Танымжорықты ұйымдастырудың және жүргізудің тиімді жолдарын зерттеу
Автор: Zhanarka • Июнь 3, 2022 • Дипломная работа • 20,503 Слов (83 Страниц) • 322 Просмотры
Кіріспе
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Табиғат – біздің басты байлықтарымыздың бірі. Табиғат арқылы біз өзімізге қажетті барлық шикізаттарды, азықтарды, керек - жарақтарды алып отырмыз. Елбасы Н.Ә.Назарбаев та 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасында қоршаған ортаны ластауға, экологиялық қалыпты жағдайларды бүлдіруге жол бермеуге аса көңіл бөлген [1]. Жас буынға экологиялық тәрбие бере отырып, оны қорғауға, табиғат байлықтарын орынды қолдануға бағыттау аса маңызды міндеттердің бірі болып келеді.
Бұл міндетті - биология пәнінде таңымжорықты дұрыс әрі тиімді ұйымдастыру мен жүргізу арқылы жүзеге асыра аламыз. Францияның атақты ғалымы Жан Жак Руссо ХVII ғасырдың өзінде балалардың сезімін дамыту үшін, олармен табиғатқа танымжорық жасау керектігін айтқан. Алайда оқытудың бұл тәсілі тек ХІХғ. бастап қолданыла бастады. Ал, Б.Е.Райков оқушыларға білім берудегі танымжорықтың орнын анықтай отырып, былай деді: «Мұғалім кешенді түрде, шын ықыласымен ұйымдастырғанда ғана, таңымжорық – білімділік және тәрбиелік күшіне ие болады».
Биология пәнін оқытудың экологиялық бағыттылығы – заманауи әлеуметтік – экономикалық жағдайларды ескере отырып, жалпы білім беретін мектептерді реформалауға деген қоғамның объективті қажеттіліктерімен байланысты болып келеді. Биологиялық білім берудің жаңартылған мазмұны түрлі ғылым жетістіктерінің интеграциялануымен, білім беру жүйесінің күшін арттырумен түсіндіріледі.
Қазіргі таңдағы мектептердегі биологиялық білім беру жаратылыстану ілімінің негіздерін қалыптастырумен, экология мәселелеріне көптеп мән берумен сипатталады. Алайда, табиғатты дифференциалды түрде оқып білу – табиғат туралы және ондағы адамның орны мен рөлі туралы толыққанды білімді қалыптастыруға мүмкіндік бермейді. Бұл мәселені табиғи объектілерді жаппай меңгеру және білімді интеграциялау арқылы шешуге болады.
А.Герд. И.И.Полянский, Б.Е.Райков, И.Д.Зверев, И.Т.Суравегина және т.б. әдіскер – ғалымдар атап өткендей, табиғат бөлшектері туралы ғылыми білімдерді интеграциялау, табиғат объектілері мен адам іс – әрекеттері арасындағы өзара байланысты негіздеу – танымжорықтар барысында жоғары нәтижелілігін береді [2].
Әдебиеттерге жасалған ғылыми – теориялық талдаулар мектеп бағдарламасы бойынша сабақта және сабақтан тыс уақыттарда танымжорықтарды ұйымдастыру проблемасының тиісті деңгейде шешілмей тұрғандығын көрсетеді.
Биология пәнің оқытуда табиғатқа экологиялық танымжорықтарды ұйымдастыру мен өткізу бойынша ғылыми негізделген әдістемелік жұмыстардың болмауы – мұғалімдерде бірқатар қиындықтар тудырып, қазіргі таңдағы оқу – тәрбие жұмыстарына қойылатын талаптарды жүзеге асыруда мүмкіндіктерді шектейді. Биология пәндері мұғалімдерінің тәжірибелеріне талдау жасауда табиғатта және сабақ барысында табиғи объектілерді танып – білуде бірқатар қателіктердің жіберілгендігі анықталды. Бұл табиғатпен таныстыру үрдісінде мақсатқа бағытталған оқытудың жүзеге асып жатпағандығын көрсетеді. Оқушылар тарапынан да сабақ барысында игерген табиғаттану туралы білімдерінің толыққанды емес екендігі байқалады. Сондықтан да табиғи объектілер мен құбылыстарды комплексті танып білу мен аталған мәселенің әдістемелік жағынан қамтамасыз етілмеуі араснда қарама – қайшылық туындайды. Бұл қарама – қайшылықты шешудің бірден бір жолы – танымжорықтарды тиімді ұйымдастыру мен жүзеге асыру болып табылады.
Танымжорық – табиғат құбылыстарына үздіксіз шынайы түрде бақылауға, әлемнің материалдылығын сезінуге, табиғи кешендердің компоненттерінің өзара байланысын білуге, табиғат байлықтары мен олардың халық шаруашылығындағы орын жете түсінуге, табиғатты өз көдерімен көріп, қолдарымен ұстау арқылы сезінуге мүмкіндік береді. Танымжорықты биология пәнінің біртұтастығын бұзбай, оқыту мен тәрбиелеу процесіне білім беру формасы ретінде еңгізуде – оны тиімді ұйымдастыру мен жүргізудің жолдарын білмеу арасындағы қарама – қайшылық мәселені өзекті етеді. Мәселенің өзектілігі зерттеу жұмысымыздың тақырыбын: «Танымжорықты ұйымдастырудың және жүргізудің тиімді жолдарын зерттеу» - деп таңдауға себеп болды.
...