Георг Вильгельм Фридрих
Автор: Littleboy1390 • Март 4, 2025 • Реферат • 2,285 Слов (10 Страниц) • 176 Просмотры
Георг Вильгельм Фридрих
Гегель, Георг Вильгельм Фридрих- неміс философы Штутгарт қаласында өмірге келген. Сол жерде орта білім алған. Еуропа тарихының алмағайып дәуірінде ғұмыр кешкен ойшылдың бүкіл шығармашылығына замана болмысы өзіндік із салды. Философиялық шығармалары: «Рух феноменологиясы» (1807), «Құқық философиясы» (1821), «Дін философиясы», «Философия ғылымының энциклопедиясы» (1816), «Табиғаттың философиясы», «Рухтың философиясы», «Тарих философиясы», «Лекции по эстетике», «Лекции по истории философии», «Логика ғылымы» (1812-1816) және тағы басқа да ғылыми еңбектердің авторы. Классиктердің соңы, замануи ойшылдардың көшбасшысы Гегель диалектиканы философияның басты әдісіне айналдырды. Дегенмен мәңгілік категорияларының мәнін түсінуге талпыныс жасағанымен, философ әрқашан өз дәуірінің перзенті болып қала берді...Таңертең газет оқу Гегельдің күнделікті әдеті болған. Ой-өрісін дамытудың тамаша жаттығуы санаған осы ісін өзі «таңғы ғибадат» деп атайды. Француз революциясы кезінде, жас философ Тюбинген теологиялық институтының студенті еді. Ол Шеллингпен, Гельдерлинмен бірге оқыды. Революциялық өзгерістер рухы жас жігітті бірден баурап алды және үш дәуір сірескен философияның бұғауынан азат болып, жаңаша ойлауға ықыласын оятты. Гегель Берн мен Франкфурттың дәулетті отбасыларында шамамен жеті жылдай үй мұғалімі болды. Осы уақыт аралығында жинаған білімін қайта жинақтап, дүниеге өзіндік көзқарасын қалыптастыра бастайды. Ресми шіркеу доктринасын үзілді-кесілді теріске шығарып, «Исаның өмірі», «Христиандық рухы және оның тағдыры», «Халықтық дін және христиандық», «Христиан дінінің позитивтігі» секілді бірнеше еңбек жазды. Алайда бұл шығармалар философ бақилық болған соң ұзақ жылдардан кейін ғана жарық көрді. 1800 жылдан бастап Гегель Йена қаласына қоныс аударып, ондағы Шеллинг жұмыс істейтін университетте ұстаздық қызметке кіріседі. Екеуі бірігіп «Философияның сыни журналының» негізін қалайды. Шеллингтің Мюнхенге қоныс аударуына байланысты журналдың ғұмыры қысқа болды. 1807 жылы Гегель философиялық көзқарастарының негізін баяндаған ең алғашқы «Рух феноменологиясы» еңбегін жарыққа шығарды. Наполеонмен соғыс кезінде Йена университеті жабылып қалып, Гегель «Бамберг газетінің» редакторы қызметіне барады. Кейін 1816 жылға дейін Нюрнберг қаласында Корольдік лицейдің профессоры әрі ректоры қызметін атқарады. Осы кезде «Логика ғылымы» еңбегін жазады. Гегель 1816 жылы Хайдельберг университетінің профессоры болып тағайындалады. Сол кезеңде «Философия ғылымдарының энциклопедиясын» жазады. 1818 жылы ғалым Берлин университетінің профессоры атанып, Пруссияның ресми философы саналады. 1821 жылы ол «Құқық философиясын» жарыққа шығарады. «Бұл очеркті жариялауға түрткі болған басты себеп – тыңдаушылардың қолына құқық философиясы бойынша ресми оқитын дәрістеріме жол нұсқар қосымша ұсыну еді. Бұл оқу құралында менің шәкірттерге дәріс беру мақсатымен жазған тағы бір еңбегім – «Философия ғылымдары энциклопедиясының» мазмұнында берілген іргелі идеялар егжей-тегжейлі және жүйелі түрде баяндалады» – дейді Г.Ф. Гегель.
Философиялық ой-пікірі жағынан Гегель объективтік идеалист болды. Ол абсолюттік идеяны, абсолюттік рухты барлық дүниенің негізгі тірегі деп таныды. Идея, — деп көрсетті ол негізінде — белсенділіктің, іс-әрекеттің қайнар көзі, ол ұдайы өзгеріп, дамып отырады және осы даму процесінде бүкіл өмір сүріп отырған дүниені туғызады; сөйтіп идея шындықтың тіршілік беруші жаны болып табылады.
Гегельдің философиялық жүйесі үш бөлімнен тұрады: «Абсолюттік идеяның» өзін-өзі ашуының бірінші кезеңі. Логика, оның ойынша құдайлық ойлы ақылмен сай келетін «таза ойлы ақылдың» жүйесі. Логика, «абсолюттік идеяны» ғылыми - теориялық түрде ұғу. Логика арқылы «Абсолюттік идея» категориялар жүйесі түрінде танымның қарапайым - болмыс, бейболмыс, нақтылы болмыс, сапа, сан, категорияларынан бастап әр алуан - химизм, биологизм сияқты анықтайтын ұғымдармен бүткіл жалпылық мазмұны ашылады. Гегель категорияларды ағымдағы, толассыз өздігінен пайда болатын қозғалыс күй-жағдайындағы таза ой деп сипаттады. Қандай түрде, немесе мазмұнына байланысты категориялар сезіммен қабылданатын материалға мұқтаж емес. Таза ақыл, ой және ойлардың даму сатылары ретінде олар өзінен өзі мазмұнды сол себептен заттардың мәнін құрайды. Қисын (логика) абсолюттік ойлардың, мазмұнын беретін ұғымдардың (категориялардың) заңды қозғалысы, оның өздігінен дамуы кезеңдері. Бұл ойлардың қозғалысы неден басталады? Ұзақ талқынаудан кейін Гегель мынадай қорытындыға келеді, басталым таза болмыс категориясынан. Болмыс, оның пікірінше, мәңгі-бақи бар бола алмайды және пайда болуы тиісті. Бірақ неден? Негізінде, бейболмыстан, жоқтан. «Әзірге ешнәрсе жоқ және әйтеуір бірдеңе пайда болуы тиісті. Басталу таза ештеңенің өзі емес, түк те еместің сондай түрі, одан әйтеуір бір бірдеңе болу тиісті, демек о баста да болатын. Сондықтан оны да, басқаны да яғни болмысты да, бейболмысты да ұстанған; ол болмыс және бейболмыстың бірлігі немесе, басқаша айтсақ, ол болмыс, және сонымен қатар, бейболмыстағы болмыс». Егер ғылыми жаратылыстану мен себепті байланыстылықтың алғы шарттары тұрғысынан қарастырсақ Гегель ойларының тұспасы жасанды көрінуі мүмкін. Шын мәнінде дымсыз ештеңеден нақты бірдеңе пайда бола қоймайды. Бірақ Гегельде нақты әлем туралы сөз болып жатқан жоқ, ол әлем бар болғанға дейінгі құдай ойлары.
...