Адвокатура
Автор: nurbol_kz7 • Сентябрь 21, 2021 • Лекция • 28,157 Слов (113 Страниц) • 379 Просмотры
+++ Адвокатура пәні бойынша лекция
ТАҚЫРЫП № 1. АДВОКАТУРАНЫҢ ДАМУЫ МЕН ҚҰРЫЛУЫ.
§ 1. Адвокатураның ұғымы, оның міндеттері мен маңызы және мақсаты
Дамудың демократиялық қағидаларын қамтамасыз етуде адвокатураның алатын орны ерекше. Ол ең алдымен қоғамның әртүрлі салаларында жиі-жиі кездесіп тұратын заңсыздықтарды болдырмау үшін күреседі. Ал қазіргідей өтпелі кезеңде, орын алып отырған келеңсіздіктермен қатар күні кеше ауылшаруашылығында жүргізілген жекешелендіру барысында туындаған проблемалар және әртүрлі жеке фирмалар мен ЖШС-тер өмір сүріп жатқан қазіргі кезеңде орын алып жатқан заңсыздықтардан аяқ алып жүре алмайсың. Сонымен қоса тергеу, тексеру, жауап алу барысында құқық қорғау орындары тарапынан жіберіліп жатқан заңсыздықтар да аз емес.
Соңғы кездері әлеуметтік көмек мәселесі көп проблемаларды туындатып отыр. Көп жағдайларда әлеуметтік көмекті мүшелерінің заң талаптарын жете білмеуі салдарынан кейбір азаматтарға тиесілі әлеуметтік көмек көрсетілмей келеді. Немесе керісінше, алуға тиісті емес азаматтар көмек алып жатады. Әрине, соңғыларына көп жағдайларда қылмыстық іс қозғалатыны да заңды құбылыс. Бірақ, соған тек әлеуметтік көмек алып жүрген адам ғана кінәлі ме? Міне, осындай кездері адвокат қорғаушылардың атқаратын рөлі зор.
Азаматтардың өздерінің сот істерін өздері жеке жүргізуге көптеген жағдайларда мүмкіндіктері бола бермейді. Олар басқа қалада өтетін сот отырысына өздерінің күнделікті шаруасынан қол үзіп барулары керек болады, сондай-ақ ертедегі римдіктердің айтуы бойынша, «өз істерін жеке жүргізу ауруда, жасының келуі де, аяқ астынан жолсапарларда және көптеген басқа себептерде кедергі келтіреді демекші, шын мәнісінде барлық уақытта ойлағанындай, барам деген жеріңе бара алмайсың, айтсам ба деген ойыңды айта алмайсың. Сондықтан кейбір нақты іс-әрекеттерді атқару үшін басқа адамдарға өз атыңнан өкілдік беріп, өз істеріңді атқаруды тапсыру қажеттілігі туындайды яғни соттағы іс-әрекетіңді атқару, соттағы өкілдік дегеніміз – бір тараптың яғни өкілдің екінші тараптың, яғни екінші өкілдік берушінің мүддесін қорғап, іс жүргізуге қатысуы.
Сотта өз істерін табысты жүргізу үшін заңдарды жақсы біліп және сот өндірісінің формальдылығын жете сезініп түсінумен қатар, өз ойын анық бір-бірімен байланыстыра жеткізе білуі керек. Бірақ кез-келген азамат мұндай білімдер мен қасиеттерге ие емес. Осылардың негізінде қажетті заң көмегін алуда сот істерінде тек қана кеңестер беріп қоймай, сот ісін де өзінің сөзімен, сөйлеу өнерімен алып шығатын адамның қажеттігі туады. Сот ісіне қатысып отырған заң көмегін беруші тараптың әрекетіне қосымша оның атынан іс жүргізу құжаттарын толтырып, сот жарыссөзінде азаматтың құқығымен мүддесін қорғап сөйлеуін құқық қорғау деп атайды.
3
Шынында, құқық қорғау соттағы өкілдіктің жеке оқиғасы іспеттес. Бірақ, егер өкіл негізінен өкілдік берушіні толық сотта ауыстырады, ол юрист-консульт, яғни заң кеңесшісі құқық қорғаушы өкіл берушіні ауыстырмай-ақ бірақ оған іс жүргізуде көмектесе отырып, сот өндірісінде жеке маңызды рөлге ие болады. Құқық қорғау қажеттілігі арқасында адвокатура атты кәсіби мамандық пайда болды. Бұл термин «advokatus» атты латын сөзінен шыққан, яғни шақыру деген мағынаны білдірген. Сонымен римдіктер, өздерін сот ісіне ертіп апарып, сот отырысында кеңестер берген достары мен туыстарын осылай атады. Империя кезінде бұл сөз қандай мағынаға ие боса, қазіргі кезде де сондай-ақ көптеген тілдерде де сол кездегі мағынаға ие болған қалпында сақталып қалды. Яғни Адвокат – бұл маман-заңгер және оратор-шешен болсын, кез-келген істе тараптармен бірге болсын, яғни тараптарсыз болсын, олардың ісін жүргізуші, көмектесуші болып табылады.
Адвокаттық қызметпен айналысу үшін заңмен бекітілген қатаң білім мен адалдық бағасы болуы керек. Адвокаттар өздерінің мүшелерінің заң дайындығы мен моральдық қасиеттерінің сай келуін бақылау мақсатында кәсіби корпорацияларға бірікті.
Ежелгі Римнен бері адвокатура тарихында құқық қорғау өз әрекетімен соттағы өкілдікпен тығыз байланысты. Бұл дегеніміз бірден екі жақты жүгінбей, біреуіне яғни істі шынайы жүргізу де толық және бөлінбейтін жауапкершілік алатын жаққа жүгіну тиімділігін көрсетеді.
1864 жылғы сот реформасынан кейін ресейде құқық қорғау мен өкілдік бағыттары бірге бірігіп кеткінімен, адвокаттардың екі түрі болды, олардың бірі корпорацияға біріккен сенімді өкілдер болса, енді бірі соттарда болатын жеке сенімді адамдар. Біріншісі – адвокаттық элита болса, екіншісі одан бір саты төмен болды. Бұлардың бірігу бағыттарының кері әсерлері де жақтары да бар.
...