Essays.club - Получите бесплатные рефераты, курсовые работы и научные статьи
Поиск

Алаш Идеясының өзектілігі және XXI ғасырдағы қазақ қоғамында жаңғыртылуы

Автор:   •  Сентябрь 20, 2021  •  Реферат  •  2,080 Слов (9 Страниц)  •  1,170 Просмотры

Страница 1 из 9

«Алаш идеясы» – қазақтың мемлекеттік, елдің ұлттық идеясы. Өйткені Алаш - халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген ұлттық идея. Алаш - ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Алаш - ұлттың аспан асты, жер үстінде өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау харакеті. Зиялылардың Алаш атауын таңдауы да жайдан-жай емес еді. Алаш жаңа елдігіміздің, байырғы аймағымыздың рәмізі еді. ХХ ғасырда қазақтың азаматтық тарихында ең ұлы идея қайсы десек, ол – Алаш идеясы деп жауап беруге болады. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің негізі де осы идеяда жатыр. Алаш идеясы үшін күрескен кезең – 1907 жылдан 1930 жылға дейінгі 30 жылдай уақытты ғана қамтыған. Аз болса да ғасырға тең уақыт. Алаштың серкелері – Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Ғаббасұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы. Алаш зиялыларының алдыңғы толқыны болып есептелетін осынау тұлғалардың әрбірі мемлекет басқаруға қабілетті еді. Қазақ тарихында Алаш арыстарының орны ерекше. Олар Қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін төңкерістік әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі дамытуды, білім алып, көппен терезе теңестіруін көздеді. Ең алдымен, қазақтың өз атамекеніне ие болуын мақсат етті. Сол жолда күресті. Сонымен қатар елге демократия, білім-білік алып келу үдерісінің бастауында тұрғандар да – солар болды. Алаш зиялылары – елшілдік пен Отанға адал қызмет етудің рәмізі. Олар – барды көбейтуші, үзілгенді жалғастырушы, жоқты жасаушы. Алаш қозғалысының тарихи негізі Ресей отаршылдығының қазақ жеріндегі аса асқынған кезеңінен басталды десек те, Алаш идеясы одан әлдеқайда бұрын өмірге келіп, күні бүгінге дейін елім, жерім деп ұлт болашағын ойлаған әрбір қазақ жүрегінің терең түкпірінен орын тепкен. Өйткені Алаш қозғалысы қазақ қауымындағы отаршылдыққа қарсы бағытталған, прогреске ұмтылған жалпыхалықтық демократиялық қозғалыс еді. Қазақ халқының үздік білім алған, кең ойлы патриот саңлақтарының пайда болуымен тұңғыш ұлттық Алаш үкіметі құрылып, қазақтың саяси идеясының негізі қаланды. Алаш қозғалысының лидерлері халықтың өзіндік санасын жоғары көтеріп, ұлттық бостандық идеясын ұсынды, қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғау бойынша бірізді бағыт ұстанды. Алаш жетекшілерінің ұлт-азаттық ұрандары сол дәуірдің оқыған талапты, талантты жастарын баурап алды. Туған халқының халін сезіп, біліп өскен өрелі жас буын өкілдері ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің идеяларын қолдап, солармен бірге қимыл жасады. Қозғалысқа қатысты құжаттардан Алаш қайраткерлерінің оларды іске жұмылдырып, қажет жерінде тиісті тапсырмалар беріп отырғандығын байқауға болады. Алаш қозғалысына қатысқан 17-25 жас аралығындағы жастардың ішінен кейін көптеген мемлекет, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар шыққаны белгілі.

Алаш қозғалысы совет өкіметі тарапынан терістелгенімен, оның идеялары ұлтжанды азаматтардың жүрегі мен санасында өмір сүріп келді. Оның жарқын әрі бұлтартпас мысалы – тәуелсіздіктің қарсаңында Алаш идеясының қайтадан жаңа күшпен жаңғыруы. Тарихтан білетініміздей, 1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында Бірінші жалпықазақ съезі өтті. Осы съезде Алаш партиясының бағдарламасы жарияланды. Ал оның негізгі ұстанымдары: Біріншіден – Ресей демократиялық федеративтік республика болуы керек. Оның құрамындағы әрбір мемлекет тәуелсіз түрде әрекет етеді. Екіншіден – Ресей республикасында тең құқықтық, тұлға, сөз, баспа, ұжымдар ерікті болады. Үшіншіден – дін мемлекеттен бөлінеді. Барлық діндер тең құқылы. Төртіншіден – билік пен сот әр халықтың ерекшеліктеріне сәйкес құрылуы қажет, би мен сот жергілікті халықтың тілін білуі шарт, т.б. Алаш қозғалысының, Алашорда жетекшілерінің аса ірі тарихи еңбегі қазақ жерін сақтап қалуымен байланысты. Осы күнгі Қазақстан Республикасы жерінің тұтастығы мен сақталып қалуында Алаш қайраткерлерінің орасан зор еңбегі бар. Олардың кеңес үкіметінің басшыларымен келіссөздері, әсіресе Ахмет Байтұрсынұлының осы бағыттағы қажырлы еңбегі кейін, Қазақ автономиялық советтік социалистік республикасын құру кезінде осы автономияның аумағын белгілеуде шешуші маңызға ие болған. Қозғалыс көшбасшысы Ахмет Байтұрсынов: «басқалардан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек! Бай болуға – кәсіп керек! Күшті болуға – бірлік керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!» деген еді. Әлихан Бөкейхановтың жобасы бойынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып, киілуі керек. Яғни мемлекет толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізілуі тиіс болған. Алаш алыптарының бірі Міржақып Дулатов «Оян, қазақ» деп жар салса,  Алаштың тағы бір қайраткері Халел Досмұхамедов «Өз тілін өзі білмеген ел – ел бола алмайды. Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт» депті. Уақытынан оза туған Алаш қайраткерлерінің идеялық мұрасын терең зерттеп, бүгінгі күннің қажетіне жаратып, олардың ісін жалғастырған абзал. «Алаш» партиясының, Алашорда үкіметінің құрылуы мемлекет үшін қажетті саяси, әлеуметтік, экономикалық және құқықтық атрибуттарды қалыптастыруды қажет етті. Алаш қайраткерлері бұл салада да өнімді еңбек етті. Олардың қазақ ұлтын ұйыстырудағы, оятудағы бірнеше жылдық пәрменді әрекеттерінде жоғарыда аталған қажеттіліктер көрініп жатты. Мемлекеттің іргесін қалау мәселелері жазған еңбектері мен атқарған істерінен айқын аңғарылып жатты. Алаш қайраткерлерінің облыстық, уездік съездер мен комитеттерді, жалпықазақ съездерін ұйымдастыруы, сол тұстағы Уақытша үкіметпен келіссөздері, бағдарлама дайындауы, қаулы-қарарлар қабылдауы – олардың қаншалықты дәрежеде саяси өте сауатты қайраткерлер болғандықтарын көрсетеді. Алаштықтар Қазақстанның сол тұстағы шаруашылық жайын саралай отырып, соған орай экономикалық дамудың бірқатар жолдарын да мегзеді. Бір қызығы, сол кезеңде олар Қазақстанның астанасы жөнінде де орынды мәселе көтерді. Айталық, 1905 жылғы Мұхаметжан Тынышбаев пен Халел Досмұхамедовтер «Ақмоланы астана жасаймыз» деген идея көтерді. Сонымен қатар олар 1917 жылы Семейді «Алаш астанасы» деп жариялап, оған «Алаш» деген атау берді. «Алаш» партиясының бағдарламасында көрсетілген ел басқару жүйесі, жастардың білім алуы, ұрпақ тәрбиесі, ұлттар теңдігі, азаматтардың құқы мен бостандығы жөніндегі ұстанымдар тәуелсіз қазақ мемлекетінің саясатымен сабақтас жатыр. Сол себепті Алаш көсемдерінің өмірінен өнеге, тірлігінен тағылым алып, Алаш мұратын ұлт мұраты ретінде тануымыз керек. Алаш идеясы – ұрпақтың бойына отаншылдық пен мемлекетшілдік идеясын сіңірудің басты құралы болуы керек. Алаш партиясының бағдарламасы бойынша «Үкімет басында Құрылтай жиналысы, оның арасында Құрылтай жиналысы мен Мемлекеттік Дума белгілі мерзімге сайлаған президент тұрады» делінген. Алаш зиялылары Құрылтай жиналысы немесе бүкіл халық сайлап қойған өкілдер жиналысы мемлекет басында тұрады деп есептеді. Бұл идеяның «негізі, халық мемлекеттегі ең жоғары күш, биліктің нағыз қайнар көзі» деген мәні бар. Сондықтан да Құрылтай жиналысы тұрақты орган емес, ол мезгіл-мезгіл сессия түрінде жұмыс жасайды. Себебі оның сессиялары арасында билік тұрақты орган Президенттің қол астында болады. ХХ ғасырдың басында Президенттік басқарудағы мемлекеттердің әлемде санаулы болғандығын ескерсек, Алаш зиялыларының мемлекет басқару ісінде қаншама озық ойлы, тұрпатты, құқықтық мемлекет құрудың алғышарттарын жасағандықтарына көзіміз жетеді. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тетіктер өркениетті елдердің озық тәжірибелерін пайдалана отырып, өтпелі кезеңнің ерекшеліктері мен саяси, ұлттық жағдайларға байланысты қалыптасып құрылды. Осыған қарай мемлекеттік тетіктің құрамында Президент ерекше орын алды. 1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан халқы Тұңғыш Президентін сайлады. Осыдан келіп қарасақ, Алаш қайраткерлерінің «мемлекеттің басшысы Президент» деп тұжырымдауын өмірдің өзі дәлелдеді. Осыдан ғасырға жуық уақыт бұрын Алаш қайраткерлерінің Қазақ автономиясын құрып, тәуелсіз мемлекет идеясын туғызған өршіл рухын еліміздің көк туын желбіретуші Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев одан әрі жүзеге асырып отыр деуімізге толық негіз бар. Алаш арыстарының Лениннің өзіне қол қойдырып, бекіттірген құжаты болғанын білесіздер. Ол: «Алаш арыстары «биыл Қазақстанның мемлекеттік шекарасы бекітілді. Автономиялы мемлекет болып жарияланады. Одақтас республикалардың кез келгені қалаған уақытында мемлекет ретінде бөлініп кетуге құқылы» деп Ленинге қол қойғызған. Осы идеяны орыс, украин, беларусь секілді мемлекеттер қолдаған. Сол статьяны пайдалана отырып, біз 1991 жылы тәуелсіздік алдық. Бұл аталғандар қазақ елінің азаттығын аңсаған Алаш ардақтыларының қызметінен бірер мысалдары ғана. Алаш зиялыларының қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» дейді. Қазақтың елдігі мен тұтастығын аңсаған Алаш қайраткерлерінің идеясы бүгінде іске асты. ХХ ғасырдың 90-ыншы жылдарының басында тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасы қаланды. Олардың еліміздің тәуелсіздігін ту етіп, ХХ ғасырда Қазақ елін өз алдына дербес те егемен мемлекет ретінде көргісі келген ізгі де жасампаз ниеттері тек ХХ ғасырдың соңында ғана жүзеге асты. Бүгінде  халқымыздың қажырлы еңбегінің арқасында әлеуметтік әл-ауқатымыз артып, инновациялық даму жолына түстік. Ұлт болып ұйысып алдымызға қойған мақсаттарға жетуде қастерлі тәуелсіздіктің құны жолындағы құрбандарын ұмытпай, оларды үлгі ету арқылы күш-қайратқа және рухани бірлікке ие бола аламыз. Алаш ардақтыларының аманатын ұлықтау мақсатында жұдырықтай жұмылып, түрлі маңызды іс-шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Әрбір ұрпақ қай заманда да өмірді жаңадан бастап кете алмайды, ол өзінен бұрынғыдан қалған мұраның иесі, өзінің тәрбиесімен, қалыптасқан мәдениет, дәстүр, ойлау деңгейімен оған тәуелді. Заманында бар қазақтың қамқорына, сүйенішіне айналған «Алаш» партиясының саяси тұжырымдамасына, алашордашылардың саяси өмір жолы мен қызметіне қарап отырып, сол дәуірдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелердің бүгінгі таңда да өзектілігін жоймағанын байқайсыз. Қазақ халқының азат ел ретіндегі тағдыры, тарихы, мемлекеттік дербестігі, жері мен шекарасы, тілі мен діні туралы мәселелер арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, күн тәртібінен түскен жоқ. Алаш арыстарының өмір жолы, өмірбаянын, күрес жолын көрсетудегі басты мақсатымыз – 20 жылда мемлекеттіліктің негізін қаладық. Ендігі мақсат – мемлекетшілдікті, азаматтық сана сезімді орнату. Осы Алаш арыстарының қызметі соған үлгі, соған негіз болады деп ойлаймыз. Бүгінде Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы «Алаш» қозғалысының ізбасары болып отыр. Бұл туралы 2011 жылдың 2 шілдесінде «Ақ жол» партиясының жаңа көшбасшысы болып сайланған Азат Перуашев «Ақ жол» ҚДП VІІІ съезінде «Ақ жол» партиясы кешегі «Алаш» партиясының рухани ізбасары ретінде Қазақ елі тәуелсіздігін ту етіп көтерген партия. Қазақтың бостандығы үшін күрескен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты ұлы тұлғалар бастаған ізгі жолды жалғастырып отырған партия. Менің ойымша, «Ақ жол» партиясы қазақтың ХХІ ғасырдағы «Алаш» партиясы болуы тиіс. Кім не десе, о десін, Алашорда тарихы – азат елдің өткен тарихы. Мұны естен шығармауға тиіспіз» деді. «Алаш» партиясы рухына, әлемдік тәжірибеге, Қазақстан Республикасының Конституциясына,  сүйенген ақжолдықтар ұлт саясаты тұжырымдамасын дайындады. Ол қазақ және орыс тілдерінде дайындалып, «Ақ жолдың» басқару органдары мақұлдап, тұсаукесері өткізілді, баспасөзде жарияланды, елге таралды. Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжіліс сайлауынан кейін «Ақ жол» партиясының мәртебесі өзгерді: партия Парламентке өтіп, 8-орын алды. Содан Парламент мінберінен де Алаш идеясын қолдайтын мүмкіндік туды. Алаш идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да басты идеяларының бірі болуы тиіс. Осыған орай, ақжолдық депутат Нұрлан Жазылбеков Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Серік Ахметовке депутаттық сауал жолдады. «Биылғы желтоқсанда Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылғанына 95 жыл толады. Ал Алаш идеясын жаңғырту – «Ақ жол» партиясының басты бағыттарының бірі болып келеді. Өйткені Алаш арманы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан! Ендеше, біз, әрбір азамат осы жүз жыл бұрынғы ұлттық ұлы идеялардың бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да негізі ретінде берік орнығуына мүдделі болуға тиіспіз. Өйткені Алаш идеясы – ұлттық идеология! Ол отаншылдыққа, мемлекетшілдікке, бірлікке үндейді. Ендеше, біз бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұрған, елімізді алғаш ұлттық санаға көтерген Алаш арыстарын ардақтауды неге кешіктірудеміз. Алдағы Алаштың 95 жылдығын Үкіметіміз қалай атап өткелі отырғаны туралы хабарлауыңызды сұраймыз» деген хат соңына «Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясының депутаттары түгелдей қол қойдық. Сонымен қатар Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының Мәжілістегі депутаттық фракциясы қоғамдық ұйымдар өкілдерімен кездесу өткізді. Онда «Алаш» мұрасын, қазақ халқының тағдыры мен тарихын, ұлттық мүддесі мен ұлттық құндылықтарын, тілі мен ділін сақтап, жаңғыртып, дамыту жайы кеңінен талқыланды. Мемлекет, қоғам алдында тұрған өзекті мәселелерді бірлесіп шешудің жолдары қарастырылды. Бұл кездесу «Ақ жол» партиясы мен ұлттық-патриоттық күштер арасында орнаған қарым-қатынастың, ынтымақтастықтың заңды жалғасындай болды. Оған қатысушылар «Ақ жол» партиясының мемлекетшіл, ұлтжанды бастамаларына әрдайым қолдау білдіретіндерін жеткізді. 2017 жылы Алашорданың 100 жылдығына дейін бұқараға да, билікке де Алашорданы Алаш арыстары аруағына лайық абыройлы да көлемді, мағыналы да тәрбиелі ұлықтау қажет екенін ұғындыра беруіміз керек. Ол үшін нақты қадамның бірі ретінде «ақжолдықтар» жыл сайын 13 желтоқсанда Алашорда күніне арналған ірі ағарту шараларын республиканың барлық аймақтарында өткізетін болады. Сол арқылы қоғамдық санада «Алашорда күнін» қалыптастыруға тырысады. Болашақта бұл күнді қазақ тарихындағы ұлы оқиға ретінде – ресми түрде аталып өтетін датаға айналдыру қажет. «Ақ жол» партиясы оқта-текте айтылып жүрген Астанада «Алашорда» аллеясын ашып, онда Алаш қайраткерлерінің ескерткіштерін орнату мәселесінің түбегейлі шешім табуының  жолдарын да қарастырады. Тұтастай алғанда, «Ақ жолды» халық үшін атқарып жатқан, алда атқаратын іргелі істерінде Алаш арыстарының мұқалмас рухы жігерлендіріп, жаңа жетістіктерге жетелей беретініне сенімдіміз. Алаш жеке ұйымның немесе жеке партияның ғана меншігі емес, Алаш – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұрған алғашқы толыққанды үкімет пен саяси партия. Ең алдымен мектеп оқулықтарында жеткілікті көлем берілуі керек. Елімізде Алаштың ескерткіштері орнатылуы тиіс. Кітаптар мен фильмдер көптеп шығарылып, мектептерді қамтамасыз етуі керек. Жоғары оқу орындарында Алаш идеясын оқыту жүйеге айналуы керек. Алаш оқулары жолға қойылып, еліміз бойынша қанат жаюы тиіс. Алаштың ордасы болып, Алашқала аталған қазіргі Семейдегі Ертіс өзенінің сол жағалауындағы Алашорда үкіметі мен Алаш партиясы тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылып, ол үйді мұражайға айналдыру кезек күттірмейтін мәні зор мәселе. Қорыта айтқанда, Алаш идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да басты идеяларының бірі болуы тиіс. Ал бүкіл қазақ даласын осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын Алаш рухына бөлеген ұлы қазақтар аманатының жөні бөлек. Біздің ата рухы алдындағы адалдығымыз бен перзенттік парызымыз Алаштың аманатын санамызға сіңіру, соған лайық еңбек ету, өткенге құрмет көрсету. Ал құрметтің негізгісі – Алаш идеясын ұрпақ бойына сіңіру. Алаш идеясы – ұлтты біріктіруші, тұтастырушы идея ретінде қашан да қазақпен бірге жасайды. Алаштың жолы, Алаш кайраткерлері қалыптастырған ұлттық санамызды жаңғырту сапары – бүгінгі тәуелсіздігімізді тұғырлы етер берік ұстындардың бірегейі болатынын естен шығармағанымыз абзал. Алаш идеясы – қазақ идеясы. Демек, «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш» дейтін біз үшін ол әрқашан қазақ идеологиясының темірқазығы болып келді, бола береді де.

...

Скачать:   txt (29.3 Kb)   pdf (48 Kb)   docx (142 Kb)  
Продолжить читать еще 8 страниц(ы) »
Доступно только на Essays.club