Қан майданнан ұласқан достық
Автор: aiym.19970404 • Февраль 3, 2018 • Сочинение • 2,226 Слов (9 Страниц) • 761 Просмотры
Қан майданнан ұласқан достық
Жол, жолдар. Көз алдымда көлбеп жатқан ұзақ жол. Осы жолдың бір үзігі менің туылған жерім Қосағаштан басталып, Шаған ауылына келіп тіреледі. Бір үзік жол, бір үзік өмір. Осы жолмен 35 жыл арлы-берлі бір-біріне үздіксіз қатынасып отырған екі адам бар. Ол менің әкем Асхат және оның майдангер досы Абубакар. Қан майданнан ұласып, күні бүгінге дейін жібі үзілмей жеткен ұлы достық. Иә, достықтың сан алуан түрі бар-ау. Бала кезден тай-қозыдай тебісіп бірге өскен бала достық. Мектеп табалдырығынан шығып, студент шақтағы бозбала достық, немесе жанұя болып, бір-бірімен сыйластықпен қарайтын, салиқалы да салмақты достық. Ал бұл- мәні де мағынасы да өзгеше, бір-біріне бауырмашыл, бір-біріне өнеге, бір-біріне алтыннан қымбат қасиетті достық. Мен бүгінде, жастықтың жалыны лапылдап тұрған 18 жасында қан майданның ортасынан шыққан әкем мен оның досын мақтан ете отырып, бүгінгі әңгімеге өзек еттім. Әкем Асхат Ауғанұлы киелі мекен Күреңбелдің тумасы. Ішектей созылып жатқан Қоғалы ауылында дүниеге келген. Ал, балалық шағы жазиралы Жаркенттің Айдарлы ауылында өткен. Ақтаудың аққұмында жалаң аяқ қоян қуып, қасиетті Іленің балығын аулап, сексеуілдің томарынан от жағып, сол оттың жалынына жылынып жүрген жас бала, ертең жалындап тұрған жігіт шағында аяғынан айырылып, мүгедек болам деп ойлады ма екен?
Тағдыр ғой, тағдыр. Тағдыр деймін-ау, тағдырдың тәлкегі ме, әлде мағынасыз саясаттың кесапаты ма?
Биік таулардың басына ылғи да бұлт орап тұратыны сияқты. Менің әкемнің де басына тұманды күндер мен қою бұлт ораныпты. 1981 жылдың сәуір айында әскер қатарына шақырылған әкем, ел қатарлы совет өкіметінің бір бұрышында отандық борышын өткерудің орнына, түркімен елін асып, Ауғанстан жерінен бірақ шыққан. Өрімдей қазақ балалары, артында анасы мен әкесін, туған-туыс бауырын, аға-қарындастарын қалдырып, бір-ақ күнде есейіп шыға келді-ау.
Бірақ менің әкемнің ойында « Ауғанстан» деген сөздің не екені жатталып қалған еді. Өйткені, осы Ауған жерінде екі жыл бойы туған ағасы әскери қызметін атқарып жатқанды. Айдарлының құмын кешіп, ыстығына күйіп-пісіп жүрген шағында мен де ағам сияқты, Ауғанстанға барсам деген бір арман жылт еткен. Бірақ бұл болашақсыз, көзсіз арман екенін қайдан білсін.
Ұшақтан түсіп, ауған жеріне аяқ басқан жас бозбала, жан-жағына жалтақтап қарап, маңынан ағасын іздеді. Бірақ, өмір жолы Ауған жерінде ағалы-інілі екеуді бір-біріне жолықтырмапты. Арада айлар өтіп, ағасының дін-аман әскери борышын өтеп, туған жерге келгенін хат арқылы естіген еді. Мынадай қым-қиғаш соғыстан, еш жарақатсыз, аман қайтқан ағасының өмірі оның көңіліне медеу болды. Қорқыныш сейіліп, үміт сәулесі жарқ етті. Ары қарай, ия ары қарай соғыс. Соғыс болғанда қандай соғыс. Түсініксіз, кімді атып жатырмыз, кімді қуып келе жатырмыз, Душман, ол кім? Басында ақ сәлдесі, аузында имандары бар, өзіміздей мұсылман халқы. Ия, сөйтіп күндер өтіп жатты.
1982 жылдың ақпан айы. Әкемнің естелігінен үзінді келтіре кетейін: «Кезекші шабуылға шықтық. Мұнарланған биік тау. Қасымда 5-6 әскерлес достарым бар, душманды бетке алып қуып келеміз. Бірде олар, бірде біз оқ жаудырамыз. Кенеттен бір душман, қолымдағы автоматын тастай салып, қаша жөнелгені бар ма? Менде ойлана қалдым. Бұны тірідей қолға түсіру керек. Ол ойлы-шұңқырлы жермен жүгіре жөнелді. Мен артынан қуа жөнелдім де кілт тоқтай қалдым. Менің құлағыма «тоқта» деген анамның дауысы естілгендей болды. Бірақ өте кеш болатын. Ол мені, бізді мина қойылған алаңға алып келген екен. Көз алдымда душман минаға жарылып кетті. Мен де секірдім, әттең ары қарай не болғанын білмедім. Көзім қарауытып, бір тұңғиыққа батып бара жаттым. Есімнен танып қалыппын. Бар білетінім, көз алдыма, әкем-анам елестей берді».
Міне, өмірдің қиын-қыстауы осы тұста басталды. Әкем минаға түсіп, оң аяқтан айырылды. Қасындағы достары алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, аэропортқа жеткізген. Құжаттарын реттеп, ұшаққа салмақшы болған. Қым-қуыт адамдар, жаралы салдаттар. Өздері жүріп, шамасы келгендер ұшаққа отырып жатты. Әкем зеңбілде жатқан. Сол зеңбіл әкемнің жанын сақтап қалған-ау шамасы. Өйткені, өздігінен жүрсе ұшаққа мініп кетер ме еді? Сол арада қатты жарақат алған салдатты ұшаққа тиеп, әкем сыймай қалды. Ұшақ аспанға көтеріліп кетті. Ең өкініштісі де осы-ау Ауған аспанынан шықпай жатып, душмандар ұшақты атып түсіріп, ыстық отқа орана кетіпті. Әкем келесі ұшақпен Ташкентке жеткізілген. Сол жерде госпитальда 3 (үш) ай жатып, Москва - Подольск қаласына жөнелтіліпті. Осы жерде айта кететін бір жай, әкемнің құжаттары, сол апат болған ұшақта жанып кеткен. Сол күннен бастап, әкем өлілер қатарында есептелген.
...