ұлы ойшыл, философ, ғалым-энциклопедист əл-Фараби айрықша орынға ие.
Орта Азия мен Қазақстан сонау Шығыс Жерорта теңізінен қазақ даласына дейін созылып жатқан, адамзат өркениетінің ежелгі ошағы пайда болған кең-байтақ аймаққа кіреді. Дəл осы жерде мыңдаған жылдар бұрын ежелгі Шығыстың бүкіл экономикасын қуаттандырған екі негізгі шаруашылық – егін жəне мал шаруашылықтары, одан кейін қолөнер мен қалалар пайда болған. Ерекше атап өтер жайт, осы аймақтың халықтары мен елдері ерте кезден бастап-ақ бір-бірінен бөлек өмір сүрген жоқ, олар тұрақты түрде мəдени, экономикалық жəне этностық байланыстар мен қарым-қатынаста болды.
Бұл кезеңде Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының материалды жəне рухани мəдениеті керемет гүлдеді, қалаларда зəулім сəулет ансамбльдері жасалды, көркемөнер мен сəулет өнерінің синтезі орын алды.
Б.д. VІІ ғ. ортасынан бастап Орталық Азия мен Қазақстанның жартысы орасан зор Араб халифатының құрамына қосылды.
Халифаттың құрамына енген территорияларда жүзеге асқан сол кездегі этногенетикалық, тілдік жəне мəдени процестер өте күрделі болды. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы маңызды этникалық бұқаралар тілі бойынша «арабшаланды». Алайда, туған тілдерін сақтап қалған елді мекендер орналасқан аймақтарда исламизациялау орын алды, сонымен бірге араб тілі кең қанат жайып, барлық мемлкеттік жазбалар жергілікті тілден араб тіліне аударылды. Осылайша, əртүрлі тілде сөйлейтін көптеген халықтар мекендеген мемлекет – халифатта бұл тіл жалпы мемлекеттік қарым-қатынасы тіліне айналды.
ІХ-ХІІ ғасырларда халифат мəдениеті сол кездегі еуорпалықтан əлдеқайда жоғары дəрежеде болды. Оның тарихи зор еңбегі еуропалықтардың Шығыс халықтарының жетістіктерімен танысуын қамтамасыз еткен шығыстық ғалымдардың еңбектері мен іс-əрекеттері меңгеріліп, шығармашылық тұрғыда өңделген көптеген антикалық дəстүрлердің (əсіресе, жаратылыстану ғылымдары мен философия саласы) кең таралуы деп есептеуге болады. Фараби, Бируни, Ибн Сина жəне көптеген басқа да ойшылдар тек халифаттың ғана емес, бүкіл адамзат мəдениеті мен ғылымына аса ірі үлес қосты. Медициналық шығармалар мен математикалық трактаттар, астрономиялық кестелер мен түрлі тілден (ең алдымен, антикалық) аударылған араб аудармалары Батысқа жетіп, жүз жыл бойы орасан зор абыройға ие болды. Батыс еуропалық əдебиеттің дамуында да Шығыстың рөлі айрықша.
Фарабидің дəуірінде (ІХ ғасырдың екінші жартысы – Х ғасырдың бірінші жартысы) халифат саяси тұрғыдан алғанда ортақ тұтас емес еді. Орталық аббасидтік үкіметтік басқару осы уақытта бір Иран тарапынан шектелді. Испания, Солтүстік Африка, Мысыр мен Сирия өзіндік династиялармен басқарылды.
Тарихи ғылымда көп уақыт бойы еуразиялық дала аймағы тек көшпенділік мал шаруашылығына ғана жарамды болды, ал көшпенді тайпалар мен халықтардың мəдениеті төменгі дəрежелі, себебі көшпенділер жоғары өркениет құруға қабілетсіз деген жалаң тұжырым үстемдік етті. Мұның бəрі, əрине шындық емес. Араб халифаты дəуірінің өзінде Орталық Азия мен Қазақстан тұрғындары (қолөнершілер, шаруа адамдары) оның экономикалық потенциалына зор үлес қосқандығы айқындалды. Осы аймақтардан түрлі шикізат пен дайын өнімдерді халифаттың батыс бөліктеріне тасымалдау өте кең жүзеге асты. Мысалы, Бұхаралық жəне Мəруалық маталар Бағдат базарларында əйгілі болған. Самарқан ІХ ғасырдың өзінде қағаз өндірісінің ірі орталығы болған жəне Х ғасырда Самарқан қағазы ең сапалы болып есептелген. Ферғана тауларынан өндірілген орта азиялық темір оның орталығында өңделіп, одан жасалған бұйымдар Бағдатқа дейін жеткізілді. Ортаазиялық жəне қазақстандық асыл тастар үлкен танымалдылыққа ие болды. Сол уақыттағы керуен саудасы – Орталық Азия мен Қазақстанның халифаттың басқа елдерімен тұрақты экономикалық байланыста болғандығының дəлелі.
...