Essays.club - Получите бесплатные рефераты, курсовые работы и научные статьи
Поиск

Бірінші дүниежүзілік соғыс және жана халыкаралык жуйенi орнату мәселесi

Автор:   •  Февраль 27, 2019  •  Лекция  •  7,399 Слов (30 Страниц)  •  1,070 Просмотры

Страница 1 из 30

БІРІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС ЖӘНЕ ЖАҢА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖҮЙЕНІ ОРНАТУ МӘСЕЛЕСІ

1.1 Соғысушы державалардың әскери мақсаттары

1.2 Ресейдегі Ақпан революциясы. АҚШ-тың соғысқа енуі

1.3 Ресейдегі Қазан революциясы. Большевиктік үкіметтің алғашқы сыртқы саяси қадамдары

1.4 Брест-Литовск бейбіт келіссөздерінің басталуы. Президент В. Вильсонның «14-пункітті» бағдарламасы

1.5 Кеңестік Ресей мен Төрттік одақ державалары арасындағы Брест бейбіт келісімі

1.6 Брест бейбіт келісімінің халықаралық-саяси салдары

1.7 Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы

1.1 Соғысушы державалардың әскери мақсаттары

Бірінші дүниежүзілік соғыс 1815 жылы Венада және 1870-1871 жылдары француз-прусс соғысынан кейін орнаған халықаралық тәртіпті толықтай күйретті. 1914 жылы тамызда Германия, Австрия-Венгрия, Ұлыбритания, Франция және патшалы Ресей секілді ұлы державалар еуропалық және әлемдік ауқымдағы әскери жанжалға килікті. Бұл мейрімсіз жанжалға біртіндеп Еуропаның, Азия мен Американың елдері тартылды. Нәтижесінде соғыстың соңына таман әлемдегі мемлекеттердің басым бөлігі миллиондаған адамдардың өмірін жалмаған ХХ ғасырдағы алғашқы мейрімсіз әрі қанды ғаламдық жанжалдың қатысушыларына айналды.

Соғысты бастаған Германия мен Австрия-Венгрияның жағына Осман империясы мен Болгарияның өтуі нәтижесінде Төрттік одақ құрылды. Олардың қарсыластары, Антанта блогын құраған – Франция, Ұлыбритания мен Ресейге соғыс барысында 24 мемлекет қосылды, солардың ішінде Жапония, Италия, Румыния, Қытай, сонымен қатар латынамерикандық одақтастарымен бірге АҚШ та болды.

Қарсыласушы тараптардың әскери мақсаттары бір-біріне толықтай қарама-қайшы келді. Екі коалицияның державалары да соғысқа дейінгі дәстүрлі күштер тепе-теңдігін өз пайдаларына қарай өзгертуге және маңызды сыртқы саяси міндеттер мен толық үстемдік орнатуға мүмкіндік беретін қолайлы жаңа халықаралық қатынастар жүйесін орнатуға ұмтылды.

Төрттік одақтың жетекшісі Германияның осы бағыттағы жоспары аса ауқымды болды. Антанта державаларын талқандаған соң ол Еуропаның батысы мен шығысын аннексиялау арқылы құрлықтағы өз экономикалық және саяси үстемдігін орнатуды, отарларды қайта бөліске салу арқылы әлемдік гегемонияға қол жеткізуді көздеді. Германияның салыстырмалы түрде осалдау одақтасы Австрия-Венгрия өз алдында айтарлықтай ауқымды стратегиялық жоспарларды жүзеге асыруды қойған жоқ. Ол ең алдымен Балқандағы өз ықпалын нығайту үшін күрес жүргізді. Бұған қоса Австрия-Венгрия өзінің көпұлтты империясының арқы қарай өмір сүруіне айтарлықтай қауіп-қатер төндіріп отырған Сербияны талқандауды, сонымен бірге славян халықтарының ұлттық қозғалысына түбегейлі түрде соққы беруді мақсат етті. Төрттік одақтың қалған екі қатысушысы – Осман империясы мен Болгария өз шекараларын кеңейту мен өз аймақтарындағы позицияларын нығайту үмітімен герман блогына енді. Оның үстіне түріктер Осман империясына түркі тілдес халықтары мекендейтін территориялардың басым бөлігін қосуды және осы арқылы Ұлы Тұран жобасын (пантүрікшілдік) жүзеге асыруды мақсат етті. Болгария 1913 жылы екінші Балқан соғысындағы жеңілісі үшін өш алуға және Балқандағы өзге елдердің территорияларының есебінен Ұлы Болгарияны құруға ұмтылды.

Өз кезегінде Антанта державалары – Ұлыбритания, Франция және Ресей тек герман гегемониясы қауіпіне қарсы және халықаралық сахнадағы өздерінің жетекші позицияларын сақтап қалу үшін ғана күрес жүргізумен шектеліп қойған жоқ. Германия мен оның одақтастарын тізе бүктіру олардың құдіреттіліктерін арттыруға, иеліктерінің жаңа территориялар есебінен кеңеюіне алып келуі тиіс еді. Төрттік одаққа қарағанда Антантада нақты жетекші держава болған жоқ. Оны тек герман қауіп-қатері нәтижесінде өзара біріккен салыстырмалы түрде күштері бірдей үш держава құрады. Олардың соғыстан кейінгі жаңа халықаралық тәртіптің кескін-келбеті мен жаңа халықаралық қатынастар жүйесіндегі өз орындарына байланысты көзқарастары бір жерден шықпады.

...

Скачать:   txt (113.7 Kb)   pdf (296 Kb)   docx (32.8 Kb)  
Продолжить читать еще 29 страниц(ы) »
Доступно только на Essays.club