Туған жер - алтын бесік
Автор: Nabia • Июнь 6, 2018 • Эссе • 2,248 Слов (9 Страниц) • 6,487 Просмотры
Казталовка орта жалпы білім беретін мектебі
«Туған жер – алтын бесігім»
Орындаған: Асылбек Н.А.
10а-сынып оқушысы.
Жетекшісі: Өтегенова Н.Т.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
2017-2018 оқу жылы
Туған жер – алтын бесік
Келер ұрпақ өздеріңе арнадым...
Көп іздендім, өлке өмірін шарладым,
Бабалардың ойлы сөзін қармадым.
Ардақтылар есімдерін ұлықтап,
Келер ұрпақ өздеріңе арнадым.
Қ. Алтыбаев.
Туған жер – адамның ата-бабаларынан бері қарай кіндік қаны тамып, өсіп - өніп келе жатқан жері. Сондықтан адам туған жерін дүниедегі ең қымбатты, ең қасиетті, ең аяулысы – Анасына балайды. Туған жерге қатынас – адамның адамшылығының, ізгілігінің, парасатының көрінісі. Жырларда айтылатын: Атам күйеу болған жер,
Анам келін болған жер,
Кіндік қаным тамған жер, –
деген қарапайым жолдарда адамның туған жеріне деген шексіз сүйіспеншілігі мен терең де ыстық сезімі тамаша бейнеленген. Бұдан, атамекен адамға өмір сүру қуанышын, еркіндік пен ел үшін мақтаныш сезімін сыйлайтынын көреміз. Кіндік қаның тамып, туып-өскен мекеніңді, табаның тиіп тұрған топырақты бәрінен артық көруге хақылысың. Туған жердің бір түйір тасы жаттың ат басындай алтынынан қымбат емес пе?
Дулығалы ата-бабаларымыз кең даласын, асқар тауын, сарқырап аққан көк өзенін қорғап, мақтан еткен, бізге мұраға қалдырған. Қазіргі тарихи шақта, тәуелсіздік кеңістігінде күндей жарқырап отаншылдық рух пен туған жерге деген махаббат сәуле шашып тұруы керек. Әр қазақстандық өз елінің картасына көз салып, байтақ өлкесін, туған жерін мақтан тұтуға тиісті.
Туған жер жайлы жыр да, қара сөзбен жазылған шығармалар да әрбір халықтың әдебиетінде молынан кездеседі. Бұдан біз әр халықтың туған жерін ардақ тұтып, анасындай қастерлейтінін байқағандаймыз.
Барлық халықтарда Туған жер ұғымы бірдей, бірақ жерлес ақынымыз Қадыр ағаның жырлауында ол жаңа қырынан көрініп, сан қырлы қасиетке ие таңғажайып сырсандыққа айналады. Ақын туған жер туралы:
От ішінде,
Өрт ішінде күйгенде,
Басыңды име,
Тізе бүкпе
Именбе!
Ер еңкейсе, еңкейеді!
Жалғыз-ақ
Туған жердің топырағын сүйгенде! – деген тамаша жолдарында адам бойындағы ар-намыс, ерлік, елдік ... ерге тән барлық қасиеттердің Жер ана – Туған жерді сүйгенде ғана еңкеюге болады деген жолдары туған жердің қасиетін түсіндірудегі адам тілінің жеткен Хантәңірі болар. Туған жердің рухын ана тілдің құдіретімен асқақтатқан, бір дастанға бергісіз қайталанбайтын жыр жолдары!
Біздің қазақ халқы да туған жер қадірін жас ұрпақ бойына, санасына бала кезінен-ақ сіңіруге ұмтылатындығын туған жер жайлы мақал-мәтелдерден, аңыз әңгімелерден, батырлар жырынан көреміз. «Ит тойған жеріне, ер – туған жеріне» немесе «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп ерекшелеп көрсетеді.
Бұлардың бәрінен шығатын қорытынды, әркімге туған жері, туған елі қымбат екен. Егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып, ел қорғаған батыр бабаларымыз бен аналарымыздың бізге қалдырған аманатындай туған елімізді қорғау, нығайту – бәрімізге парыз.
...