Спланхнология. Ішкі мүшелер жүйелері
Автор: Aruzhan Zhakiyanova • Февраль 19, 2024 • Лекция • 1,212 Слов (5 Страниц) • 124 Просмотры
Дәріс №1
Тақырыбы: Спланхнология.Ішкі мүшелер жүйелері.Дене қуыстары, серозды (сірлі) қапшықтар.Түтікше және паренхиматозды мүшелердің ерекшелігі, құрылысындағы заңдылықтар
Мақсаты: Ішкі мүшелер жүйелерінің құрылыс заңдылықтарын оқып білу.
Кілттік сөздер: мүшелер, жүйелер, сірлі қуыстар, түтікше мүшелер, паренхималы мүшелер
- Сірлі қабықтар.
- Дене қуыстары.
- Түтікше және паренхималы мүшелердің ерекшелігі, құрылысындағы заңдылықтары.
Ішкі мүшелер жүйелері құрылысын зерттейтін ілімді splanchnologia(лат. viscera; грек. splanchnos — ішкі мүшелер; logos — ілім) — деп атайды. Ішкі мүшелер жүйелері түтікше және паренхималы мүшелерден тұрады. Қуысты түтікше мүшелердің қабырғалары үш қабықттан тұрады: ішкі кілегейлі, ортаңғы етті немесе талшықты-шеміршекті (тыныс алу мүшелерінде) және сыртқы сірлі (дене қуыстарында жатқан мүшелерде). Дене қуыстардан тыс жатқан мүшелер сыртынан адвентиция қабығымен (борпылдақ дәнекер ұлпасынан тұрады) қапталады.
Кілегейлі қабық (tunica mucosa) түтікше ішкі мүшелердің көпшілігінде ішек типтес болады. Ол негізінен төрт қабаттан құралған. Оларға ішкі қабаттан кілегейлі қабықтың сыртына қарай: - эпителий қабаты (stratum epiteliale) түтікше ішкі мүшелердің ішкі бетін жабын ұлпасы ретінде астарлайды. Түтікше мүшелердің кілегейлі қабықтары, олардың дене қуыстарындағы орналасу орындары мен атқаратын қызметіне байланысты кұрылысы әр түрлі эпителий ұлпасымен астарланған. - өзіндік тақташа (lamina propria mucosae) қоректендіретін қан және лимфа тамырларына бай борпылдақ дәнекер ұлпасынан тұрады; - етті тақташа (stratum muscularis) мүшелердің қызметіне сәйкес түрлі деңгейде, қатпарлы кілегейлі қабықта күшті, ал беті тегіс кілегейлі қабықта нашар жетілген. Бұл қабатты өз кезегінде бір немесе екі қабатта жатқан бірыңғай салалы ет ұлпасының миоциттері құрайды; - кілегейліасты негіз (tela submucosa) құрамында ірі қан және лимфа тамырлары мен лимфа түйіншелері және интрамуральды (қабырғалык) жүйке тораптары болатын борпылдақ дәнекер ұлпасынан тұрады.Ал кейбір мүшелердің кілегейлі қабықтары, мысалы, ауыз және мұрын қуыстары мүшелерінің кілегейлі қабықтары құрылысы жағынан тері типтес болып келеді. Ол тек екі: эпителий және өзіндік тақташа қабаттарынан ғана тұрады.Етті қабық (tunica muscularis) түтікше мүшелердің ортаңғы қабығы. Ол өз кезегінде: ішкі сақинаша және сыртқы ұзынша(бойлама) қабаттардан тұрады. Етті кабық қабықтарын негізінен бірыңғай салалы ет ұлпасы құрайды. Тек, дененің сыртқы табиғи тесіктеріне жақын орналасқан мүшелердің етті қабығы қабаттарын (жүтқыншақ, өңеш, тік ішектің соңғы бөлігі мен анус, несеп-жыныс кіреберісі т.б.) ерікті жиырылатын көлденең жолақты бұлшық ет ұлпасы кұрайды. Ал тыныс алу түтікше мүшелерінің (көмекей. кеңірдек, бронхтар) ортаңғы қабықтары - талшықты-шеміршекті қабықтан тұрады.Сірлі қабық (tunica serosa) дене қуыстарында жатқан мүшелерді сыртынан қаптайды. Ол екі қабаттан: ішкі борпылдақ дәнекер ұлпалық негізден (tela subserosa) және сыртқы бірқабатты жалпақ эпителий қабатынан немесе мезотелийден (mesotelium) тұрады. Дене қуыстарынан тыс жатқан мүшелер (өңештің, кеңірдектің мойын бөліктері, көмекей, жұтқыншақ, тік ішек, қынап т.б.) сыртынанадвентиция қабығымен (tunica adventitia) қапталады. Ол борпылдақ дәнекер ұлпасынан тұрады.
Қомақты паренхималы мүшелер ішкі мүшелер жүйелері кұрамына жеке мүшелер ретінде кіреді немесе олар түтікше мүшелердің қабырғаларында орналасады. Олар негізінен ішкі мүшелер жүйелеріндегі бездер.Без (glandula)өзінен арнайы сөл бөлетін құрылысы қомақты паренхималы мүше. Бездерге сілекей, өңеш, қарын, ішек бездерін, бауырды, ұйқы безін, жыныс бездерін, бүйректі, ішкі секреция (эндокринді) бездерін т.б. жатқызуға болады. Шығару өзегі арқылы сыртқы ортаға шығарылатын без сөлі секрет, ал организмнің ішкі сұйық ортасына (қанға, лимфаға, ұлпа сұйығына) бөлінетін бөліндіні инкрет — деп атайды. Жануарлар денесінен сыртқы ортаға шығарылатын ыдырау өнімдері мен улы заттарға бай, организмге керексіз бөліндіні экскрет(зәр, тер т.б.) - дейді.Без құрылысы жағынан паренхималы мүше. Ол бір-бірімен тығыз байланыста қызмет атқаратын паренхимадан және стромадан тұрады. Паренхима (parenchyma) бездің негізгі қызметін атқаратын жұмысшы бөлігі. Бездердің паренхимасын негізінен безді эпителий ұлпасы кұрайды. Ал кейбір эндокринді бездерде без паренхимасы жүйке ұлпасынан да тұрады. Строма (stroma) без паренхимасы бөліктерін өзара байланыстырып, безді біртұтас мүше ететін дәнекер ұлпалық аралық. Строма арқылы безді қоректік заттармен камтамасыз ететін кан мен лимфа тамырлары және без жұмысын реттейтін жүйкелер өтеді.Бездердің жіктелуі: Без сөл бөлу сипатына қарай үлкен екі топқа: ішкі және сыртқы секреция бездері болып бөлінеді. Бездер құрылысына қарай: бір жасушалы және көп жасушалы болып бөлінеді. Бір жасушалы бездер төменгі сатыдағы жануарларға тән. Сүтқоректі жануарлардағы бір жасушалы бездердің өкілі құты (бокал) тәрізді жасушалар. Бұлар кеңірдектің, бронхтардың, ішектің эпителий қабаттарында, эпителиоциттер аралықтарында орналасады. Сондықтан, құты тәрізді бездерді эндоэпителиальды бездер — деп атайды. Бұлар эпителий қабатының ішкі бетін сылап тұратын кілегей бөледі.Көп жасушалы бездер мүшелер эпителий қабаттарының астындағы қабаттарда немесе түтікше мүшелер қабырғаларынан тыс орналасады. Сондықтан, бұларды экзоэпителиальды бездер — депатайды. Көп жасушалы бездер орналасу орындарына қарай қабырғалық (интрамуральды) және қабырғадан тыс (экстрамуральды) бездер болып бөлінеді. Қабырғалық бездер түтікше мүшелердің қабырғасында, кілегейлі қабық эпителий қабатының астындағы қабаттарда орналасқан майда бездер. Қабырғадан тыс бездер (бауыр, ұйқы безі т.б.). Бұлардың өзектері де, түтікше мүшелер қуыстарына ашылады. Көп жасушалы сыртқы секреция бездері екі бөлімнен: секрет бөлетін соңғы бөлімнен және без өзегінен тұрады.Без өзегінің тарамдалу сипатына байланысты бездер: карапайым және күрделі болып бөлінеді. Қарапайым бездердің өзектері тарамдалмайды, ал күрделі бездердің өзектері, керісінше, бірнеше тарамға ажырайды.Соңғы бөлімдерінің пішініне қарай бездер: көпіршікше (альвеолалы), түтікше және көпіршікше-түтікше бездер болып бөлінеді. Көпіршікше бездердің соңғы бөлімінің пішіні көпіршік немесе кеңейген капшық тәрізді болып келеді. Көпіршікше бездерге терінің май бездері, шықшыт сілекей безі жатады. Түтікше бездердің соңғы бөлімдерінің пішіні түтік тәрізді болып келеді. Түтікше бездерге қарын, жалпы ішек, жатыр бездері жатады. Ал көпіршікше-түтікше бездерге соңғы бөлімдерінің пішіні көпіршік және түтік тәрізді болып келетін бездер жатады. Бұларға: төменгі жақ және тіласты сілекей бездері жатады.Бездерден секрет үш түрлі жолмен бөлінеді: мерокринді, апокринді және голокринді. Мерокринді секрет бөлу кезінде, безді жасушалар гландулоциттер цитоплазмасында түзілген сөл, олардың плазмолеммалары арқылы диффузды жолмен сүзіліп өтеді. Бөліндіні бөлу кезінде гландулоциттердің бүтіндігі бұзылмайды. Сілекей бездері сілекейді мерокринді жолмен бөледі. Апокринді секрет бөлу кезінде, сөл гландулоциттердің жоғарғы бос (апикальды) ұшына жиналады да, жасушаның апикальды ұшы үзіліп, секрет тамшысына айналады. Секрет бөлу кезінде гландулоциттердің бүтіндігі жартылай бұзылады. Апокринді жолмен тер, сүт бездерінің секреттері бөлінеді. Голокринді секрет бөлу кезінде, гландулоциттердің цитоплазмасы сөлге толып, безді жасушалар толық бұзылып жарылады да, секретке айналады. Голокринді жолмен терінің май бездері секреттерін бөледі.
...