Эхинококкоз
Автор: Yelarman96 • Март 26, 2018 • Статья • 1,065 Слов (5 Страниц) • 740 Просмотры
E. GRANULOSUS-ТІҢ ПРОТОСКОЛЕКСТЕРІМЕН ЖҰҚТЫРЫЛҒАН ИТТЕРДІҢ ГЕМАТОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ СЕРОЛОГИЯЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕРІНІҢ ДИНАМИКАСЫН ЗЕРТТЕУ.
Мұхитден Г.С., Әкібеков Ө.С., Буянжаргал Е., Темирханов Д.Х.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Астана қ.
Эхинококкоз – бұл антропозоонозды ауру, көбінесе қойларда, ешкілерде, сиырларда, шошқаларда, түйелерде, бұғыларда, жылқыларда және де басқа, паразиттің орталық иелері болып есептелінетін, симптомсыз (белгілері анық білінбейтін) өтетін паразиттік ауру [1].
Эхинококкоздың таралуына келсек, бұл індетті ауру ТМД елдерінің қой шаруашылықтарына кеңінен таралған. Эхинококкоз дүние жүзінің бірнеше аймақтары мен елдерінде жиі таралған. Австрияда, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Америкада, Солтүстік Африкада, МХР, Еуропаның оңтүстігінде. ТМД-ның барлық республикаларында, соның ішінде Қазақстан Республикасында да жиі кездеседі. Тірі кезінде диагноз клиникалық белгілеріне және тері ішіндегі аллергиялық реакцияның нәтижесіне қарай қойылады, өлгеннен кейінгі диагноз эхинококк көпіршіктерінің табылуына байланысты қойылады. Зақымданған органдардың ұлпасы семген және органның өзі күрт үлкейген. Эхинококкозды личинка сатысында емдеу әдістеріәлі табылған жоқ. Эхинококкозбен күресуде ауру таратып жұқтырушыларды — соңғы және аралық тасымал иелерін құртудың зор маңызы бар [2].
Соңғы кезде малдәрігерлік, медициналық байқауларының нәтижесін пайымдап қарағанда бұл ауру кең көлемде таралуы байқалады.
Республика бойынша эхинококкоз қой, түйе малының арасында 40% шамасында тараған болса, кей облыстарда ол 90%-ды көрсетеді. Ал, Атырау облысының көлемінде бұрынғы кезде 1200 мың қой, 27 мың түйе малы болды десек, үкіметіміздің ет жоспарын орындау мақсатында жыл сайын Атырау ет комбинатында мыңдаған мал сойылып, оның ішкі органдарында (өкпе, бауыр т.с.с.) кей жылдары 35%-ына жуығында "бершімек'' сатысындағы эхинококтардың болғандығы анықталған.
Бұл аурудың негізгі таратушысы иттер болса, олардың 12—21%-ы эхинококкоз құртын өз денелерінде өсіріп жетілдіретіндігі жүргізілген кейбір ғылыми ізденістерден белгілі болып отыр. Ондай иттер ауырып жатып қалмайды, не басқа белгі бермейді. Оларды тек нәжісін тексеру арқылы анықтауға болады. Ал, ондай жұмыстар еш жерде жүргізілмейді, бұған қоса ауылдық жерде бір-екі ит ұстамайтын үй жоқтың қасы. Сондықтан жоғарыда айтылғандарды қатаң ескеріп, ауру иттер сырт белгісін бермегендіктен өте қауіпті деу керек [3].
Республика көлемінде 32 жыл аралығында (1964— 1995ж.ж.) бес мыңға тарта адам эхинококкозбен ауырған. Осыншама ауырған адамның 1,8%-ы қаза, 8,7%-ы мүгедек болса, 15,2%-ы қайталап ауырып, емдік операцияны тағы да жасауды душар еткен.
Жалпы ауырған адамдардың 71%-ын ересектер, 29%-ын 3-14 жас аралығындағы балалар құраған. Ал соңғы жылдары 14 адам бас миынан, операциялық әдіспен, эхинококк бершімегін алдырып, ішінара қаза болғандары да болған. Кейінгі кезде бұл ауру адамдар арасында кең көлемде тарау бағытында.
Сондықтан, эхинококкоз ауруынан арылу үшін ауыл-үйдің иттерін алты ай бойы, әр 45 тәулік сайын, емдік әсері жоғары дәрілермен (дронцит, азинокс, бикутин, пиквитон, гидорбунид, феналидон, фенбенат т.с.с.) олардың ішетін тағамдарына араластырып беріп, дәрілеп отыру қажет.
Содан кейін оларды мал дәрігерлік лабораториялық тексеруден өткізіп эхинококктан таза екендігін анықтағаннан соң, оларды жылына төрт рет дәрілеуді ұдайы жүргізіп отыру керек [4].
Республика көлеміндегі ауыл-үйдің иттерінің шамамен 80%-ы 38 түрлі құрттармен залалданған десек, олардың 17-сі эпизоотикалық, 21-і эндемикалық болып саналады. Олардың адамдар арасында өте ауыр, кейбіреулері қазаға ұшырататын ауру туғызатыны да ғылыми дәлелденіп отыр. Оның бірі эхинококкоз ауруы десе де болады.
...