Лекции по "Дендрология"
Автор: kuralay87 • Сентябрь 9, 2018 • Курс лекций • 10,343 Слов (42 Страниц) • 1,975 Просмотры
КІРІСПЕ
Дендрология (грек. dendron – ағаш және logos – ілім) – ағаштар, бұталар, олардың құрылысы, жүйеленуі, филогенезі, физиологиясы, экологиясы, шаруашылық мәні туралы ғылым. Дендрология – ағаш өсімдіктерінің сыртқы ортамен байланысын зерттейтін ботаника ғылымының бір саласы.
Орман шаруашалығы, көгалдандыру, фитомелиорация, өсімдіктер интродукциясы пәндерімен тығыз байланысты. Қазақстанда өсетін ағаштар мен бұталар туралы алғашқы мәліметтер (XIX ғасырдың басы – XX ғасырдың аяғы) орыс ботаник-ғалымдарының (А.И.Шренк, И.Г.Борщов, Г.Н.Потанин, т.б.) еңбектерінде жарияланған. Дендрология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстар республикада 1932 жылы, яғни КСРО Ғылым Академиясының қазақстандық базасы құрамында ботаникалық сектор ашылып, Алматы ботаника бағы құрылғаннан кейін басталып, Алтай (1935), Қарағанды (1940), Жезқазған (1966), Іле (1966), Маңғыстау (1972) ботаника бақтарында жалғастырылды.
Дендрологиялық зерттеулерге Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ботаника және фитоинтродукция институтының құрамындағы Бас ботаникалық бақ басшылық етеді. Қазақстанның әр түрлі аймақтарында өсетін ағаш өсімдіктері зерттеліп, республиканың өсімдік шикізаты жөніндегі мәліметтер қорытындыланады. Жергілікті және интродукцияланған ағаштар мен бұталар, олардың өсу жағдайлары туралы деректер жинақталып, сол өсімдіктерді пайдалану жайлы ұсыныстар жасалады. Қазақстанның ботаникалық бақтарына басқа елдерден әкелінген ағаш өсімдіктері өсіріліп, сынақтан өткізіледі. Республика өңірлерінде интродукцияланған ағаш өсімдіктердің өсіп-өнуі, аяз бен қуаңшылыққа төзімділігі, тіршілік жағдайларына бейімделуі, т.б. биология ерекшеліктері зерттеледі. Қазақстан мен Орталық Азия, тропиктік, субтропиктік, қоңыржай белдеулерден әкелінген ағаштардың экспозициясы жасалады.
Дендрологиядан практикалық жұмыстардың мақсаты–ағаш тұқымдастардың морфологиялық айырмашылықтарын зерттеу және дендрофлора анықтауышын пайдалана отырып, түрлерді анықтау.
1 ОРМАН АҒАШТАРЫ, МОРФОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫ МЕН НЕГІЗГІ МҮШЕЛЕРІ, ӨСІМДІК ЖҮЙЕСІНДЕГІ ОРНЫ ЖӘНЕ ТАРАЛУЫ
Сабақтың мақсаты: Қазақстандағы орман ағаштарының морфологиялық құрылысына сипаттама, олардың өсімдік жүйесіндегі орны мен табиғаттағы таралу аймағына түсінік.
Сабаққа керекті материалдар: Қазақстан орман шаруашылығының схема картасы, ботаникалық бақтар туралы мәліметтер, тірек-сызба плакаттар.
Ағаштар - діңі жуан, биіктігі жоғары өсімдіктер. Ағаштардың биік болып өсуі географиялық жағдайына, сыртқы ортаның экологиялық факторларына және сол түрдің биологиялық ерекшелігіне байланысты. Ағаштардың биіктігі әр түрлі болып келеді. Кей кезде 120 м дейін жетеді. Мысалы: Секвойя, Секвойядендрон-мәңгі жасыл ағаштар. Бұлар Солтүстік Америкада өседі. Австралиялық эквалипт ағашы. Біздің ормандардың ағаштарының ең ұзындығы 40-50 м дейін ғана жетеді. Кәдімгі шырша, Сахалин майқарағайы, Сібір қарағайы ағаштарының биіктігі қырық метрге дейін, Шығыс шыршасы, Европалық шамшат 50 метрге дейін, Шренка шыршасы қалыпты жағдайда 85 метрге дейін, Кавказ самырсыны 65 метр, емен 40-50 метр, қайың, қарағаш, үйеңкі 25-30 метрге дейін өседі. Ағаш диаметрінің өлшемі жыл сайын 1 сақинаға қосылумен анықталады. Ағаш дінінің диаметрі де әр түрлі болады. Кәдімгі қарағай ағашының диаметрі 1 метрге дейін, европалық балқарағай Сукачев сібірі 1,5-2 м, Сбір самырсыны 1,5м, майқарағай 1,5 м дейін жетеді. Ағаштардың өмір сүру уақыттары әр түрлі: 4-5 мың жылға дейін өмір сүретіндер (секвойя, баобаб), мәңгі жасыл сауыр ағашы (кипарис) 2-3 мың жыл, жазғы емен 2 мың жыл, қарағай 500-600 жыл, кәдімгі шырша, қызыл емен, ақ, қара теректер 300-400 жыл. Түркістан терегі, көк терек 150-200 жыл, қайын, ақ тал 100-150 жыл өмір сүреді.
...