Философиядағы өмір және өмір мәні мәселесі
Автор: myrrzabay • Март 9, 2021 • Лекция • 3,026 Слов (13 Страниц) • 2,657 Просмотры
1.8. Философиядағы өмір және өмір мәні мәселесі
1 Адам болмысы. Адам болмысының маңызды категориялары: бақыт, сенім, өмір және өлім, жалпы сипаты және философиялық мәні.
2 Өмір ұғымы, философиялық мәні. Өмірдің онтологиялық және аксиологиялық мазмұны. Өмірдің мәні – оның шектеулілігін ұғыну.
3 Уақыт, мәңгілік және мақсат. Өмірдің мәні. Өмірдің мәнін іздеу. Философиялық ойлар тарихындағы өмірдің мәні мәселесі: фатализм, гедонизм, волюнтаризм, функционализм.
4 Өмірдің мәні – қазақ философиясының негізгі категориясы. Өмірмәндік құндылықтар туралы ілім.
5 Адам қажеттіліктерінің пирамидасы, жалпы сипаты. Махаббат – адамның өмір сүру мәні.
Кілт ұғымдар: өмір, өмір мәні, өмір және өлім, бақыт, сенім, үміт, мақсат, уақыт, құндылық, махаббат
1 Адам болмысы. Адам болмысының маңызды категориялары: бақыт, сенім, өмір және өлім, жалпы сипаты және философиялық мәні.
Адам болмысының, адам өмірінің мәні мәселесі – философиядағы ең күрделі және бір мәнді шешілмейтін мәселелердің бірі. Әңгіме ең алдымен өмірге деген қарым-қатынастың жеке сипаттамасы, адам өмірінің мақсаттары мен міндеттерін түсіну туралы, индивидтің өз ұстанымын қоғамда қалыптасқан құндылықтар жүйесімен арақатынасы туралы, өзін әлеуметтік өмірге қосу (немесе қосылмау) дәрежесі туралы болып отыр.
Барлық осы мәселелерді қарау кезінде адам болмысының мәнінің қандай да бір нұсқасын мойындайтын ұстаныммен қатар оның бар болуын жоққа шығаратын ұстанымдардың да бар екенін естен шығармау осы тақырыпты талқылауда маңызды.
Адам болмысының оның өмірін анықтайтын негізгі категориялары – бұл ең алдымен еркіндік, өмірдің мәнін іздеу, шығармашылық, махаббат, бақыт, сенім, өлім. Жалпы маңызды қасиеттер мен сапаларды көрсететін негізгі ұғымдар, қатынастар – категориялар деп аталады.
«Бақытты адам» болмысының аса маңызды философиялық категориясы ретінде, төрт түрлі қырынан қарастыруға болады:
- Бақыт – тағдырдың адамға мейірімділігі, сәттілік;
- Бақыт – қуаныщ күйі, қарқынды қуаныштағы жағдайы;
- Бақыт – ең жақсы игіліктерге ие болу, өмірдің жағымды көрінісі;
- Бақыт – өмірге қанағаттану сезімі.
Бақыт дегеніміз – адамның өзінің болмысының шарттары мен кең ауқымды ішкі қанағаттанушылығына сәйкес келетін, өмірінің толыққандылығы мен маңыздылығының көрсеткіші болатын, адамдық мұратына жету күйін көрсететін моральдық сана ұғымы.
Өмір және оның мәні туралы ой қозғаған ұлылардың бәрі бақытты еңбекпен байланыстырады. Осы бағытты қуаттайтын ойшылдарды, ғұламаларды, өнер қайраткерлерін көптеп кездестіруге болады. Көпке танымал болмаса да, қатардағы салауатты адамдар да осыны мақұлдайды. «Бақыт тек еңбекпен келеді» деген тұжырым әлімсақтан келе жатқан ақиқат, белгілі аксиома ретінде әлі күшін жойған жоқ.
Ал шығармашылық жұмыстармен айналысатын адамдардың өз бақытын ерінбей, жалықпай, маңдай терін сыпыра еткен еңбегінен табуының мысалдары айшықтырақ көрінеді.
«Бақыт» – адамға оның өзінен жоғары тұрған, белгісіз бір күштердің сыйы емес. Бақытты болу немесе бола алмау – адамның маңдайына бұйырған үлес немесе тағдырына алдын ала жазылып қойылған бағдарлама да емес. Бақытты болу – әр адамның өз еркі, демек, бақытты бола білу әр адамның өз қолында. Шын махаббат екі жақтың психологиялық үйлесуінен, олардың бірін-бірі үнемі аңсап тұруынан, түптеп келгенде, өмірге ұрпақ келтіруге бастап апаратын жұптасқан тұрмыс құруынан көрініс береді. «Махаббат» – адам өмірінің тым шетін, аса нәзік, оның бақытына тура қатысты бір маңызды қыры.
«Еркіндік» – адамның мәні мен өмір сүруін сипаттайтын философиялық категория ретінде. Еркіндік индивидтің моральдық және құқықтық жауапкершілігімен байланысты. Бостандық пен жауапкершілік – біртұтас-саналы адам қызметінің екі жағы. Жауапкершілік қоғамдық сананың алға даму, әлеуметтік қатынастары дәрежесімен, қазіргі әлеуметтік әрекеттермен байланысты.
Өмір мен өлім – адамзаттың рухани мәдениетінің мәңгілік тақырыптары.
Өмір – әлемде болу ретінде. Өмір өлімге және өлместікке дайындық ретінде. Өмір сүру – бұл өмірді сезіну, өмір сүруді сезіну. Өмір сүру – адамның әлемде болуын, толық қатысуын талап етеді. Өмір – бұл болашақпен қақтығысы, онда өткен және қазіргі өзінің мәні мен мәнін ашатын іс-әрекет. Өмір әлемнің үнемі қайталап туылатын туындысы.
...