Лекции по "Социологии"
Автор: Orasha • Сентябрь 27, 2021 • Курс лекций • 25,883 Слов (104 Страниц) • 278 Просмотры
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИЕТІ
ФИЛОСОФИЯ ЖӘНЕ САЯСАТТАНУ ФАКУЛЬТЕТІ
ӘЛЕУМЕТТАНУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫС КАФЕДРАСЫ
(Soc 1103) ӘЛЕУМЕТТАНУ пәні бойынша
ДӘРІСТЕР КЕШЕНІ
(ДӘРІСТЕР ТЕЗИСІ)
МАМАНДЫҚТАР:
«6В04101-Мемлекеттік және жергілікті басқару», «6В04102-Менеджмент»,
«6В04103-Экономика», «6В04105-Есеп және аудит», «6В04106-Қаржы (қысқартылған)», «6В04106-Қаржы», «6В04107-Маркетинг»,
«6В04109-Цифрлық экономика», «6В11301-Логистика (салалар бойынша)», «6В1701-Қазақ тілі мен әдебиеті», «6В02306-Әдебиеттану»,
«6В01704-Шетел тілі: екі шет тілі», «6В02209-Түркітану»,
«6В02101-Баспа ісі», «6В02102-Дизайн», «6В02104-Кино&Медиа», «6В03206-Медиакоммуникациялар»
2 КРЕДИТ
Алматы, 2021 ж.
1-дәріс. Әлеуметтану ғылымы, оның объектісі мен пәні
Дәрістің жоспары:
- Әлеуметтану ғылым ретінде. Әлеуметтанудың құрылымы
- Әлеуметтанудың атқаратын қызметтері
- Әлеуметтанудың пәні, объектісі, басқа қоғамдық ғылымдармен байланысуы
Дәрістің мақсаты: әлеуметтанудың ғылым ретіндегі пәні мен объектісін, міндеттері мен атқаратын қызметтерін және басқа қоғамдық ғылымдармен байланысын қарастыру.
Адамзат баласын ерте заманнан-ақ әлеуметтік мәселелер толғандарған. Қоғамның құрылымы (бай мен кедей, адамның проблемалары) туралы алғашқы ойларды антикалық философтар айтқан (Платон, Аристотель). Әлеуметтанудың ғылым ретінде пайда болғанына көп болған жоқ. Басқа қоғамдық ғылымдармен салыстырғанда анағұрлым жас ғылым. 1839 жылы француз математигі, философ Огюст Конт «Социология» (Әлеуметтану) терминін ғылыми айналымға енгізді. Социология термині латынның societas – қоғам, гректің logos- оқимын, зерттеймін деген сөздерінен шыққан.
Әлеуметтану – қоғам туралы ғылым. Әлеуметтану ғылымы қоғамның даму заңдылықтарын, қоғамдағы әлеуметтік құбылыстарды, әлеуметтік процестерді, әлеуметтік байланыстарды, әлеуметтік институттарды, әлеуметтік қатынастарды зерттейді. Зерттеу барысында нақты фактілерді жинап, оны талдап, соның негізінде ғылыми қорытындылар жасайды.
Әлеуметтанудың мәні – қоғамды жетілдіру, жетілдіруге қатысу. Яғни статистикалық материалдар, социологиялық зерттеулердің нәтижелері негізінде тиімді басқару үшін оптимальды шешімдер шығару; немесе әлеуметтік проблеманы көрсетіп беру.
Қоғам – көптеген ғылымдардың объектісі болып табылады. Әлеуметтану қоғамды зерттейтіндіктен, қоғамды зерттейтін басқа ғылымдармен тығыз байланысады: тарих, экономика, саясаттану, дін, мәдениет, психология, т.б. ғылымдар. Бұл ғылымдардың қоғамды зерттеу әдістері, теориялары ортақ. Мысалы, психология, экономика, саясаттану, антропология, миграциология, дінтану, этнография сынды ғылымдар бір-бірінің теориялық базасын толықтырып отырады. Бұл ғылымдардың шығу тегі бір. Көптеген қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар әлеуметтік философияның аясында пайда болған. Әлеуметтік философия – философияның бір саласы. Ол нақты бір тарихи оқиғаларға сүйене отырып нақты қорытындылар жасайды. Алайда бұл ғылымдардың зерттеу пәні әртүрлі болады. Зерттеу пәні осы ғылымдарды бір-бірінен ерекшелеп тұрады. Мысалы, психологияның пәні – тұлғаның ішкі жан-дүниесі, сапасы болса, әлеуметтану – тұлғааралық қатынастар, қарым-қатынас, коммуникация, рольдік қатынастарды зерттейді. Саясаттану азаматтық қоғамды қарастырса, әлеуметтану сол азаматтық қоғамды құраушы адамдар арасындағы байланыстар, адамның көзқарасы, мотивтерін қарастырады.
Әлеуметтану – эмпирикалық ғылым, яғни тәжірибеге сүйенеді. Сондықтан кейбір жаратылыстану ғылымдарымен де байланысады: математика, статистика, география, т.б.
Әлеуметтану – қоғам мүшелері арасындағы әлеуметтік байланыстарды қарастырады. Әлеуметтану адамның қоғамда алатын орнын анықтайды.
Сонымен, әлеуметтанудың зерттеу объектілері –
Біріншіден – қоғам. Әлеуметтануда «Қоғам» адамдар арасында болып жататын алуан түрлі қарым-қатынастардың күрделі жиынтығын білдіреді. Кез-келген қоғам экономикалық, саяси, әлеуметтік және рухани салалардан тұрады.
...