Әнші ақындар мұрасының текстологиялық мәселелері
Автор: Zharkyn6ek • Сентябрь 11, 2021 • Реферат • 1,053 Слов (5 Страниц) • 473 Просмотры
Әнші ақындар мұрасының текстологиялық мәселелері (Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ шығармалары бойынша)
Балуан Шолақтың аты аталғанда еске түсетін бір есім бар. Ол – Ғалия. Ақынның ғашығына арнап шығарған әніне қатысты жиырмаға жуық сөз мәтіні бар. Сол мәтіндерден Балуан Шолақтың сүйіспеншілік лебі анық байқалады.
Сал-серілердің әнмен бірге айтылатын өлеңдері, көбінесе лирикалық сипатта болып келетіні сияқты Балуан Шолақтың «Ғалиясы» да махаббат сырын шертуге арналған. Ақынның бір ғана Ғалияға осыншама өлең арнауы ғашықтық сезімінің шексізсіздігін көрсетеді.Әйтсе де, ақынның қаламының шабытының шарықтауы болған Ғалия, расымене де қандай еді?
«Ғалия» әнін тыңдап отырғанда, өткір мінезді сұлу қыздың «нұр сипаты» көз алдыңа келеді. «Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан» деп қыздың бейнесін эпитеттік метафорамен сипаттайды. Өлеңнің қайырмасында келіп, қайталанып тұратын «Ғалия – ау, бетіңнен, Әппақ қардай етіңнен» деген жолдардан сұлу қыздың нұр дидарын үздік теңеумен бейнелегені көрінеді. Осындай көркемсөз айшықтарын ақын өзінің арман – мұратын, іңкәр сезімін беру үшін шебер пайдалана білген деп ойлаймын. Ғашығының қол жетпес ерекше жан екенін өлеңдегі «айым да сен, күнім де сен» деген метафорамен жеткізсе, қыздың күлімдеп қараған көзқарасына « оң қабағы тартып» қуанатынын айтып, Ғалияны тоқсан құбылтып бейнелейді.
Сонымен қатар, халықтың тұрмыс ерекшелігіне тән көркем бейнелер де ақын өлеңдерінен орын алған. «Менің көңілім, Ғалия, дауаласын, Ауған түйе секілді бейімдесең» деген жолдар – қазақ ақынының аузынан ғана шығатын бейнелі теңеу. Жай теңеу емес, астарлы теңеу. Өйткені түсіндірме сөздіктерде «ауған түйеге» анықтама екі мағынада беріледі: бірі бөтен жерден мекенін ауыстырған түйе болса, екіншісі үстіне артылған жүк ұзақ жүрістен не о баста дұрыс артылмағандықтан, түйенің оң немесе сол қапталына қарай қисайып ауа бастауына сәйкес келеді. Ақын екінші мағынаға шақтап, жұмырлап, халық тұрмысымен байланыстырғаны сөзсіз.
Өлеңде сұлу қыздың өзіне ғана тән ерке қылығын «бір күн ауру, бір күн сау» деген сөздермен көрсете келе, ғашық жігітті сарсаңға салып қойған тәкәппар мінезін де бейнелейді. Ақын сүйгенінің бұл мінезіне ашуланбайды. «Бүйте берсең, жүйкемді құрытарсың» дей тұра, «қай қылығын қалқаның ұмытарсың» деп сол еркелігіне сүйсінгендігін байқатады. Алып жүректің Ғалияға арналған іңкәрлік сезімі ән – өлеңнің өн бойынан есіліп тұрады. Тек бұл тіркестер ән әсерін арттырып тұрған жоқ, Балуан Шолақ «Ғалия» әнінде:
«Ойда тұрып Ғалия,
Ақбоз үйге сүйенгенде...», дейді.
Қазақ қызының елден ерек бір болмысы азамат ерге қанша ғашық болса да, оны ашық, жария айтпаған. Қыз қадірінің қымбаты да солай сақталып, мәңгі биік қалпында қала берді. Сондықтан да қазақ «қыздың үндемегені – келіскені» дейді. Демек оның әр қимылы маңызды, әр әрекетінде тіл бар тылсымға толы ғажайып әлем. Енді, жігіт те осыған сай сөйлеуі тиіс екен. Қараңыз, жоғарыда мысалға келтірілген үш әнде де бір қарағанда қызға тек жігіт ғашық секілді көрінеді. Жоқ, ақбоз үйге сүйенген қыздың жайын айтқан жігіт қалқатайдың жүрегінің аңсары өзіне ауып, оның да зарығып жүргенін жеткізіп тұрған жоқ па? Иә, жігіт қызға ғашық екен, ал, қыз жігітті ұнатты ма деген сауалға мақтанышты жауабын осылай айтады. Әрине, әлемде жоқ сөз әдебі бұл. «Ол да маған өлердей ғашық, сындырдым» демейді. Қол жетпес қия шыңдағы қыз қадірін сол биігінен түсірмей, оның тек жалғыз ғана әрекет, қылығын көрсету арқылы диалогтың екінші жағындағы сөзді ашып береді. Мінеки, ай мен күндей аруды ақбоз үйге сүйендірген жігіт сөзі осылай өріледі.
Ақан сері Қорамсаұлы
Қызға хат
Құрметті сөз жазамын Раушаныңа,
Кез болдың бір талапкер дер шағыма.
Тимеген жүген, құрық асау керім,
Жүрмісің иран бағы шарбағында?
Шолпандай әуедегі түстің көзге,
Ойлаушы едім туды деп өз бағыма.
Жайраңдап суда жүзген аққайраңдай
Ілінші желбезектен қармағыма.
Мойныңа асыл білек артар едім,
Асылзат, шыдамайсың салмағыма?
Кетпесін ғашық сыры айдалаға,
Айтамын сенен басқа қай балаға?
Есітсем бір сөзіңді мақұлдаған,
Болады ем қонғандай жан жараға.
Сөздер | Түсіндірме сөздіктегі мағынасы | Сөздің контекстке сәйкес келуі |
Жүген | Жылқының басына кигізетін, ауыздық пен тізгіні бар қайыстан істелген әбзел | «жүген» сөзі түсіндірме сөздіктегі мағынасы өлең жолдарындағы мағынасымен сәйкес. |
Құрық | 1.Жылқы ұстау үшін, ұшына ілмек жіп бекітілген ұзын сырық. Мойнына құрық салды. 2. ауыс. Айла-шарғы, қулық-сұмдық. Жәнібек ханның құрығы ұзын – айла-шарығы мол, қулығы жетерлік. | «құрық» сөзі түсіндірме сөздіктегі бірінші мағынасы өлең жолдарындағы мағынасымен сәйкес. |
Керім | 1.Кербез, паң, маңғаз; сылқым.Керім марал- сұлулықтың тәңірі (Жасқайрат). 2. Тамаша, керемет. Теңіз қандай керім (Санбаев) | «керім» сөзі түсіндірме сөздіктегі бірінші мағынасы өлең жолдарындағы мағынасымен сәйкес. |
Иранбақ | көне. Шығыс ертегілеріндегі жаннат бағы. | «иранбақ» сөзі түсіндірме сөздіктегі мағынасы өлең жолдарындағы мағынасымен сәйкес. |
Шарбақ | Қоршау, қаша. Үйдің айналасы шарбақпен қоршалған. | «шарбақ» сөзі түсіндірме сөздіктегі мағынасы өлең жолдарындағы мағынасымен сәйкес. |
Желбезек | анат. 1. Балық, шаян сияқты су хайуанаттарының тыныс алатын мүшесі. 2. ауыс. Мұрын қуысы, танау жиегі. Танауының желбезегіне дейін (Ғ. Мүсірепов) | «желбезек» сөзі түсіндірме сөздіктегі бірінші мағынасы өлең жолдарындағы мағынасымен сәйкес. Себебі, өлең жолында қызды балыққа теңейді. |
Қармақ | Балық аулау үшін ілмек тәрізді етіп жасалған құрал. Қармағына (қармаққа) ілінді (ілікті, түсті) – біреудің алдауына түсті. Қармаққа шаншар еті жоқ – өте арық. Қармақ салды (тастады) а) қармақпен балық аулады; ә) ауыс. біреуді алдап қолға түсіруге әрекеттенді. | «қармақ» сөзі түсіндірме сөздіктегі мағынасы өлең жолдарындағы мағынасымен сәйкес. Себебі, өлең жолында қызды балыққа теңейді. |
...