Нұртазин монографиясы
Автор: 01042003 • Март 1, 2023 • Реферат • 1,784 Слов (8 Страниц) • 268 Просмотры
Рас, Майлин шығармалары талай сын пікірлердің, ғылыми зерттеулердің нысаны болды. Жазушының мол мұрасы түгел алып, тұтастай қарастырған тұңғыш кітап Нұртазин монографиясы. Сыншы өзінен бұрынғы зерттеушілер еңбектеріне көз жұмып, өте шықпайды, Олардың қисынды, қисынсыз пікірлерін екшеп, жаңа байлам жасады. Бейімбеттің ғұмырына қатысты көптеген жаңа материалдар тауып, соны деректер жинаған. Шыққан орта, алған білім, көрген тәрбиенің жазушы талантын қалыптастыруда атқарар қызметі ерекше екені аян. Ғалымның Майлиннің жастық шағын, оқуға берілген кездерін шұқшия зерттеуі табысты болды.
Бұрын Майлиннің білім деңгейі, эрудиция мөлшері деген мәселелердің беті күңгірт еді. Уфадағы «Ғалия» медресесі қандай оқу орны, онда кімдер оқыды деген сұраулардың жауабы да мәз емес-ті. Айтылмыш монографияда көптеген мәселе шешілді. Зерттеуші Майлиннің түрлі жекебас құжаттары, еңбек кітапшасы арқылы оның қанша жыл оқығандығын айқындайды. Қазақша материалдармен бірге орыс, татар, башқұрт тілдеріндегі мәліметтерді кең пайдаланып, «Ғалия» медресесінің кезіндегі үздік оқу орны болғандығын дәлелдейді.
Мақалада белгілі қазақ жазушысы Б.Майлиннің шығармаларын сыншы Т. Нұртазиннің талдауы сөз болады. Сыншы, ғалым Т. Нұртазин қазақ әдебиеттануының дамуына, қазақ әдебиеті тарихын жасауға көп үлес қосты. Әдебиеттанушы Б. Майлин шығармаларының жанрын, эстетикалық ерекшелігін зерттеді. Т.Нұртазин еңбектерінің арқасында ғана жазушының қазақ әдебиеті тарихындағы ролі айқындалды.
Түйін сөздер: Т.Нұртазин, әдебиеттанушы, Б.Майлин, әдеби жанр, эстетикалық қажеттілік. Ғалым Темірғали Нұртазиннің қазақ кеңес әдебиетінің ғана емес, жалпы қазақтың жаңа заман әдебиетінің берік негізін қалаушылардың бірі, шебер жазушы Бейімбет Майлин шығармашылығын зерттеп, саралаған «Бейімбет Майлин» творчествосы [1] атты монографиялық еңбегінің негізгі бір тарауы «Эстетикалық қазығы» деп аталуында үлкен мән бар.
Біріншіден, бұл – ең маңызды, ең түйінді тарау.Өйткені бізге қай жазушының не жазғаны немесе қанша жазғанын білуден гөрі, сол шығармаларды қалай жазғанын, қандай мақсатпен, қандай эстетикалық талғам көзқараспен жазғанын білу маңыздырақ.
Екіншіден, зерттеушінің жазушы шығарма-ларына жекелеп тоқталып талдамас бұрын, алдымен оның эстетикалық ұстанымына үңілуі, ғалымның өз азаматтық, идеялық позициясының беріктігін, көркем шығармаға қояр эстетикалық талғамының биіктігін көрсетеді, сыншылық талабының жоғарылығын білдіреді.
Бұл жайында белгілі ғалым Т.Кәкішев: «Ашық айту керек, қазақ әдебиеттану ғылымы әлі күнге дейін социологиялық талдаудан ұзап кете алмай жүр. Әрине, бұл талдау бұрынғыдай дөрекі түрде көрінбейді, алайда әлі басым. Осы реттен келгенде Темірғали Нұртазиннің Б.Майлиннің қазақ әдебиетіне олжа салған шығармаларын социологиялық тұрғыдан да, эстетикалық тұрғыдан да тұтас сарапқа салып, таразыны тең ұстап, талдағаны айрықша ұтымды да өнегелі» [2] деп жазды сол тұста.
Зерттеуші тараудың алғашқы жолдарында «Б.Майлин не жазды? Әдеби мұрасының көлемі қанша? Әдебиетімізге қандай үлес қосты? Шығармаларының идеялық, эстетикалық салмағы қандай?» [1, 28] деген сауал тастайды. Осыдан-ақ ғалымның Бейімбет Майлин шығармашылығын зерттеудегі мақсаты, алдына қандай міндеттер қойғаны айқын байқалады. Бейімбет шығармаларын қай қырынан талдап таныту ниеті аңғарылады. Жоғарыдағы міндеттердің ең күрделісі Бейімбет мұраларының көлемін анықтау екені анық. Ол үшін зерттеуші ғалым Троицк қаласында 1911-1915 жылдары М.Сералин шығарып тұрған қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» сандарын парақтаудан бастайды. Сөйтсе Б.Майлиннің баспасөз бетінде жарық көрген тұңғыш тырнақалды туындысы «Қостанай уезі, Дамбар болысы» атты проблемалық мақала екен. Ол журналдың 1913 жылғы 15-санында 335-336-беттерінде жарияланған.
Ол мақалада Бейімбет қыз ұзату, келін түсіру, ас беру секілді әдет-салттық тойларда қазақтың шала шабылып, байлықты босқа шашып, төгіп ысырап ететінін, тойшылдық, мақтансүйгіштік орнына сол қаржыны оқу-ағартуға, білім алуға жұмсау керектігін мәселе етіп көтерген. Бұдан біз жас, бозбала жігіт Бейімбеттің сол кездің өзінде сұңғылалығын, қазақ өміріндегі келеңсіздіктерді көре білгендігін аңғарамыз. Т.Нұртазин Б.Майлиннің «тырнақалды» тұңғышының қара сөзбен жазылғандығын атап өтеді. «Айқап» журналында оның бір әңгіме, бір өлең, екі мақаласы шыққанын анықтайды. 1915 жылы журнал жабылып қалған соң, ол өз еңбектерін Ахмет Байтұрсынұлы шығарып тұрған «Қазақ» газетінде жариялай бастайды. 1915 жылы онда тоғыз шығармасын бастырған.Ғалым міне осындай шаң басып сарғайған, жарты ғасыр бұрын шығып тұрған басылымдардың беттерін ақтарып, тынымсыздықпен, табандылықпен Бейімбет шығармаларын таба береді. Ол кезде Қазақстанда газеттер мен журналдар көптеп шыға бастаған. Ташкент қаласында да бірнеше басылымдар болған. Соның бәрінен Бейімбетті жалықпай іздеу, тапқандарын саралап қатарға қосу әрі зор еңбек, әрі ғылыми ерлік екені даусыз.
...