Ұлттык сана ұлттық тiлмен калыптасады
Автор: Дана Шамси • Апрель 5, 2020 • Эссе • 1,810 Слов (8 Страниц) • 531 Просмотры
ҰЛТТЫҚ САНА ҰЛТТЫҚ ТІЛМЕН ҚАЛЫПТАСАДЫ
Нұрлыбек Тоқтаров
3-курс, Ғылым және технологиялар мектебі
Қазіргі таңда жаһандану қалай белең алса, мемлекеттердің ұлттық сананы дамытуға деген қажеттілігі сондай қарқынмен өрши түсуде. Дәл қазіргі жаһандану дәуірінде, өзінің этностық әралуандылығымен ерекшеленетін қазақ елінің, сол әртектілікті сақтай отырып, ұлттық бірегейлікке қол жеткізсем, тұрақты даму жолына түссем деген ниеті басым. Ал ұлттық бірегейлікке қол жеткізу - ұлттық сананы қалыптастырудан шығатыны айдан анық. Бұл эсседе біз ұлттық санамен жақынырақ танысып, жан-жақты қарастыратын боламыз, сонымен қоса ұлттық сананы берік ететін ұлттық тіл деу дұрыс па және ұлттық санаға қандай факторлар әсер ететіні жайында талқылайтын боламыз.
Ұлттық сана ұлттық тілмен қалыптасады деген байламға тоқтамас бұрын, ұлттық сана дегеніміз не, соны біліп алсақ. Ұлттық [өзіндік] сана - белгілі бір тарихи қалыптасқан, бірдей бірегейліктегі, бір тілде сөйлейтін қоғамдастықтың қоғамдық шындықты өзінше қабылдап, оны салт-дәстүр, тілі, өнері арқылы білдіруі [1, 717-б.]. Яғни ұлттық сана байқағанымыздай өзіндік тілі, салт-дәстүрі мен тарихы бар бір ұлтқа өзін тиесілі деп санау және оның мақсаттары мен мүдделерін өзіне ортақ деп қарастыру болып табылады. Ұлттық сананы бұдан да кеңірек ұғымда қарастырсақ онда ұлттық сана-сезімге келіп тірелеміз. Ал ұлттық сана-сезім - ұлтқа тән сана мен отансүйгіштік, елжандылық, ұлттық намыс сияқты күрделі сезімдер жүйесінен тұрады [1, 717-б.]. Ал бұл жердегі ұлттық намыс Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы: “Ұлт намысы дегенді қазақтың көбі екі ауылдың, екі таптың я екі рудың намысы деп ұғады” [2, 205-б.], - деп қазақтардың ұлттық намысқа деген көзқарасын сынауы қазіргі күнге дейін өзектілігін арттырмаса азайтқан жоқ . Бұл дегеніміз кез келген қазақ үшін және қазақ жерінде өмір сүріп жатқан, қазақ ұлтымен тарихы тереңнен тамыр жайған қай этнос өкілі болмасын ұлттық намыс аясын өзінің ұлтының, руының шеңберінен кең мағынада түсіну қажетігінде. Сонда ғана біздің елде ұлттық сана бекіп, ұлттық бірегейлігіміз ұлт мүддесін көтеруге жұмыс жасайтын болады деп ойлаймын.
Ұлттық сананың қалыптасып, бекуіне ұлттық-этникалық топтың өз рухани және материалдық мәдениетін білуі, дүниеге деген ортақ көзқарасы, діні мен тарихының бірегейлігін түсінуі әсер етеді. Ал тілдің ұлттық сананы қалыптастыруда әсері бар ма, жоқ па деген сұраққа менің жауабым - тіл бұл ұлттық сананы қалыптастырудың құралы, ал ұлттық сананың негізі ол - діні, тарихы және оның мәдениеті. Ұлттық сана дегеніміз - философиялық санатқа жататын абстрактілі ұғым болғандықтан, бұл ұғымды жақсырақ түсіну үшін, оны өзімше заттандырып көрдім. Менің түсінігімде ұлттың тұтастығын бір үй деп қарастырсақ, оны ызғар мен жауыннан қорғайтын шатыры - ұлттық сана, ал үйдің негізі болып табылатын қабырғалары мен іргетасы - ұлттың діні, тарихы және оның мәдениеті, ал тіл болса сол үйдің негізін біріктіріп тұратын саз балшық деп түсінемін. Үйдің шатыры түгелдей дерлік үйдің қаңқасына қаланатындай, ұлттың тарихы, діні және мәдениеті ұлттық санаға да солай негіз болады, ал ұлттық сананың берік болуы оның тілінің қаншалықты бүртұтас екеніне тікелей байланысты.
Тіл - ұлттың ұлт болып қалуының бірден бір шарты. Тіл - адамдардың ой мен сезім білдіріуі және қарым-қатынас үшін қызмет етуінен басқа, тілдің ұрпақ пен ұрпақ арасын жалғастыратын, өткен өмір мен бүгінгі болмысымызды, онымен болашақты ұластыратын “алтын көпір” қызметі - кумулятивті функциясы бар екенін Әбдуали Қайдар атамыз айтып кеткен болатын [3, 15-б.]. Яғни тіл бұл бүкіл ұлттың болмысын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, ұлттың қазынасын бойына жиып, оны болашаққа мұра ететін бірден бір құрал. Сол себепті де біз тілден рухани мәдениетті де, тарихты да, ұлттық болмыс пен рухты да көре аламыз, ал тілді сақтап, оны дамыту ұлттың өзіндік санасын қалыптастырады.
...