Қазақстан тарихы
Автор: molldir11 • Апрель 11, 2023 • Лекция • 6,083 Слов (25 Страниц) • 169 Просмотры
1.1990-1991 жылдардың оқиғалары КСРО басшылығының Орталық пен республикалар арасындағы қатынастарды елеулі түрде өзгертуге, саяси жүйені нақты өзгертуге құлықсыз екенін көрсетті. Бұрынғыша социализм құрылысына бағыт ұстау құпталды. Осының бәрі қоғамның барған сайын ырықтандырылуы, бұқара халықтың саяси белсенділігінің артуы, жұртшылықтың түбегейлі реформалар жасау қажеттігін түсінуі фактілерімен қарама-қайшылыққа келді. Жұртшылықтың осындай белсенділігі тұтас бірқатар саяси партиялар мен ұйымдардың құрылуына келтірді, оған қоса, олардың кейбіреулері Қазақстан билігі тарапынан қолдау тапты. Мәселен, «Невада – Семей» қозғалысы жаппай қарсылық көрсетуге ұласты, ал Алматыда және өңірлерде азғантай уақыт ішінде республика бойынша ең ірі ұйымдардың біріне айналған «Қазақ тілі» қоғамы көптеп ұйымдастырыла бастады. 1990 жылдың көктемінде бірқатар социал-демократиялық ұйымдар Қазақстанның Социал- демократиялық партиясына бірікті. Мамырдың соңында «Азат» ұлттық-демократиялық қозғалысының ұйымдастыру комитеті құрылып, сол жылдың маусым айында оның құрылтай съезі өтті. «Азат» қозғалысы 1990 жылдың жазы мен күзінде Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі үшін күрескен ірі саяси күшке айналды. Сонымен бірге батыл саяси «Желтоқсан» және «Алаш» ұйымдары, казактар бірлестіктері пайда болды. Алматыда ұлттық-демократиялық ұйымдарға қарсы «Единство» қозғалысы құрылды. Бірпартиялық жүйеден көппартиялық жүйеге өту осылай басталды. Алайда 1990 жылы саны бойынша ең бұқаралық партия болып Қазақстан коммунистік партиясы қала берді. Қоғамда өршіп бара жатқан шиеленіс мазалаған Н.Ә.Назарбаев 1991 жылы қыркүйектің соңында беделді партиялар мен қозғалыстар өкілдерімен кездесу өткізіп, онда астанада (Алматы) жаппай қарсылық әрекеттерін бір жыл тоқтата тұру туралы келісім жасалды. Бір мезгілде саяси белсенділіктің арта түсуімен қатар, КСРОның күйреуі үдерісі қарқын алды. Нарықтық экономикаға өту саяси жүйенің орталықсыздандырылуын талап етті, бірақ Мәскеу билігі оған келісім бермеді. Жаңа одақтық келісімнің саны көп жобалары республикалардың көңілінен шықпады. Орталық биліктің іс жүзіндегі дағдарысы жергілікті көшбасшылардың дербес қадамдарға баруына келтірді. Сөйтіп, 1990 жылғы сәуірдің 24-інде Қазақстанда «Президент лауазымын тағайындау туралы» Заң қабылданып, республикада Мемлекет басшысы лауазымы пайда болған соң, биліктің тәуелсіз тармақтары құрыла бастады. Қазақ КСР-нің XII шақырылған Жоғарғы Кеңесінің 1 сессиясында Н. Ә. Назарбаев тұңғыш президент болып сайланды. Аталмыш заңға сәйкес президент қызметі республикадағы жүзеге асырылып жатқан экономикалық және саяси қайта құрулардың одан әрі дамуын, конституциялық құрылысты, азаматтардың құқықтарын, бостандығы мен қауіпсізгін нығайту, жоғары мемлекеттік билік пен басқару органдарының және жоғары мемлеккеттік билік өзара қатынасын үйлестіріп отыру үшін енгізілді.Алдында айтылғандай, 1990 жылғы қазанның 25-інде қабылданған «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» Мағлұмдама аса маңызды нормативтік-құқықтық актіге айналды. Ол Қазақстанның өз аумағында Одақтың жоғары органдарының республиканың егемен құқықтары мен Конституциясын бұзатын заңдары мен басқа актілерінің қолданылуын тоқтата алатын құқын жария етті. Республиканың барлық табиғат ресурстарын жеке-дара меншігі деп иелену құқының жариялануы, экономикалық және ғылыми- техникалық әлеуеті Қазақстанға дербес экономикалық саясат жүргізуге мүмкіндік туғызды. Алғаш рет Мағлұмдама мемлекеттің әлеуметтік негіздерін айқындаудың таптық көзқарасынан бас тартып, мемлекеттіліктің ұлттық сипатын жария етті. Одан өзге, бұл құжатта билікті бөлу қағидасын жүзеге асыру қажеттілігін және Қазақстанның дербестігін халықаралық құқықта бекітетін ережелер ескерілген. Мемлекетті реформалаудың келесі қадамы 1990 жылғы қарашаның 20-сында «Мемлекеттік билік және басқару құрылымын жетілдіру туралы» Заңның қабылдануы болды. Бұл Заңға сәйкес, президент атқарушы және өкім беруші биліктің басшысы болып жарияланып, Министрлер Кеңесінің орнына премьер-министр басқаратын Министрлер Кабинеті құрылды. Оның үстіне, үкіметті құрып, қалыптастыру президенттің құзырында болуға тиіс. Республиканың егемендігі және Одақтық келісім бір-біріне қайшы келді. Сол себепті Қазақстан басшылығы жаңа жағдайларды ескеретін Одақтық келісім жасасу мақсатында қызу келіссөздер жүргізді. 9 республиканың басшылары 1991 жылы шілденің 24-інде екі – әскери және экономикалық салада ғана біртұтас басқарудың сақталуын көздейтін «Егемен мемлекеттер Одағы туралы келісімге» қол қойды. Бұл келісім іс жүзінде одақты конфедерацияға айналдырды. 1991 жылдың тамыз-қыркүйек айларында одақтық мемлекеттік түбегейлі қайта құруға келтіретін Кеңестік Егемен Республикалар Одағын құру туралы келісімге қол қою жоспарланған-ды. Бірақ КСРО басшылығының бір бөлігі бұл шараны іске асыртпай, өкіметті күшпен тартып алып, Төтенше жағдай жөніндегі конституциялық емес мемлекеттік комитет (ТЖМК ) құруға әрекет жасады. 1991 жылдың тамызында төңкеріс жасау әрекеті сәтсіздікке ұшыраған соң, жалпыодақтық құрылымдар тарай және елді бақылауда ұстаудан айырыла бастады. Бұндай жағдайда Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігін жариялау үшін дайындыққа кірісті. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев 1991 жылғы тамыздың 29-ында Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Сол арқылы Қазақстанда ядролық қару сынақтарына нүкте қойылды. «Невада – Семей» қозғалысының қызметі өзінің ядролық қарусыз өмір сүру ұстанымынан табанды түрде танбаған тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатына да әсер етті. Сонымен қатар Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресей, АҚШ және Франция полигондарында да сынақтарды тоқтата тұру туралы шешім жарияланғаны маңызды еді. Қайта құру дәуірінің аса ірі жетістіктерінің бірі 1989 жылдың ақпанында Ауғанстан аумағынан кеңес әскерлерінің шығарылуы болды. Ауғанстан соғысына қатысқан 21979 қазақстандық арасынан 780 адам қаза тапты, 393 жауынгер мүгедек болып оралды, ал 22 адам хабар-ошарсыз кетті. Ауғанстаннан әскерлерді алып кету кеңес сыртқы саясатының ірі табысы болды, әрі елдің халықаралық алаңдағы беделін көтерді. Соған байланысты, Қазақстанмен шекарасы көп шақырымға созылып жатқан Қытай Халық Республикасымен қарым-қатынас біршама жақсарды.
...