Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы
Автор: ardak.tleubaeva • Сентябрь 16, 2021 • Реферат • 1,759 Слов (8 Страниц) • 670 Просмотры
Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы
Декларация Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының резолюциясымен 1948 жылғы 10 желтоқсанда № 217 А (III) қабылданған
Преамбула
Адам баласы үйелменінің барлық мүшелеріне тән қадір-қасиетін, құқықтарының теңдігі мен тартып алынбайтындығын тану, бостандық пен әділдіктің және жалпыға бірдей бейбітшіліктің негізі болып табылатынына назар аудара отырып,
адам құқықтарына деген елемеушілік, менсінбеушілік адам баласы арының зығырданын қайнататын тағылық жағдайға әкеліп соғатынына және дүние жүзі адамдары сөз бен наным-сенім бостандықтарына ие болып, үрей мен мұқтаждықтан ада бола алатын ортаны құру – адам баласының жоғары мәртебелі ұмтылысы деп жарияланғанына назар аудара отырып,
адам баласы зорлық-зомбылық пен қанауға қарсы көтеріліске мәжбүр болатын жағдайды тудырмау үшін, адам құқықтары заң билігімен қорғалуы керек екеніне назар аудара отырып,
халықтар арасында достық қарым-қатынастың дамуына жәрдемдесу керек екеніне назар аудара отырып,
Біріккен Ұлттар елдері өз Жарғысында негізгі адам құқықтарына, жеке адам басының қадір-қасиеті мен құндылығына және ерлер мен әйелдердің теңдігіне сенімдерін растап, әлеуметтік прогресс пен адамға ылайық өмір сүру деңгейін, нақтыланған бостандықтардан тыс, кең ауқымды бостандықтарды арттыруға жәрдемдесу керек деген шешімге келгендеріне назар аудара отырып,
мүше-мемлекеттер Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтықтамаса отырып, адам құқықтары мен негізгі бостандықтары жалпыға бірдей құрметтеліп сақталуына ықпал жасауға міндеттенгендеріне назар аудара отырып,
осы міндеттемелерді толыққанды жүзеге асыру жолында осы құқықтар мен бостандықтардың мән-мағынасы мен ерекшеліктерін ұғынып түсінудің маңызы зор екендігіне назар аудара отырып,
БАС АССАМБЛЕЯ,
Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясын бүкіл халықтар мен мемлекеттердің ұмтылыстары арқылы әр адаммен қатар, қоғамның әр органы осы декларацияны үнемі жадында тұтып, білім беру және ағарту жұмыстары арқылы осы құқықтар мен бостандықтарды қадір тұтуға ықпал жасап, ұлттық халықаралық шаралар арқылы Ұйымның мүше-мемлекеттерінің халықтарымен қоса, олардың юрисдикциясына қарасты территориялардың халықтары арасында да, жалпыға бірдей тиімді түрде танылып, жүзеге асырылуы үшін алға қойылған мақсат ретінде жария етіп отыр.
1 бап
Барлық адамдар тумысынан азат және қадір-қасиеті мен құқықтары тең болып дүниеге келеді. Адамдарға ақыл-парасат, ар-ождан берілген, сондықтан олар бір-бірімен туыстық, бауырмалдық қарым-қатынас жасаулары тиіс.
2 бап
Әр адам, нәсіліне, түр-түсіне, жынысына, тіліне, дініне, саяси немесе басқа да наным-сенімдеріне, ұлттық, немесе әлеуметтік тегіне, мүліктік, тектік-топтық, немесе басқа да жағдаяттарға қарамастан осы Декларацияда жарияланған барлық құқықтар мен бостандықтарға алаланбай, бірдей тең ие болуы тиіс.
Сонымен қатар, ешкім де өзі тұратын елінің, не болмаса территорияның саяси, құқықтық, немесе халықаралық мәртебесінің негізі бойынша, және де ол территория тәуелсіз, әлде біреудің қарамағында, әлде өзін-өзі басқарушы емес, немесе оның егемендігі әртүрлі нысанда шектеулі болған күннің өзінде де, алаланбауы тиіс.
3 бап
Әр адам өмір сүруге, бостандықта болуға және оның жеке басына қол сұғылмауына құқылы.
4 бап
Ешкім де құлдықта немесе кіріптарлықта ұсталуы тиіс емес. Құлдық пен құл саудасына, қандай түрде болса да, тыйым салынады.
5 бап
Ешкім де азапталуға немесе қадір-қасиетін қорлайтындай адамшылыққа жатпайтын қатыгездік жолмен жәбірленуге, немесе жазалануға тиіс емес.
6 бап
Әр адам қай жерде жүрсе де, құқықтық субъектісі ретінде танылуына құқылы.
7 бап
Заң алдында жұрттың бәрі тең және де заң арқылы алаланбай, бірдей тең қорғалуға құқылы. Барлық адам осы Декларацияның ережелерін бұзатын кемсітуден және кемсітуге арандатушылықтың барлық түрінен тең қорғалуға құқылы.
8 бап
Әр адам, конституциямен, немесе заңмен берілген негізгі құқықтары бұзылған жағдайда, құқығын құзыретті ұлттық сот арқылы тиімді түрде қалпына келтіруге құқылы.
...