Иса Байзақов, Майра Уәлиқызы және Нұрлыбек Баймұратұлы
Автор: Махаббат Алпысбаева • Июнь 19, 2023 • Реферат • 2,959 Слов (12 Страниц) • 329 Просмотры
5-дәріс. Әнші-сазгерлер: Иса Байзақов, Майра Уәлиқызы және Нұрлыбек Баймұратұлы
Иса Байзақов 1900 жылы қазіргі Павлодар облысы, Ертіс ауданының “Үлгілі” деген колхозында дүниеге келді. Әкесі Байзақ момын шаруа, ескіше хат танитын сауаты бар, ән-өлеңге үйір кісі болыпты. Шешесі Ғазиза да әншіл, сауықшыл, ашық мінезді ана болған. Исаның туған үйінде, өскен ортасында үй-іші адамдары да өзара сөйлескенде қара сөз емес, сұрақ-жауап ретінде қысқа-қысқа өлең-шумақтармен сөйлесу, көрікті ойдың, зерделі пікірдің бәрін өлең шумағымен айту – әдетке айналған.
Болашақ ақынның өлең-жырға, ән-күйге жастайыннан жақын тұруының бір сырын осы ата-ананың үлгісінен іздесек керек. Бірақ, Иса тоғыз жасқа келгенде анасы қайтыс болып, жетімдіктің қатал сынына ұшырайды. Ағасы Мұсаның жеңгесі Қатираның қарауында қалады, соңынан нағашы шешесі Жанбаланың қолында өседі. Ақынның айтуынша, бұл кісі де сауықты, өлеңді жақсы көретін, ер мінезді адам екен. Ал, Исаның туған нағашысы Рахмет жақсы әнші болғаны мәлім. Сонымен ақынның ең алғашқы өнер-тәлімі мен тәрбиесі осы секілденген ауылдық “әдеби ортада” қалыптасқанын көреміз.
Өнер соқпағына өте ерте түскен Иса кейіннен суырсалма майталмандығымен барша ақынның алдына шыққан. Ол өзінің осы талантын алғаш айтыс арқылы танытқан.
1924 жылдың жазында Иса Нұрқожа дегенмен сөз арқылы шайқасып қалады. Нұрқожа өзін Исаға «мәшһүрмін» деп таныстырады. Жалған мәшһүрлікке ие болып мақтанғандығын масқаралап, Нұрқожаны өз үйінде өлеңмен қаралатып жеңеді.
Ақ киіп әуреленген қай Мәшһүрсің,
Жамылған қой терісін қай қасқырсың,
Естуім Жүсіп деген Мәшһүр біреу
Өзіңді-өзің мүшкіл ғып қайдан жүрсің?” [13, 164 б]
Иса 17 жасынан бастап, 29 жасына дейін бірқатар ақындармен кездесіп, өзінің суырсалмалық қабылетін байқатады. Нұртаза, Құдайберген, Нұрлыбектермен айтысып, оларды жеңеді. Бірақ та, бұлардың ішінде Құдайбергенмен айтысынан басқалары сақталмаған.
Иса Байзақов жазба шығармаларының тақырыбы әр алуан. Алдымен ол Қазан төңкерісі әкелген өзгерістерді, қазақ еңбекшілерінің бостандығы тақырыбын көбірек жырлады. Өйткені ақындық талантын оятып қанат бітірген, саналы адамның қатарына қосылу жағдайын жасаған өзгерістер ақынға жақын еді. Оның шығармаларының негізгі идеялық мазмұны – бұрын езілуде, жаншылуда болған еңбекші халықтың бостандық, бақытқа ие болғандығын бейнелеу.
Иса Байзақов шығармаларында тереңдей жырланған ендігі бір тақырып – еңбек, құрылыс, майданындағы ерлік. Кеңес дәуіріндегі ақынның өлең, жыр, поэмалары жаңа заман халқының ерлік, жеңімпаздық даңқын жырлауға арналған. Бұл тақырыптардың нақты шығармашылық шешуі “Желдірмеде”, Қарағанды, Турксиб, фабрика, станоктегі жұмысшылар туралы жазылған өлеңдері мен “Алатау неге шаттанады”, “Ұлы құрылыс”, “Он бір күн, он бір түн” поэмаларында толық берілген.
Түркістан-Сібір темір жолының салыну тақырыбына арнап жазған “Қордайдан өткенде”, “Турксиб” деген толғау жырларында ақын кеңес адамдарының, жұмысшы табының қажырлы еңбегін, қазақ даласында темір жол жүргізіп, ел өміріне ұлы жаңалық орнатып жатқандығын күшті ақындық сезіммен жырлайтынын байқаймыз. Әсіресе “Алатау неге шаттанады” деген толғауында ақын Алатау төңірегінің тамаша сұлу табиғатын, темір жол салынып келе жатқан жердегі еңбек ерлігі мен жергілікті халықтың қуанышты сезімдерін көтеріңкі леппен, зор шабытпен жырлаған. Поездың келіп жетуі, жүйрік жүрісі ақын поэзиясына үлкен қанат бітіргендей. Оны Иса кейде теңдесі жоқ, ұлы бір алып күш иесіне, кейде жел жетпес жүйрік тұлпарға, жұмыскердің білегіне, тірегіне, кейде ағып келе жатқан жұлдызға ұқсатып, теңеу, метафора, гипербола сияқты көркемдегіш құралдарын шебер пайдаланып, суреттеп кетеді.
...