Жазылашак оқу құралдары һәм мектебімiз
Автор: Aida K • Март 12, 2021 • Лекция • 1,114 Слов (5 Страниц) • 498 Просмотры
Мағжан Жұмабаев
ЖАЗЫЛАШАҚ ОҚУ ҚҰРАЛДАРЫ ҺӘМ МЕКТЕБІМІЗ
Қазақстан үкіметінің ағарту комиссары һәм ҚССР госиздаты алдындағы Жазушылар ұйымының 14 январьда болған кеңесінде қазақтың І, ІІ басқыш еңбек мектебіне оқу құралдарын даярлау туралы шығарған қаулыларын газеттерден оқыдық. Сөздің іске асатын кезі келген шығар, іске сәт.
Қаулыда І, ІІ басқыш қазақтың еңбек мектебіне пәлендей құралдар пәлендей уақытта жазылып бітсін деген. Бірақ ол құралдар қандай негізде құрылу керек, қандай түрде болу керек, бұл көрсетілмеген. Көрсетілмеуі: сөз жоқ, қолайсыз. Ағарту комиссариаты ресми бұйрықпен көрсетсе, сөз жоқ, қолайлы болар еді.
Бұл сөздің мәнісі мынау: оқу құралдарының құралатын негізі – мектеп. Оқу құралдардың мінезі – мектеп мінезінің айнасы. Түрлі пәннің (предмет) мектепке қай шамада, қай түрде кіруі де мектептің өзінің қандай негізге құрылуына, қандай мінезді болуына байлаулы нәрсе. Олай болса, жазылашақ біздің оқу құралдарымыздың да мінезі мектебіміздің мінезіне байлаулы болуға тиісті. Ойлауға мүмкін, үстеріне кітап жазу міндеті артылған азаматтардың ішінен көз жұмып, әйтеуір жазылып кітап бола берсін деп іске кіріскендері сықылды, ана «байлаулардың» басыңда басы қаңғырып, дағдарып отырғандары да болар. Осы дағдарыстың болуыңда тамаша жоқ.
Әңгіме былай. Әрбір ел келешегіне негізді балаларын тәрбиелейтін, даярлайтын мектебін де салмақ. Бір елдің тағдыры мектебінің құрылысына байланысқан нәрсе. Бұл – ескірмейтін игі сөз, өзгермейтін бір шындық. Тарихты аз ғана болса да ақтарған кісі мұны біледі. Бисмарк айтса, айтпаса да неміс елінің соңғы біраз заман ішіндегі дәуірлері мектебін құра білуден болған еді.
Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізге құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, сау, берік һәм өз жанымызға (қазақ жанына) қабысатын, үйлесетін негізге құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады. Сондай негізге құра алмасақ, келешегіміз күңгірт.
Қазақ мектебі осы күні үш жолдың әрелігінде тұр. Біреуі – артында. Оны жүріп шықты деуге болады. Екеуі – алдында.
10-15 жыл бұрын біздің мектебіміз сиыр көзді, сәлделі молдасы, былдырлаған балаларды шыңғыртатын көк шыбықтары, бисынба, биясынби, битүрүлері, уал, қадір, кире үшремін, аллатағалалары, тағы толып жатқан бір-деңелерімен тұп-тура өлімнің ұясы еді. Жан, денені бірдей улайтын схоластикалық сасық зынданы еді. Тұрмыс, жаратылыс туралы балаға ешбір білім бермейтіні былай тұрсын, оқу, жазуды да білдіре алмайтын еді.
Соңғы 10 жыл ішінде қазақ оқыған азаматының біраз жандануымен мектебіміз де біраз жандана бастады. Мектеп төрінде тізгінсіз тәңірілік құрған әліпби орнына «ғылым» мол кіріп отырды. Ми шірітуден басқаға жарамайтын мектебіміз хат танытатын мектепке (школа грамоты) айналды. Бұл – мектебіміздің 1917 жылға шейін жүріп шыққан жолы.
1917 жылғы үлкен толқын қалғып отырған қазақ азаматын да қағып оятты. Саясат һәм шаруашылық жағынан елінің қолын жеткіземін деп ұмтылған азамат қазақ мектебін де жаңа жайлы, таза негізге құрмақшы болды. Қала сайын дерлік курстар ашылды. Көздерінде, көкіректерінде ұшқыны бар мұғалімдер шығарылды. Мектеп пен тірі дүние ортасындағы қытай қорғанын бұзып, мектепті білім беріп, тұрмысқа даярлайтын, келешекте ел ісінің иесі болатын азаматтар шығаратын жер жасауға: мектепке тұрмыс һәм жаратылыс ғылымдарын кіргізуге бет алды.
Тіпті құр қампиту емес, 1917, 1918, 1919 жылдар қазақ мектебі үшін күнбатыс Европа мектебіне ояну (ренессанс) дәуірінің істеген қызметін істемек еді. Ояну дәуірінде мектептен схоластика қуылып, мектеп тұрмыс һәм жаратылыстың айнасы болсын деп, Ребле, Муннен, соңғы таман Каменскийлер шықса, өткен 2-3 жылдың ішінде қазақ мектебін жаңа негізге құрмақшы болған азаматымыз да кішкене дүниесінде кішкене Ребле, кішкене Муннен, кішкене Каменскийлер еді.
Бірақ басталған жыр бітпей үзілді. Қолға алынған іс тыянақталмай қалды. Төңкерістен төңкеріс болды. Толқыннан толқын қақты.
...