Ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есеп: мәні, дайындау әдістері мен талдамалық құндылығы
Автор: Zhanat11111 • Март 24, 2019 • Диссертация • 26,906 Слов (108 Страниц) • 1,180 Просмотры
КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Ақша қаражаттары ұйымның ең өтімді активтері. Оның бар болуы, жеткіліктігі мен қозғалысы кәсіпорынның ағымдағы жағдайын, төлем қабілеттілігін, инвестициялық тартымдылығы мен іскерлік белсенділігін сипаттайтын көрсеткіштер жүйесін анықтауға мүмкіндік береді. Ұйымның шаруашылық операцияларының барлығы: өнімді сату, есеп айырысулар, жалақы төлеу, несие алу, несиені өтеу және т.б. ақша қаражаттарының қозғалысымен байланысты. Сол себепті есеп жүйесінде ақша қаражаттарының есебінің ұйымдастырылуы мен жүргізілуіне ерекше мән беріледі.
Ақша қаражатының есебінің негізгі мақсаты – ақша қаражатының мақсатты қолданылуы, оның қозғалысын және бағыттылығын қамтамасыз ету. Осыған қоса ақшамен жүргізілетін операциялардың нормативті құқықты құжаттарға сай келуін; толық және уақыттылы құжатталуын; уақыттылы және нақты аналитикалық есебін жүргізу; толық және уақыттылы ақша қаражатының тексерісін жүргізу; банк арқылы қолма – қол ақшасыз төлемдер жүргізу.
Ақша қаражаттары – бұл активтердің ішіндегі ең өтімді категория болып табылады, ол жалпы кәсіпорынның өтімділігін қамтамасыз етеді.Осы ақша қаражатының қозғалысымен басталуымен өндірістік – коммерциялық цикл басталып және оның аяқталуымен аяқталады.
Кәсіпорынның ақша қаражаттарының бар болуы, оның кірісі мен шығысы субъектілер ұсынуға міндетті қаржылық есептілік формасы «Ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есеп» заңды тұлғаның қаржылық жағдайындағы өзгерісті бағалауға мүмкіндік береді, бұл оларды есепті кезең ішіндегі операциялық (кіріс алатын негізгі қызмет пен инвестициялық және қаржы қызметтеріне жатпайтын өзге де қызметі), инвестициялық (ұзақ мерзімді алашақтарды сатып алу мен сату) және қаржылық қызметі (жеке капиталы мен заем қаражаттарының мөлшері және кұрамындағы өзгеріс нәтижесі болып табылатын занды тұлғаның қызметі) тұрғыдан алғанда қаражаттардың түсуі мен жұмсалуы туралы хабарламамен қамтамасыз етеді. Ақша каражаттарының қозғалысы туралы есеп субъектінің есепті жылдың ішіндегі қаржылық есебінің құрамында беріледі.
Кәсіпорынның қаржы есептілігін пайдаланушыларды компанияның ақша қаражаттары мен ақша баламалары қалай қалыптасатыны және қандай бағыттарға жұмсалатыны қызықтырады. Мұндай ақпарат қаржылық есептіліктің 3-нысаны «Ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есепте» көрініс табады. Ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есеп (қаржы есептілігінің қалған нысандарымен бірге) пайдаланушыларға компанияның таза активтеріндегі өзгерістер, оның өтімділігі мен төлем қабілеттілігі, ақша қаражаттарының кірісі мен шығысының арақатынасын бағалауға мүмкіндік береді.Сол себепті ақша қаражатын басқару дебиторлық берешек және қорларды басқару секілді өте маңызы зор. Ақша қаражатын басқарудың негізгі мәселесі болып кәсіпорынның есеп шоттарындағы минималды ақша деңгейін анықтап, оны бір қалыпта ұстап тұру табылады. Себебі, бос ақша қаражаттары
кіріс әкелмейді, ал олардын эквиваленттері аз кірісті. Бұл сома басқаша айтқанда, сақтандыру қоры секілді ақша ағымының бірқалыптылығын қамтамасыз ету үшін қажет.
Ақша ағынын жоспарлағанда кәсіпорынның операциялық, инвестициялық, және қаржылық қызмет бойынша кірістер және шығыстар жоспары құрылады. Ол жоспарлар бір жылға немесе айларға, оперативті басқару үшін, он күндіктерге немесе бес күндіктерге бөлінуі мүмкін. Егер болашақта қалыпты ақша ағыны болады деп күтілсе, онда кәсіпорын бұл жағдай бойынша тиімді пайдалану жолдарын іздестіруі керек.
Ақша қаражатының тапшылығы секілді ақша ресурстарының көп болуы да кәсіпорынның қаржылық жағдайына теріс әсер етеді. Ақша шамадан тыс болған кезде, уақытша бос ақшаның құны азайып, инфляцияға әкеледі, ақшаның айналыс жылдамдығы азаяды.
ХҚЕС сәйкес ақша қаражаттарының қозғалысының есебінің қатаң белгіленген нұсқасы жоқ, 7 ХҚЕС есепті дайындаудың жалпы қағидаларын ұсынады. Операциялық қызмет бойынша ақша қаражаттарының қозғалысының есебі тікелей немесе жанама әдіспен дайындалуы мүмкін. Инвестициялық және қаржылық қызметке қатысты тек тікелей әдісті қолдану қарастырылған. Тікелей әдіс ақша қаражаттарының қозғалысының есебінің көрсеткіштерін түсіну мен компанияның қаржылық жағдайын талдау тұрғысынан ақпаратқа бай. Бірақ ақша қаражаттарының қозғалысының есебін тікелей әдіспен дайындау үшін ақша қаражаттарын неғұрлым бөлшектеп жіктеу қажет, бұл әдістің еңбек сыйымдылығы да жоғары. Бұл әдіс қаржылық есептілікті автоматты түрде дайындау жоғары деңгейде қолайлы
...