Лекции по "Экономическому анализу"
Автор: aass00 • Апрель 24, 2021 • Курс лекций • 16,824 Слов (68 Страниц) • 254 Просмотры
1 тақырып: Экономикалық зерттеу және талдаудың
пәні мен мәселелері
1.1 Кәсіпорын қызметін талдаудың рөлі мен міндеттері
Экономикалық талдау – бұл экономикалық құбылыстар мен процестердің мәнін тану, оларды құрамдас бөліктерге бөлу және көптеген байланыстары мен тәуелділігін зерттейтін ғылыми әдіс. Экономикалық талдау екіге бөлінеді: макроэкономикалық талдау – экономикалық құбылыстар мен процестерді әлемдік және ұлттық деңгейде зерттейді және микроэкономикалық талдау – бұл құбылыстар мен процестер жеке шаруашылық субъектілердің деңгейінде зерттейді.
Кешенді экономикалық талдау кәсіпорынды басқару жүйесінде маңызды орын алады, яғни оның негізінде басшылық шешімдер өңделеді және негізделеді. Нарық жағдайында қаржылық жоспарлау кәсіпорынға оның қызметі жөнінде көптеген параметрлерді сырттан бекітетін орталықтандырылған әкімшілік сипатты жояды. Ол ең алдымен бәсекелестік нәтижесінде өзгеріп отыратын нарық конъюктура жағдайында өзінің хал жағдайын нығайтуға ұмтылатын кәсіпорынның шаруашылық әрекетінің икемді стратегиясы мен тактикасын жасауға қызмет етеді. Қаржылық қызметте нормативтерді пайдалану кәсіпорынның өз еркінде, сондықтан нормативтер туралы ақпараттар коммерциялық құпияға айналады. Нормативтерден ауытқуды талдау кәсіпорынның ішкі талдауының құрамдас бөлігі болып табылады. Бухгалтерлік есеп беруде негізделген қаржылық жағдайды талдау сыртқы талдау сипатына ие болады. Яғни бұл, қәсіпорынның қызметі туралы ақпараттардың шектеулі бөлігінен тұратын есеп мәліметтері негізінде осы кәсіпорынның мүдделі контрагенттерінің – меншік иесі немесе мемлекеттік органдардың берілген кәсіпорынның шегінде жүргізетін талдауы. Қаржылық жағдайды ішкі талдау әдістемесі әрбір кәсіпорын үшін тек потенциалды бәсекелестерін бағалау мақсатында ғана емес,сонымен қатар қаржылық есепті сыртқы пайдаланушылардың көзқарасы тұрғысынан алғандағы өзін- өзі бағалау үшін де қажет.
Талдаудың маңызды рөлі болып әрекет нәтижесін жоспарлау және болжау үшін қажетті ақпараттарды дайындау, құрылған жоспардардың орындалуын бақылау, алынған нәтижені зерттеп резервтерді анықтау және ғылыми техникалық прогрестерді қолдану негізінде бәсекелестік ортада әрекетін жалғастыру.
Зерттеу обьектісі – болып кәсіпорынның шаруашылық әрекетінің нәтижелері саналады.
Зерттеу пәні- субьектілердің әрекет нәтижесін қалыптастыратын құбылыстар мен процестер саналады. Кәсіпорынды басқаруға және оның нәтижесін зерттеуде келесі принциптер қадағалану керек:
1.Талдау ғылыми сипатта болуы керек.
2. Талдау комплекстік сипатта болуы керек.
3. Талдау жүргізу кезінде обьектілер жүйелі түрде зерттелуі керек.
4. Талдау обьективті, нақты және дұрыс болуы керек.
5. Талдау жоспар бойынша жүйелі түрде жүргізілуі керек.
6. Талдау оперативті болуы керек.
7. Талдаудың негізгі принципі – демократизм
8. Талдау мемлекеттік бағытпен жүргізіледі.
9. Талдау тиімді болуы керек.
10.Талдау әрекеттік сипатта болуы керек, яғни өндіріс және оның нәтижесіне әсерін тигізуі керек.
Талдаудың негізгі міндеттері:
- Экономикалық заңдылықтарды, тенденцияларды, тәртіптерді кәсіпорынның әрекетіне сәйкес зерттеу.
- Жоспардың, болжаудың, басшылық шешімдердің орындалуын бақылау.
- Обьективті және субьективті, ішкі және сыртқы фактілердің шаруашылық әрекет нәтижесіне әсерін зерттеу.
- Өндіріс тиімділігін жетілдіру үшін ғылыми және практикалық тәжірибиелерді қолданып резервтерді анықтау.
- Басқару механизмінде қаржылық және операциялық тәуекелдер деңгейін бағалау.
- Жоспарларды орындау бойынша кәсіпорын әрекеті нәтижесін бағалау.
- Жетіспеушіліктерді және кәсіпорынның нашар жағдайын болдырмау бойынша басшылық шешімінің проектісін өңдеу.
Экономикалық құбылыстарды және процестерді тану үшін арнайы зерттеулер жүргізіледі. Зерттеу - материалдық өндірісте адамның мақсатты қызметін тиімді ұйымдастыру мақсатында құбылыстарды және процестерді белгілі әдістер арқылы зерттеу.
Экономикағы зерттеу әдістері:
1.Экономикалық-статистикалық әдіс - массалық экономикалық құбылыстарды зерттеу үшін қолданылады. Бұл әдіс белгілі қорытындыларды жасауға мүмкіндік беретін қажетті материалдарды жинауға және пайдалануды көздейді.
2.Монографиялық әдіс - бұл әдістің мәні зерттелетін мәселе бойынша белгілі қорытынды жасау үшін озық кәсіпорынның тәжірибесін терең зерттеуді көздейді.
...