Бірінші дүние жүзі соғысы
Автор: dariko_20 • Сентябрь 21, 2021 • Реферат • 1,533 Слов (7 Страниц) • 416 Просмотры
1914 жылы 28 шілдеде басталған бірінші дүние жүзі соғысы ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғасыр басындағы әлемдік саясаттың нақтылы нәтижесі болып табылады.
38 мемлекетті қатыстырып, 10 млн. сарбаз өмірін қиып, 12 млн.-дай бейбіт халықты жойған аса ауқымды алапат қырғын халықтар трагедиясының драмасына айналды. Осы жылы ғасыр толған жиһан соғысы жайында қазіргі тарихнамада адам өмірі мәселесі туралы әлеуметтік сұрақтар басым назарға алынып, сондай-ақ соғыстың медицинаның дамуына, әскери техниканың сыналуына, милитаризмнің қарқындауына және ең соңында жаһандану үрдістеріне ықпалы деген мәселелерді қарастыра бастады. Бұған соғыс зардабына ұшыраған аз халықтардың қасіреті туралы сұрақтарды қосар едік. Өйткені, бұл соғыстың екпіні мен дүмпуін қазақ, қырғыз сияқты Ресей империясының барынша отарлық қанауға ұшыраған халықтары көрді, күйзелді.
Дүние жүзілік соғыстың қазақ халқына және тұтастай алғанда Қазақстанға тигізген зардабы жайында кең мәліметтерді сол кезеңде ғұмыр кешкен Алаш зиялылары мұраларынан кездестіруге болады. Жаһан соғысының зардабы қазақ жерінде атақты 1916 жылғы көтеріліске әкелгенін терең талдап, алғашқы зерттеулерін жүргізгенде осы Алаш қайраткерлері болатын[3].
Қазақ өлкесінің соғысқа қатысты алғашқы қобалжуы әскер қатарына шақыру мүмкіндігі жайындағы алыпқашпа, күмәнді хабарлардан басталғаны мәлім. Өйткені, халық Ресей империясына бодан болғаннан бері мұндай міндеткерлік жүктелмеген. Сол себепті әскери қызмет қазақтар үшін күтпеген жағдай болды.
Кезінде Алаш зиялылары бұл мәселемен айналысқан. «Қазақ" газеті бетінде сан алуан мақалалар осы мәселелерге арналып басылды. Мысалы, газеттің 1915 жылдың желтоқсанынан бастап, 166, 178, 179, 184 нөмірлері қазақтан әскер алынуы жайында материалдар басты. Мақалалар мазмұны соғысты халықтың түсіністікпен қабылдағанын байқатады. Олар мұны әр халықтың басында болып тұратын қалыпты құбылыс ретінде қабылдағанын Алаш қайраткері М. Тынышбаев көрсетеді. Ол негізінен қазақтарды әскери қызметтің қай түріне (атты не жаяу әскер) алынатындығы ғана ойландырғанын жаза келе, былай дейді: «Қазақтардың көпшілігі (оның ішінде мен-де) казак-орыспен теңесіп, жерімізді сақтау мақсатында атты әскер қатарында қызмет етудің тиімділігін жақтадық. Қазақтардың тек азғана бөлігі жаяу әскер құрамында болуды қалады» [4]. Алайда қазақ халқында туу туралы куәліктің болмайтыны, мұның өзі жағдайды ауырлататыны ескерілді. Сондықтан жақын арада қазақтарды әскери қызметке тарту мүмкін еместігін түсіндіре келіп автор, «бұл мәселе іске асқан жағдайда, аса қиындық болатынын, оны зиялылардың күні бұрын болжап білгендерін» айтты.
Осындай шешілуі қиын мәселені орталық үкіметке хабарлау үшін Ә.Бөкейханов бастаған өкілдер Петербургта болып қайтады. Сапардың барысы туралы жазып тұрған «Қазақ" газеті, қазақтан әскер алу кейінгі қалдырылғаны туралы хабарлады. Соған қарамастан қазақтарға әскери қызметтің қайсысы қолайлы деген пікір маусым айына дейін толастамаған.
Бірақ қазақтар майданға алынатын болды. Ол туралы 1916 жылы 25 маусымда патша жарлығы шықты. Онда қазақтардың, Орта Азия халқымен бірге майданның қара жұмысына 19–43 жас аралығындағылары жедел шақыртылатыны көрсетіледі.
Үкімет жарлығы өте асығыс жарияланды. Алдын-ала еш дайындығы болмаған халық түкке де түсінбеді. Қазақ зиялысы мемлекеттік дәрежедегі мұндай маңызды шара ешбір әзірліксіз жүргенін көрсеткен болатын. Жарлыққа байланысты ел арасында түрлі алып-қашпа әңгімелер шықты.
Халық толқыды. Патша жарлығын орындауға жедел кіріскен үкіметтің кей жерлерде күш жұмсап жіберулеріде оған себеп болып жатты. Пайда ойлаған, қолында билігі барлардың да жағымсыз іс-әрекеттері наразылықты күшейте түсті.
Зиялылар елді сабырға шақыруға тырысты. Олар үкімет жарлығына қарсы шығудың орны толмас өкінішке әкелетінін халыққа түсіндірді. 11-шілде күні «Қазақ" газеті бетінде, «Алаш азаматтарына!» атты үндеу жарияланады. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов және М. Дулатов қол қойған үндеуде: «Көнбейміз деушінің сүйенгені жан тәттілік болса салыстырып қаралық: …Көнгенде — шаруаға кемшілікте келер, барған жігіт қазаға да, бейнетке-де ұшырар, бірақ елдің іргесі бұзылмас (қазаға ұшырар деп ауру-сырқаудан болған қазаны айтамын, әйтпесе солдат қылып алмайды, соғыстан өлмейді). Көнбегенде көретін ауырлық — бағынбай үкіметтің жарлығынан бас тартсақ, жау жағадан алғанда, бас қорғап үйде қаламыз деп, мемлекетке қамшымыздың ұшын бермесек, үкімет бізге құр өкпелеп қоймас, күш жұмсар, ол күшті законға сүйеніп істер»[6] — деп жазылды. Бұл сол кезеңдегі ауыр жағдайға байланысты қабылданған шешім еді. М. Тынышбаев, «Қазақ" газетінің осы үндеу жарияланған саны, аса маңызды хабар жеткізуші нөмір ретінде тез тарап кеткенін көрсетеді. «Оқыған азаматтар газеттің осы нөмірінің бірнешеуін жаздырып алып, халық арасына үлестірген»[7].
...